Kyzylorda-news.kz Былтыр оқу жылында Жалағаш ауданында 356 түлек мектеп бітірсе, оның 329-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Білім беру гранты конкурсына қатысқан 302 талапкердің 260-ы мемлекеттік грант жеңіп алды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыста екінші орында. Талапкерлердің 113-і педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық берген. Оқу жылының қорытындысымен 17 түлек «Алтын белгі» иеленді. Жалағаш аудандық мәслихаттың сессиясында білім бөілімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы осылай деді. Спикер мұнан бөлек білім берудің әрбір деңгейі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемалық мәселелерге тоқталды.
Бүгінде ауданда 62 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Яғни 20 мектеп, 3 қосымша, 37 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, педагогикалық-медициналық, психологиялық консультация және педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетуде. Жалағаш ауданындағы 20 мектептің 19-ы қазақ тілінде, 1-еуі орыс тілінде жұмыс жасайды.
– Былтыр оқу жылында мектепті 356 түлек аяқтап, оның 329-ы ҰБТ-ға қатысты. Білім беру гранты конкурсына қатысқан 302 талапкердің 260-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш бойынша ауданымыз облыста ІІ орынға тұрақтады. Бітіруші талапкерлердің 113-і педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық берген. Оқу жылының қорытындысымен 17 түлек «Алтын белгі» иеленді, – деді Талғат Садықов.
Жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға аудандық кезеңге 387 оқушы қатысып, 122-сі жүлделі орындардан көрінген. Облыстық кезеңге 32 оқушы қатысып, 16 оқушы жүлделі орындар иеленген, республикалық кезеңде ауданнан 2 оқушы бақ сынаған. Сонымен қатар өткен жылы құрылған «Сыр дарыны» білімділер академиясы аясында 8-9 сыныптардан 138 оқушы «Қамбаш» облыстық лагерь базасында дайындық бойынша оқыту курстарынан өткізілген. «Мың бала» олимпиадасына 2022-2023 жылы 58 оқушы қатысып, 16 жеңімпаз атанып, мамандандырылған мектептерде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алған. Аудан мектептеріндегі 8-9 сынып оқушылары арасында «Iganat» олимпиадасының қорытындысымен Республикалық кезеңге 4 оқушы жолдама алып, дәстүрлі түрде өткізілетін президенттік олимпиадамен ғылыми жобаларға облыстық деңгейде былтыр оқу жылында 82 оқушы қатысып, 38-і жүлделі орын иеленген. Ал республикалық кезеңге 11 оқушы қатысып, 8-і білім бәйгесінде жеңіс тұғырынан көрінген. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысымен 2022-2023 оқу жылында «Ең үздік 100 мектеп» қатарына Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі енген.
Былтыр ПМПК қорытындысымен ауданда 343 ерекше білім беруді қажет ететін балалар анықталған. Оның ішінде 169 бала мектепте, 22 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 54 бала үйден оқытылуда, 60 бала балабақшада, 43 бала психологиялық-педагогикалық түзету, 45 бала ресурстық орталықта, 30 бала логопедиялық пункте түзету сабақтарын алуда.
Айта кетейік, соңғы уақытта облыс, республика көлемінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылық, топтық төбелес, қыз балалар арасында әлімжеттік, буллинг, кибербуллинг, электронды темекі шегудің белең алуына байланысты тәрбие жұмыстары күшейтілді.
Әйтсе де бұл оң нәтиже бермей тұр. Себебі 2022-2023 оқу жылында 1 қылмыс (ұрлық) бойынша 2 мектеп оқушысы полиция бөлімінің профилактикалық бақылауына алынды. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігі жанынан жұмысшы топ құрылып, күнделікті жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылуда. Онда жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кей оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Десе де беймезгіл уақытта ата-аналары немесе заңды өкілдерінсіз оқушылардың көшеде жүруі толастамай тұр.
Жалағаш ауданында жасөспірімдердің қоғамда теріс қылық жасауына жол бермеуге қатысты атқарылып жатқан шаралар легі көп. Десе де жасалған жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Бұл сөзімізді оның нәтижесі қуаттайды.
Сессияда ауданда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы да қаралды. Бұл жөнінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет баяндады.
– Жалағаш ауданында жастар арасында жұмыссыздық деңгейі – 4,2 пайыз. Былтыр «Мансап» орталығына 1 341 жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелген, оның 968-і ұлттық жобаға қатысушылар құрамына енген. Жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі артып келеді. Жастарды әлеуметтендіруге бағытталған, оның ішінде жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды тарта отырып, «Tulga bol» жәрмеңкесі және «Мүмкіндіктер алаңы» кеңес беру шарасы Жалағаш кентінің орталық базарында және ауылдық округтерде өткізілді, – деді Жасұлан Ерданұлы.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда биыл 206 жоба 4809,3 млн теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде 80 жас кәсіпкердің жобасы 378,3 млн теңгеге қаржылай қолдау тапқан. Былтыр «Zhas Project» жобасы бойынша 2 жас дәнекерлеу мен тойларға қызмет ету жобасы жүзеге асыруға 2 млн теңге грант алған.
Айта кетейік, биыл жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 10 млн 692 мың теңге бөлінген.
Сессияның күн тәртібінде ұсынылған мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Соңында аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Фото: Нұрболат Нұржаубай