Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының құқық қорғаушылары аударылған автокөлігін тастай қашқан браконьерлерді іздестіріп жатыр.

«2020 жылдың 11 сәуірінде сағат 10.00 шамасында рейдте жүрген инспекторлар Қызылорда облысының Досан ауылының маңында қаладағы блокпостты айналып кетіп бара жатқан Тойота Ленд Крузер маркалы екі көлікті байқап қалған. Автокөліктердің жүргізушілері «Охотзоопром» қызметкерлерін көріп, күріш егілген даламен із суытпақ болған. Қуғын кезінде көліктердің бірі аударылғанымен ондағылар екінші көлікке мініп алып, қашып кеткен», – деп жазады Facebook парақшасында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Аударылған автокөлікті тексеру кезінде 54 киіктің тұтас еті мен 224 мүйіз, МР-153 маркалы аңшы қаруы, 25 патрон мен пышақ, дүрбі табылған.

«Автокөлік аңшылық үшін арнайы жабдықталған болып шықты. Ішінен орындықтың бәрі алынып тасталып, салон пластик пакетпен оралған. Автокөлікке тағылған нөмір есептен баяғыда-ақ шығып қалған көліктікі екені анықталды. Киіктерді әбден дайындалған әрі кәсіби браконьерлер аулаған», – дейді ол.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысының полиция департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тағы да оқыңыз: