Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғыртудың негізгі бағыты ретінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу айрықша атап өтілген болатын. Озық технологиялар еліміздің барлық салаларындағы әлеуетті арттыруға жол ашады. Бұл бағытта Сыр өңірінде байыпты бастамалар жүзеге асып келеді. Облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры бойынша БАҚ өкілдері «Aksa Energy» және «Абзал және К» компанияларының жұмысымен танысты.
Өңірге тартылған ең ірі инвестиция ретінде қазір қуаттылығы 240 МВт және жылу энергиясын өндіру көлемі 277 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғысында (БГҚ) іске қосу-реттеу жұмыстарының белсенді кезеңі жүргізілуде. Түркиялық «Aksa Energy» компаниясының тікелей жеке инвестициясы есебінен жүзеге асып жатқан жоба аймақтың электр және жылу энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге бағытталған.
Қазіргі уақытта екі газ турбиналы қондырғы тәулік бойы жұмыс істеп, біртұтас энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп отыр. Ол еліміздің оңтүстік аймағы үшін қосымша генерацияны қамтамасыз етуге жол ашты. Жақын арада тағы бір бу турбинасын пайдалануға беру жоспарланған, бұл станцияны жобалық көрсеткіштерге шығаруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі уақытта екі газ турбиналық қондырғы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, бірыңғай энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп, елдің оңтүстік аймағын қосымша электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, қуаты 95 МВт болатын тағы бір қондырғыны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі кезде пуско-наладтық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ мекемеде 400 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі осы елдің азаматтары. Көне станция мен жаңа орталықтың айырмашылықтарына тоқталар болсақ, қазіргі станция толықтай компьютерлендірілген жүйе арқылы жұмыс істейді, яғни барлық процесті бір компьютердің көмегімен басқаруға болады. Жоба аясында АҚШ, Италия, Чехия және Түркияның озық цифрлық және автоматтандырылған технологиялары енгізіліп, өндірістік процестер толық цифрлық бақылауға алынған, – дейді «AKSA Energy» компаниясы директорының көмекшісі Камал Мададов.
Энергетика саласындағы осындай ірі жобалармен қатар, өңірде агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды дамып келеді. Оның айқын мысалы – «Абзал и К» компаниясының жаңа күріш өңдеу зауыты.
Бұл жоба цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізудің нақты нәтижесін көрсетеді. Мемлекет басшысының экономиканы жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, кәсіпорын толық автоматтандырылған өндіріс жүйесіне көшкен. Соның арқасында өндіріс тиімділігі артып, өнім сапасы жаңа деңгейге көтерілді.
Өткен жылы аймақ басшысының бизнес өкілдерімен бірлесіп Қытайға жасаған іссапары нәтижесінде компания қытайлық серіктеспен келіссөздер жүргізіп, құны 1 млрд теңгені құрайтын күріш өңдеу зауытын іске қосты. Нәтижесінде өндірістік қуаттылық 2,5 есеге ұлғайып, күрішті өңдеу барысында пайда болатын қалдық көлемі 3–4 пайызға дейін қысқарды. Зауыт сағатына 12 тонна күріш өңдейді және толық цифрлық басқару жүйесі мен қалдықсыз технологияға негізделген.

Сонымен қатар, кәсіпорын күн электр станциясы арқылы энергиямен қамтамасыз етіліп, «Green Rice Complex» жобасын іске асыруда. Заманауи зертхана күріш сапасын 60 секунд ішінде автоматты түрде анықтап, ақаулы және сынған дәндерді дәл айқындайды.
– Серіктестік өз өнімдерін экспортқа және еліміздің өзге өңірлеріне шығарады. Олардың тарапынан түскен сұранысқа сай жұмыс істейміз. Мәселен, тұтынушылар «Янтарь» және «Лидер» сорттарына қызығушылық танытады. Сондай-ақ біз қазір өнімдерді күнбағыс майымен өңдеуге мән беріп отырмыз. Бұл палау тағамын дайындағанда шашыраңқы болып пісуіне септігін тигізді. Өндіріс орны заманауи талаптарға толықтай сай келеді. Мамандар автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Сондай-ақ компания жаңа сорттарды тәжірибеден өткізіп жатыр, – деді серіктестіктің сауда және логистика жөніндегі орынбасары Айгүл Қосмұратова.
Жалпы, «Абзал и К» компаниясының жаңа өндірістік жобасы – цифрландыру мен инновациялық технологияларды тиімді енгізудің жарқын үлгісі. Бұл өз кезегінде отандық өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
