**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мамандары 2020 жылдан бастап еліміздегі қандай жолдар ақылы болатынын, биыл қай жол учаскелері жөнделетінін айтып берді.** Ведомствоның мәліметіне сенсек, 2024 жылға дейін республикалық желінің 11 мыңға жуық шақырымын ақылы автожолмен қамту көзделіп отыр. > _«Ақылы жол жобасын екі кезең бойынша енгіземіз. Бірінші кезең – 2020-2021 жылдар аралығында 6 мың шақырым ақылы жол қолданысқа беріледі. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі, «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы», «Щучинск – Петропавл», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Қалбатау – Павлодар – Ресей шекарасы» (Омбыға апаратын жол), «Таскескен – Бақты – Қапшағай – Талдықорған», «Атырау – Орал», «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» және «Ақтау – Бейнеу» жолдарының учаскелері ақылы болады», – деп атап өтті министрліктен._ 2022-2023 жылдар аралығында қалған 5 мың шақырым жолды енгізуді көздейтін екінші кезең жүзеге асырылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы жылдар қанша шақырым жол жөнделетінін де айтты. Мекеменің мәліметінше, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020-2026 жылдар аралығында ұзындығы 10 мың шақырымды құрайтын республикалық жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған. Оның 1373 шақырымында 2020 жылы қозғалыс басталады. > _«Осылайша, «Орталық – Оңтүстік» бағыты бойынша 311 шақырым жол ашылады. «Петропавл – Қорған» тасжолының 37 шақырымы пайдалануға беріледі. «Орталық – Шығыс» жобасы бойынша – 13 шақырым, «Қостанай – Денисовка» жолында – 65 шақырым, «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» жолында – 160 шақырым жол ашылады. Сондай-ақ, 2020 жылы «Атырау – Астрахан» тасжолының 160 шақырымы, «Көктерек асуы» жобасы бойынша – 32 шақырым, «Талдықорған – Өскемен» тасжолында – 384 шақырым, «Ұзынағаш – Отар» жолының 96 шақырымы, «Үшарал – Достық» жолының 60 шақырымы, «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 155 шақырымы қолданысқа беріледі», – деп түсіндірді министрліктен._