Kyzylorda-news.kz Әкенің ұлға беретін тәрбиесін басқа әке, не басқа институт бере алмайтынын қазақ халқы әуелден білген. Әкенің ісі – ұлға өнеге. Сондықтан «Әке көрген – оқ жонар» дейді бабаларымыз. Әкенің қоғамдағы беделін, рөлін арттыру үшін елімізде «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтілуде. Былтыр енгізілген бұл мереке елімізде отбасы құндылықтарын насихаттап, әкелер институтын нығайтуда маңызды қадам болды. 

Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде әкелер күніне орай «Әке – шаңырақ тірегі» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, барша әкелерді мерейлі мерекемен құттықтады.

– Бұл күн – асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ұлағатты мереке. Әке, ата ұғымы біз үшін киелі, қасиетті. Себебі ұрпақ тәрбиесінде де әкенің айырықша орны бар. Бала анасынан мейірім мен махаббатты, жан шуағын алса, ерлік пен батылдық, мәрттік пен азаматтық, жігіттік, намысшылдық сияқты қасиеттерді әкесінен алады. Біз отбасы құндылықтарын сақтаймыз, нығайтамыз десек қоғамдағы әке мен ананың айырықша орнын әрдайым назарда ұстауымыз қажет. Сіздерді алдағы уақытта да ұрпақтарыңызға үлгілі, өнегелі тәрбие беріп, еліміздің жарқын болашағына өз үлесіңізді қосатындарыңызға сенемін. Барлық әкелерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға аманшылық, дендеріңізге саулық тілеймін! Әрдайым парасат биігінде болыңыздар, – деді аудан әкімінің орынбасары. 

Одан әрі салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасының үлгілі тірегі болып жүрген әкелер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында ұл-қыздары биік белестерді бағындырып, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар үлгілі әкелер Әділхан Жалғасбаев, Таңсықбай Зәуребаев, Қасымхан Айдархан, Салам Мажиев, Әділхан Құлтас, Оразбай Оспанов, Қыдырәлі Бекетов, Ербол Әділбеков, Данабек Танибаев, Болат Асқарбаев, Алтынбек Сыдықов мерейлі мерекеде марапат төрінен көрінді.

Мерекелік шарада аудан ардагерлері мен қоғамда өзіндік орны бар үлгілі әкелер отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дамыту бағытында сөз қозғап, мерекелік лебіздерін білдірді. Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: