Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының салауатты тамақтануы – Қазақстан азаматтарының денсаулық жағдайын және болашағын анықтайтын шартсыз ұлттық басымдылық. Балалардың денсаулығын сақтау және нығайту бойынша негізгі бағыттардың бірі – мектеп тағамын дұрыс ұйымдастыру.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайтудағы өзекті мәселелердің бірі – оларды сандық және сапалық тұрғыдан физиологиялық және гигиеналық талаптарға жауап беретін толыққұнды тағаммен қамтамасыз ету. Оқудың бірінші күнінен балалардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру – мықты денсаулықтың, көтеріңкі көңілдің және жақсы үлгерімнің кепілі.
Осыған сәйкес оқушыларды ыстық тамақпен қамту ауданымызда біржолға қойылған. Жалағаш ауданында 3 986 оқушы бір мезгілдік ыстық тамақпен қамтылып, көрсеткіш 56,4 пайызды құрады.
Жалағаш ауданындағы мектеп асханаларының материалдық-техникалық жай күйіне келетін болсақ аудандық білім беру мекемесіне қарасты жалпы білім беретін 20 мектеп бар, оның 5-і аудан орталығында, 15-сі елді-мекендерде орналасқан. Осы мектеп асханаларының 19-ы типтік жобадағы асхана болса, 1-де (№119 мектеп) буфет қарастырылған. Мектеп оқушыларын бір мезгілдік ыстық тамақпен қамту жеке кәсіпкерлердің (9 кәсіпкер) меншігінде.
Жалағаш ауданы мектеп асханаларын өткен жылмен салыстырғанда санитарлық-гигиеналық, технологиялық жабдықтармен жабдықталуына, ыстық тамақтың сапалы ұйымдастырылуына көңіл бөлініп, қаржы бөлуде. Дегенмен, кезек күттірмейтін, қаржы бөлуді қажет ететін жағдайлар да жеткілікті. Атап айтатын болсақ типтік жобадағы асханалардың кейбіреуінде технологиялық жабдықтары істен шыққан, жарамсыз. Электрлік тапа, плита, духовка, ет тартқыш, дайын, шикі тағамдар дайындайтын үстелдер саны жеткіліксіз, санын көбейтуді қажет етеді. Кейбір мектеп асханаларында оқушылардың тамақтары үй жағдайында пайдаланатын газ плиталарда дайындалады.
Ағымдағы жылы Жалағаш ауданы мектеп асханаларында санитариялық қағидалары талаптарының сақталуы барысына аудан прокурорының қаулысы негізінде тексеру жүргізілді. Тексеру барысында мектеп асханаларында өңдеу ағымдылығының сақталмауы (қажетті бөлмелер жеткіліксіз), материалдық-техникалық жағдайы санитариялық қағидаларының талаптарына сай келмеуі анықталды. Мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкер тек ас дайындау бөлігі мен азық түлік сақтау қоймасын ғана жалға алып жұмыс жүргізуде. Асханаларда шикі тағамды өңдеуден дайын асқа дейінгі процесстер бір бөлмеде жүргізіліп, ас дайындау технологиясының бұзылуына жол беруде. Бұл, тамақтану орындарында тағамнан улану жағдайларына әкелуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар, Жалағаш ауданы мектеп асханаларында балалардың тамағы үшін пайдалануға жол берілмейтін тағам өнімдерін (пицца, тәтті шоколад, чупа чупс, фритюрде қуырылған пирожки, гамбургерлер) сатып, жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен тағамдардың (шырын, печенье) асхана қоймасында сақталу фактілері орын алған. Барлық асханаларда теңдей анықталған кемшілік аспазшылардың тәуліктік сынамалардың алыну, сақталуы реттілігіне (2-ші тағам жеке жеке алынуы, 48 сағат сақталуы) мән бермейтіндігі байқалды. Жұмыс барысында асхана қызметкерлерінің жеке бас гигиена ережесін сақтамауы, асхана ас үй жабдықтарының дұрыс жуылмауы және тез бұзылатын тағам өнімдерінің арнайы термометрмен қамтылған тоңазытқышта сақталмауы анықталды.
Жалпы Жалағаш ауданы мектепте бірілетін ас мәзір, тағамның құнарлылығы, порциясы, тамақтану рационы баланың физиологиялық жағдайына сәйкес тағайынған. Тексеру кезінде кейбір асханаларда оқушыларға ыстық тамақ беруде бір баланың порциясының санитариялық ереже талаптарына сай келмеуі, екінші тағамға қосылып берілетін соустың орнына қалыпты жағдайдағы кетчуп және асылған сәбіздің берілуі анықталды. Асхананы тексеруде анықталған кемшіліктің бірі мектеп асханасында шығарған өнімдерін (дайын тағам, шайынды) бақылау мақсатында өндірістік бақылаумен қамтылмауы болып отыр.
Жоғарыда аталған жағдайларды болдырмау мақсатында асханаларды санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкестендіруді, асхана аспазшыларының біліктілігін арттыруды, оқушылардың денсаулығына зиянды тағамдарын сатуға тыйым салынуды, мәзірді әзірлеу кезінде витаминді-минералдық кешенмен байытылған тағам өнімдерін көздеуді және мектеп асханаларының өндірістік бақылаумен қамтылуын Сіздің назарыңызға ұсына отырып, оң шешімін табуға ықпал жасауыңызды сұраймын.