Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар соңғы жылдары ауыл халқының әлеуетін арттыруға да өз септігін тигізіп жатыр. Бұрынғыдай емес, қазір кәсіпке ден қойып, қаржылай қолдаумен іс бастап, оны әрі қарай дамытып жатқандардың қатары артуда. Олардың ішінен ауылдық елді мекендер тұрғындарының табылып жатқаны бізді қуантып отыр. Неге? Себебі бұрын ауыл халқы іс бастауға жүріксінетін, тіпті қаржылай қолдау көру үшін оның құжаттарын дайындауға орашолақ қарайтын. Қазір ше, қазір мүлде басқа. бүгінде ауыл халқы да кәсіпсіз нәсіп болмайтынын жете түсінді. Жалағаш ауданына қарасты 14 елді мекеннің қайсысына атбасын бұрсаңыз да ауыл халқының кемінде 7-8-і мемлекеттік бағдарламамен қаржылай қолдауға ие болып, іс бастап жатқанын көресіз. Бұл өз кезегінде әлеуметтің әлеуетін арттырумен шектелмей, жұмыссыздық мәселесінің алдын алуға да үлкен көмек болуда.

Осы кәсіпкерлікті дамытуға арналған қай жобаны алып қарасаңыз да мақсаты бір – елде жұмыссыздықтың алдын ала отырып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Кеше Жаңадария ауылына барғанымызда мұндай бағдарламалардың расында ауыл халқы үшін үлкен көмек екеніне көз жетті. 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Нұрлан Шериев бүгінде құс шаруашылығын дамытуға ден қойған. Ауыл азаматы тиісті қаражатқа Қараөзек ауылынан «Линда» тұқымды 60 қаз сатып алыпты. Мұнан бөлек балапан шығаратын арнайы аппаратты «Қазпошта» АҚ арқылы Алматы қаласынан алдырған. Іскер азамат алдағы уақытта қолдағы қазбен шектелмей олардың қатарын арттыруға ден қоятынын айтады. 

– Осыдан 2-3 ай бұрын мемлекеттің қайтарымсыз қаржылай қолдауына ие болдым. Қолға алған жобамның бағытын айтып едім, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мекеме қызметкерлері маған жәрдем берді. Тиісті қаржыға қол жеткізген бойда іс бастауға кірісіп кеттім. Осылайша желідегі жарнамалардан Қараөзек ауылында «Линда» тұқымды қаз барын естіп, 60 қаз сатып алдым. Ал әлгі аппарат алдағы уақытта олардың қатарын көбейтуге қажет болады. Күн жылысымен осы бағыттағы жұмысыма кірісемін. Біздің ауыл негізінен мал және құс шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Себебі мұнда су да бар, шөп те бар. Ал қысқы құс азығын енді сатып алуға тура келеді. Өткенде 3-4 тонна жем алып қойдым. Сонымен бұйыртса қыстан шығады. Ал келер жылы қаздың қатары артса, қажетті жем-шөптің де көлемі артады. Алдағы уақытта осы үй құсының басқа да тұқымдарын өсіруді қолға алсам деймін. Кешегі қаржылай қолдау маған үлкен көмек болды. Біз мемлекет ұсынған осындай қолдау барда кәсіпке кірісуіміз керек, – дейді жаңадариялық Нұрлан Шериев.

Кәсіпкер тек қаз өсірумен шектелмеген. Арнайы аппаратымен балапан шығарып, етті тауық өсіруді де қолға алған. Оның айтуынша, әлгі аппарат қаздың жұмыртқасынан 30 күнде балапан шығарса, тауықтың жұмыртқасын 20 күнде қорытып үлгереді екен. Қаз тек наурыз-сәуір айында жұмыртқалайтындықтан одан көп пайда болмайтын көрінеді. Сондықтан кәсіпкер көбіне құсты бордақылағаннан табыс мол болатынын айтады.  

– Қаздың басқа түрі қалай болатынын білмеймін, бірақ осы тұқымы тек екі-ақ айда жұмыртқалайды. Сондықтан біз тек ет бағытында табысқа жетуді көздейміз. Ондай кезде тауығымыз бар. Мәселен, кепедегі тауықтың өзінен осылардың жем-суын шығаруға болады. есеппен іс қыламын деген жанға пайда табудың жолы көп қой. Ол үшін қаржылық сауаттылық керек екен, мен осыны ұқтым. Бұрын біздің ауылдың тұрғындарында мемлекеттік бағдарламамен іс бастауға ниет бола бермейтін. Қазір Аллаға шүкір, олардың қатары артып отыр. Мен де осымен шектеліп қалмаймын. Өз жоспарымды толық орындасам, кәсіптің басқа да көздерін қолға аламын, – дейді іскер азамат.

Табысы өз алдына, аулаңда қаздың керіле қанатын кеңге жайғанының өзі бір сән ғой. Ара-тұра арық жағалап, суға малынғанының өзі неге тұрады. Ауыл сонысымен қызық. Көптен бері мұндайға кезікпеген соң біз бұл көріністен ерекше әсер алдық. 

Тағы да оқыңыз: