Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында тұратын, дүйім елдің тілекшісіне, алтынның сынығы, көненің көзіне айналған қазыналы қария Қабақ Смағұлов биыл жүз жастың асқақ асуына аяқ басты.
Қабақ 1923 жылы табиғат жасанып, жасара бастаған көгілдір көктем айында жарық дүние есігін ашқан. Бұл патша өкіметінің уездік басқаруына бағынып қалған жұрттың әлі де Кеңес билігін мойындай қоймаған өліара шағы болатын. Мұның кіндігі кесілгенде шығысқа бет алсаң Шөмішкөлмен, батысқа жол тартсаң Қотанкөлмен ұласатын алаптың орта шеніндегі «Мыңбаймыса» аталатын нұралық қырат төсі қызылды-сарылы жауқазындарға тұнып, жусаны самал желмен желбіреп, айналаның сұлулығы айшықтала түсіпті. Тұңғыш немересін жаялыққа орап, өбектеген Несібелі әжесі «Бауың берік болсын, Алла өмір-жасыңды ұзақ қылсын!» деп тілек тілеген көрінеді.
Бұлардың отбасы малдың жайын жасап, Шәудіркөл мен Обыркөлдің шөптесін қуыс-қолтығын қыстап, бастырманы қоныстанатын. Жаз жайлауда «Мыңбаймысаға» көшіп, қараша үйде жатып-тұратын. Бой түзеп өсе бастағаннан атасы – Жетес пен әжесі – Несібелінің тәрбиесін көріп, мейірім шуағына шомылды. Жетес сол мезгілдегі тұстастарымен салыстырғанда бақуаты бала-шағасын асырауға молынан жететіндей ортаңқол адамдар қатарына жататын. Атасы сиыр, жылқы, түйе, ешкі, қой бағумен бірге «Жолбарысты» алабының жонына тары, бау-бақша егетін. Ол төрт түліктің басын құрап, тұрмысын түзік етуге қажыр-қайраты, еңбекқорлығы арқылы жеткен.
Тіршіліктің сықырлау арбасына мініп, біреуден алда, біреуден кейін бірқалыпты өмір сүрген шаңырақтың желбауын тағдырдың кесірлі желі шайқалтып аяқ асты алай-дүлей күйге душар еткен. Қатықтай ұйыған отбасының берік діңгегі, бала-шағасының ақылшысы – Жетес ата халық жауы ретінде ұсталып, Қазалының түрмесіне қамалады. Көп кідірмей абзал да жайсаң боздақтың атылып кеткендігі жөнінде ауыл арасында желдей ескен суық хабар тарады. Алпыс үш жасты толтырып, алпыс төртке қараған Жетес Мыңжасарұлы 1930 жылғы асыра сілтеушіліктегі ешнәрсені елеп-екшеуді ескере бермейтін, сұрқия саясаттың құрбанына айналып кете барады.
Қабақ алғашында бұрынғы имандылық үйі жабылысымен мектепке бейімделгендіктен «Аманбай ахун» мешітінде латынша хат таныды. Аз-маз Қазалы қаласында, есейе келе колхоз орталығындағы жаңадан бой көтерген білім ордасында білім алған. Бірінші рет қолға қалам ұстауды Маханбет Қылышбаев үйретсе, бұдан бөлек Жәркен Бөлекбаев, Бердікен Мергенбаев, Бейбіт Дәріқұлов, Кенжалы Айманов тәрізді мұғалімдердің дәрісін де тыңдап, бойына білім мен тәлім-тәрбие нәрін жинақтады.
1940 жылғы желтоқсан айының басында әкесі Смағұл шұғыл түрде Ресейдің Магнитогорск қаласындағы еңбек майданына шақырылады. Барған бойда қалың орман ішіне жеткізіліп, ағаш дайындау ісіне кіріседі.Сөйтіп жүргенінде 1943 жылы неміс-фашист басқыншыларымен арадағы соғысқа алынады.
Қабаққа он тоғыз жасты енді толтырғанында ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қысталаң күндердің бұлжымас талабына байланысты қан майдан төсіндегі сарбаздар қатарын толықтыруға шақырту қағазы келген. 1942 жылдың қаһарлы қысы аяқталып, көктем шыға бере Қабақ та басқа құрдастарымен бірге аудандық комиссариат жанындағы комиссиясының бақылауынан сұрыпталып, әскерге алынатындар сапына қосылды 1942 жылдың желтоқсан айында қолбасшы Рокоссовский басқарған екпінді армия құрамында неміс-фашистеріне қарсы ұйымдастырылған шабуылға қатысқан. Төңірек түгелдей от-жалынға оранған, біреуді біреу танып білмейді. Көп шығынға орын берілді. Қаруластарының көпшілігіне оқ тиіп жараланса, бірқатары ажал құшып, қатарлары азайды. Сөйтсе де немістердің беті қайтарылып, шегінуге мәжбүрленді. Жан беріп, жан алысқан дүлей шайқас барысында Тула қаласы азат етілді. Станокты пулеметтің көздеушілігін шебер меңгерген қатардағы жауынгер Қабақ Смағұловтың осы ұрыс үстіндегі көрсеткен батыл қимылы ескерілді. Жоғарғы басшылықтың ұсынысымен «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағып, марапат мінбері төрінен көрінген.
