Kyzylorda-news.kz. Алдағы күндері күн райының тұрақсыз сипаты елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында әлі де сақталады. Онымен найзағай мен екпінді жел, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда қар аралас жаңбыр болжанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлайды.
21 қыркүйекте – оңтүстікте, 21-23 қыркүйекте – шығыста, 21-22 қыркүйекте оңтүстік-шығыста – қатты жаңбыр, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жауын-шашын күтіледі.
Қазақстанның тек батысында, солтүстік-батысында, Батыс антициклонының ықпалымен күн райы ашық болады.
Елдің батысында, солтүстігі мен орталығында түнгі және таңертеңгі уақыттарда тұман болжанады.
Түнде республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында топырақ бетінде -1 градус үсік жүреді.
Ауа температурасы күндіз батыс өңірлерде 24-30-ға дейін, елдің солтүстік-батысында 15-27-ге дейін көтеріледі. Солтүстік аумақта 10-16 градусқа дейін төмендейді, орталықта 10-23 жылы болады. Шығыста температура бағамы 10-15-ке дейін түсіп, оңтүстікте 20-28-ге дейін жоғарылайды. Оңтүстік-шығыста 12-22 градусқа дейін, таулы аудандарда 2-10 градусқа дейін төмендейді.