Kyzylorda-news.kz. Мерекелік концертте ел аймақтарынан келген 800-ге жуық бала және эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Balapan әлемі» фестивалі 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналып отыр.
Мәдени шара сағат 11:00-де Нұр-Сұлтан қаласы Есіл өзені жағасындағы амфитеатрда өтпек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттік бағдарламада ел аймақтарынан келген 800-ге жуық талантты бала және эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
«Фестиваль аясында амфитеатр аумағында ұлттық спорт және ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылып, асфальтқа сурет салу байқауы өтеді. Сонымен қатар «Balapan» әлемі» кітап көрмесі мен астаналық мектепішілік қолөнер үйірмелері мен шебер балалар дайындаған қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Одан бөлек, шара аясында балалар көңілді аниматорлар мен цирк әртістерінің өнерін тамашалай алады» делінген хабарламада.
Фестиваль барысында Ақтау, Жезқазған, Қызылорда және Семей қалаларындағы балаларға арналған іс-шаралардан тікелей қосылым жасалады.
Мерекелік концертті елорда тұрғындары мен қонақтары тегін тамашалай алады.
Телеарна көрермендері үшін «Balapan Әлемі» фестивалі «Balapan» телеарнасынан сағат 12:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, аталған мерекелік шараны «Balapan» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырып жатыр.