1943 жылдың түкірігің жерге түспейтін қақаған қысындағы Орел қаласын жау құрсауынан босату үстіндегі қақтығыс та оңайға соқпады. Мықтап бекініс жасап алған қарсы жақ әбден қасарысып бақты. Алғы шептегі немістерді меншігіндегі оқатарларының қарауылына алып, міз бақпай бақылағандарына ұзақ уақыт өткен. Бір сәтте атуға команда берілгесін қарап қалмай пулемет тетігін іске қосқан. Жанындағы орыс жігіті бұған алдыңғы жақты нұсқап: «Әнебір жүрген не нәрсе, қарашы!» – деді таң-тамаша қалып. Айтылған тұсқа мойнына асынған дүрбісімен көз тоқтата үңілген. Белгісіз зат орнында тұрмай, секектеп барып жығылды. Абайлап қайтадан қарағанында адамның қолы екенін білді. Сөйтсе жаңағы секіріп жүрген, үсті-үстіне төпеленген оқпен жұлынып түскен неміс жауынгерінің қолы болып шықты. Бойындағы қан тиылғанда ғана жерге құлаған сияқты. Бұндай үрей тудырарлық оқиғалар майдан даласында жиі-жиі кездесетін.Ақшұнақ аязымен қарыған ақпан айындағы орын алған жойқын соғыс үстінде Қабақ ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылады. Оның кескілескен шайқас кезіндегі ерлігі бағаланып, «Ерлігі үшін» медалі берілген.
1943 жылдың қарашасында Қабақтың арнаулы медициналық-сараптамалық комиссияның бекіткен ұйғарымы арқылы соғысқа жарамсыздығы анықталды. Алтын бесік – туған өңірдің жазиралы төсіне оралғанда жер анаға балаша аунап, топырағын құшырлана иіскеді. Отан қорғау жорығынан оралғасын Жаңабасшылық,Октябрь колхозында есепші, кітапханашылықты атқарып, №24 мектепте, аудандық оқу бөлімінде, фансиондық интернатта, мал сою пунктінде есепшілік қызметін жалғастырды.
1969 жылдың көгілдір көктемінде Майдакөл ауылдық Кеңес атқару комитеті жанындағы орталықтандырылған бухгалтер аппаратына бас есепшілікке ауысқан. Арасында жаңадан ұйымдасқан Жаңақұрылыс ауылдық Кеңесінің де есепшілігін атқарды. Содан тапжылмай он алты жыл бойы ілкімді істің иінін қандырып, есеп-қисап саласының білгір де білікті майталманына айналған. 1985 жылы зейнеткерлік демалысына шықты.
Қабақ ауылдық Кеңес жүйесінде жүргенінде Күләш Айдарова, Қали Мәкенов, Елшекен Қуанышбаев сияқты төрағалармен бірге ортақ ұжымның ауасын жұтып, тыныс-тіршілігін күйттеп, мерейлі міндеттерді алға сүйреді. Тәжікен Қартақов, Сақыбай Нармағанбетов, Нұрмахан Айтжанов, Құлмырза Тілеуов тәрізді совхоз директорларымен қатыстары інілі-ағалық ізет-құрметтен айнымаған.
Қос ғасырдың куәгері атанған соғыс және еңбек ардагері Қабақ Смағұловтың кеудесінде соғыстағы ерлігі үшін берілген «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен бірге «Социалистік жарыстың екпіндісі» төсбелгісі, II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Еңбек ардагері», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Маршал Г.К.Жуков атындағы» және де Ұлы Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медальдары жарқырайды. Қабақ отбасында Құдай қосқан қосағы Гүлжан екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Барлығы да өмірден өз жолдарын тауып ата-аналарының үмітін ақтауда. Өкініштісі, Гүлжан апа 2020 жылдың шілдесінде 91 жасқа қарағанында дүние салды.
Абыздық жасқа жетіп, ғасыр жасаған қария мезгілінде ашаршылық, қуғын-сүргін мен сұрапыл соғыс нәубетін, Кеңестік жүйенің жылымық саясатын бастан кешсе, бүгінде ата-бабалардың ғасырлар бойғы аңсаған азаттығының куәгері.7 мамыр-Отан қорғаушылар күні еңбек және соғыс ардагерінің 100 жастық мерейтойына арналған «Ғасыр жасаған майдангер» атты шара өткізілді.Онда Қазалы ауданының әкіміМ.Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп,ізгі тілегін білдірді.Тау тұлғалы ардагерге облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтауы мен арнайы сыйлығы-сәйгүлікті тарту етті. Сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаевтың,ҚР Қорғаныс министірі,генерал-полковник Р.Жақсылықовтың,ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Р.Рүстемов, А.Әлназарова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары М.Жайымбетов пен М.Ергешбаевтің құттықтауын жеткізді.
Бұдан соң аудан басшысы қарт майдангерге «Қазалы ауданының Құрметті азаматы»атағын табыстап иығына шапан жапты.Жергілікті қаламгер С.Бахиұлы дайындаған «Тамыры терең бәйтерек» атты кітаптың тұсауы кесілді.Сондай ақ салтанатты шарада шахмат пен футболдан спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ат бәйгесі өткізілді. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар тапсырылды.
«Айналайындар, қазір нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған керемет заман. Бүгінгі жас толқынға өсиетім, әрқашан адамгершілік қасиетті биік ұстаңдар, бір-біріңе адал да мейірімді болуға талпыныңдар. Білімділік пен сауаттылыққа ұмтылып, Қазақ елін жер жүзіне танытып, Тәуелсіздік тұғырын нығайта беріңдер!» – дейді абыз ақсақал.