Дүниежүзілік мейірімділік күні

2000 жылы Сингапурде ұйымдастырылған Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысы (World Kindness Movement) осы күнді атап өту туралы бастама көтерді.

Зағиптардың халықаралық күні

1784 жылы Парижде соқырларға арналған әлемдегі тұңғыш интернатты ашқан француз ағартушысы, тифлопедагогиканың негізін қалаушы Валентин Гаюидің (1745-1822) туған күніне орай атап өтіледі.

1970 жылы «Қыз Жібек» көркем фильмі прокатқа шықты. Сұлтан Қожықов түсірген фильм КCРО Мемлекеттік сыйлығын алды, сондай-ақ сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова үздік актерлер ретінде дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мұражайының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысып, мұражайдың «Құрметті қонақтар кітабына» естелік жазба қалдырды.

Ұлттық банк мұражайы қорында 5 мыңнан астам экспонат қойылған. Олардың қатарында Ресей шақалары, Австрия-Венгрия, орыс-поляк, Қытайдан, Польшадан, Мексикадан әкелінген монеталар, неміс рейхсмаркалары, Кеңес өкіметінің құрылуы кезеңінде 1918 жылы шығарылған «апиын ақшалары» және 1920 жылы шығарылған «жібек ақшалар» деп аталатын банкноттар мен шақалар, алыс және таяу шет елдердің ақша белгілері, Қазақстан теңге сарайының бұйымдары, т.б. сақталған.

2006 жылы Қызылордада терме жанрындағы мақамдар жинағынан тұратын белгілі күйші Ерболат Мұстафаевтың кітабы жарияланды. Бұл кітап «Мәдени мұра» және «Өнер жылы» аясында шығарылып отыр. Аталған жанрда халық аңыздары және ауыз әдебиеті шығармалары өлең түрінде домбыраның сүйемелдеуімен орындалады. Автор – республикалық және халықаралық өнер сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы, орындаушыларға және музыка сүйетіндерге танымал немесе онша танымал емес 35 жырды зерттеп, нотаға түсірген.

2013 жылы номиналы 500 теңгелік (Қазақстанның жануарлар және өсімдіктер әлемі) сериясынан естелік «Каспий итбалығы» күміс монетасы айналымға шығарылды.

2013 жылы ҚР Ұлттық Банкі алтынмен апталған номиналы 500 теңгелік «Республика игілігі» сериясынан «Алма отаны» естелік күміс монетасын айналымға шығарды.

Тағы да оқыңыз: