Kyzylorda-news.kz Отбасылық еңбек династиясы әрқашан дәстүр сабақтастығын сақтаудың бейнесі, таңдаған мамандыққа және өмір жолына құрметпен қараудың үлгісі болып табылады. Кез келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады. Өйткені ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Жалағаш ауданында да, әсіресе ішкі істер органдарында еңбек ететін үлгілі полиция династиясы аз емес. 

Полиция күні жалағаштық Ахметқалиевтер үшін отбасылық мерекеге айналған. Өйткені саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған олар – бүгінде мәуелі бәйтерек. Ұрпақтары ата жолын қуып, қазіргі таңда ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. 

Берік Ахметқалиев 2009 жылдан бастап Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қабылданып, әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарған. Саладағы ұзақ жылдық еңбегі үшін Милицияның үздік төсбелгісімен, ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, сонымен бірге басқа да алғыс хаттармен марапатталған. 15 жылдық адал қызметі нәтижесінде «майор» шенімен зейнеткерлікке шығып, қазір өзінің бала кездегі арманы болған мал шаруашылығымен айналысуда. 

– Шыны керек, отбасымның қолдауының арқасында маған бұл жауапты қызметті алып жүру қиынға соқпады. Көп жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеп, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек еттік. Қазір ұлымның да осы салада адал еңбек етіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Жалпы, полиция болу – форманы киіп алып, қызметте есіркеп, бос жүру емес, ең бастысы, елге адал қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару маңызды. Полиция жұрттың, елдің жақсы қасиеттерімен есінде қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түседі. Жалпы біз халықпен тығыз байланыста болғандықтан кез келген типтегі адамдарды жолықтырамыз. Оның көбісі – ашулы, ызалы түрде келетін жәбірленушілер. Сол кезде олармен жылы сөйлесіп, көңілін табу керек. Себебі бұл қызметке келгенде басынан-ақ сондай ант қабылдағанбыз. Бүгінде қылмыстың түр-түрін естіп жатырмыз. Иә, бұл бүгінгі қоғамның басты мәселесі болып отыр. Сондықтан қазіргі жастардың істеп жатқан жұмысы білімділікті, терең теория мен практиканы ұштастырып жұмыс жасауды талап етеді. Полиция қызметкеріне білім де, білік те, білек те керек, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, зейнеткер Берік Тұқымбайұлының ұлы, полиция аға лейтенанты Азамат Тұқымбай да қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде тылдық қамтамасыз ету тобында абыройлы қызмет атқаруда. Салаға келгеніне 7 ай ғана болса да әріптестері Азаматты мақтан тұтады, еңбекқорлығын, сауаттылығын, жауапкершілігін ерекше бағалайды. Полиция аға лейтенанты ортаға, тәртіпке тез үйренісіп кетуін әкесінің берген тәлімі мен бір жыл бойы Ұлттық Ұланда аға мерген қызметінде жүргенімен байланыстырады. 

Азамат – қазір әке жолын жалғап келе жатқан қызметкер ғана емес, спортта да ойып тұрып орын алған спорт шебері. Қызығы, әкесі Берік ағай да, Азамат та қоян-қолтық ұрыстан өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған. 

– Бала кезімдегі арманым полиция қызметкері болу еді. Себебі адамдарға қамқор болып, көмектескім келеді. Полицейдің киімін кигенді де ұнататынмын, үйде әкемнің формасына қызыға қарайтынмын. Атам да осы салада абыройлы қызмет атқарған. Тек армандап қоймай, алдыма мақсат қойдым. Міне, шүкір, мектепті, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен тәмамдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызмет атқарудамын. Жалпы, біздің қызмет қауіпті, өйткені сотталушылармен, тәртіп бұзған бұзақылармен жұмыс жасайтын болғандықтан әр күн сайын өмірімізге қауіп төнетіні жасырын емес. Сондықтан жұмыста жауапты болуымыз керек. Бұл орайда әкемді үлгі тұтамын. Бізді қатаң тәртіпке, жауапкершілікке үйреткен. Күнделікті қызметімде әкемнің тәлімін басшылыққа аламын, – дейді Азамат Берікұлы.

Үлгілі полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек.

Тағы да оқыңыз: