Kyzylorda-news.kz. Өткен жылдан бастап елімізде 10 тамыз “Абай күні” болып бекітілген болатын. Ұлт руханияты үшін айтулы мерекеге айналған күнді дәріптеу биыл да жоғары деңгейде жалғаспақ. Мәселен, облысымыздың мәдениет ұйымдарында апта көлемінде онлайн форматта түрлі мерекелік шаралар өткізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының міндетін атқарушы Нұршат Наурызбаева баяндады.
Ұлы ақынның мұрасын насихаттау мақсатында «Абай әлемі» атты ардагерлердің облыстық өнер фестивалі және «Көзімнің қарасы» тақырыбында Абай шығармашылығына арналған облыстық өнер байқауы өткізіледі.
Сондай-ақ, облыстық филормонияның «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі мен дәстүрлі орындаушылардың «Абай аманаты» тақырыбында ұлы ақынның әндерін көпшілік назарына ұсынса, облыстық халық шығармашылығын дамыту мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Абай жырлары – Сыр мақамдары» атты дәстүрлі түрде өткізілетін кеш қалың көрерменге ұсынылмақ.
«Әбілдә Тәжібаев атындағы кітапхана қызметкерлері мен облысымыздың барлық кітапханашылары Абай шығармаларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында тамыз айының 3-ші жұлдызынан бастап «Абайды оқы жалықпа» тақырыбында челлендждер өткізіліп жатыр. Абай күніне арналған мерекелік шаралар тек бір күндік емес. Ол біздің күнделікті өмірімізге рухани мұра болып қалатын дүние» -деді Нұршат Бегежанқызы.
Брифингте “Абай қазынасына саяхат” клубының жетекшісі Елена Пак клубтың Абай мұрасын кеңінен ұлықтауда атқарып жатқан шараларына тоқталды.
“Клуб өз жұмысын бастағалы бері 15-тен астам ауқымды шараларды өткізген. Қазіргі таңда клубқа 35-тан астам Абай шығармаларын сүйіп оқитындар мүшелік етеді. Олардың 70 пайызы этнос өкілдері болып табылады. Алдағы уақытта да олар Абай тынысымен тыныстап, клубтың жұмысын жандандыра түспек”, – деді клуб жетекшісі.