Жер сүдігерден өткеннен астықты қамбаға құямын дегенше есет батырлық Нұрбол Шәкірге тыным жоқ. Жас та болса өзіне бекітіліп берілген алқаптың жауапкершілігін мойнына алған диқанның өткен жылға өкпесі де жоқ. Себебі шаруашылық төрағасы былтырғы күзгі науқан қорытындысымен кейіпкерімізге темір тұлпар табыстаған болатын.

Жалағаш ауданы Аламесек ауылдық округіндегі “Қарабура Ата-1” шаруа қожалығының еңбеккері бұл салаға аяқ басқанына көп болмаса да ұжымдағы білікті мамандардан үлкен тәжірибе жинаған. Былтыр гектарынан 70 центнерден астам өнім алған ол шаруашылық төрағасы тарапынан еңбектің жоғары бағаланып жатқанын айтады. 

– Бала күнімізде қыстық шөп ору үшін атыз басына баратынбыз. Ол кезде қарапайым күрішшілер бізге жай ғана маман болып көрінетін. Жалпы диқан қауымының мол өнім алуда қандай қиындыққа да қарсы тұратынын өзіміз салаға келгенде ғана түсіндік. Ала жаздай атыз жағалаған ағалардың берген ақылымен жас та болса өзімізді жұмысымызбен көрсетіп келеміз. Өткен жылға өкпе жоқ. Жер ана өзінің ырзық-несібесін молынан төкті. Жалпы жерді қалай күтіп баптасаң, соншалықты өнімге қол жеткізесің. Сондықтан біз ол жердің құнарын жоғалпау үшін нендей күтім керек, соның бәрін жасаймыз. Төрағаның артқан сенімін ақтап келемін. Былтыр күзгі науқанның қорытындысында темір тұлпар тақымдадым. Биыл көктемгі науқан басталып кетті. Енді осы жылы да бұйыртса мол өнімге қол жеткіземін, – дейді диқан. 

1994 жылғы Жалағаш ауданы Есет батыр ауылының тұрғыны шаруашылық ұжымы өзі секілді жас мамандармен толығып жатқанын айтады. Бұл бірінші кезекте саладағы сабақтастықты сақтап қалуға да оң әсерін тигізетінін жақсы біледі. Сондықтан алдыңғы буыннан өзі де көрген-білгенін, көкейге түйгенін дамытуға тырысып жүр. Себебі ертең бұлар да саладағы үлкен буынның орнын ауыстырғанда өзінен кейінгі жастарға көрген-білгенін үйретіп, Жер-Ананы күтіп-баптаудың қыр-сырына қанықтырады.

Нұрбол Шәкіраттың сөзінше, шаруашылық төрағасы Дастан Ержанов жыл сайын ұжымды айлығынан бөлек қосымша сыйақымен сүйіншілейді екен. Мұндай ұжымның еңбегі бағаланған кез келген ортада еңбек өнімділігі өз жемісін берері анық. Осының нәтижесі болар, “Қарабура Ата-1” шаруа қожалығы жыл сайын қамбаға құйылатын астық көлемін еселеп жатыр. 

– Аламесекке күріш егемін деп келген шаруашылық төрағасы еңбеккерлердің жұмысын бағалауды бірінші кезекке қойды. Оны осы ұжымдағы барлық еңбеккерден сұрасаңыз да айтып береді. Сондықтан болар, келе салып ісіміз алға басты. Алдағы уақытта да жақсы көрсеткішке қол жеткізуге ұжым болып жұмыламыз, – дейді Нұрбол Шәкір. 

Айта кетейік, Дастан Ержанов төрағалық ететін шаруашылық еңбеккерлері 7 темір тұлпар тақымдады. Ал алдыңғы жылы тағы да бірнеше автокөлік тізгіндеген ұжым биыл да мол өнімнен үмітті. Төрағасы ұжымның еңбегін лайықты бағалайтын, осы бір сыйластыққа сызат түсірмеуді көздеген дала дарабоздарының алдағы науқанда да толайым табысқа қол жеткізуіне тілектеспіз. 

Тағы да оқыңыз: