Фото: Polisia.kz
Kyzylorda-news.kz. Жалпы, ел бойынша 326 лото клуб қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz. сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда лудомания ауруы белең алып жатыр. Бұл – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік. Азартқа берілудің соңы әлеуметтік-материалдық құндылықтардың төмендеуіне, тіпті кейде қылмыс жасауға түрткі болуы ықтимал. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 миллион теңгені құрайды. Ақшаны жымқырып, тоқтай алмаудың салдары елдегі отбасылардың ажырасуына, тіпті құмар ойынға құныққандардың өзіне-өзі қол жұмсауына әкеп соқтырып жатыр. Осыған байланысты, қазіргі таңда бұл мәселе өзекті және мемлекет назарында. 13 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды. Ең ауқымды бірлескен арнайы операциялардың біріне Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3000-нан астам қызметкері жұмылдырылды.
- Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды, олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды, – деп түсіндірді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.