Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданындағы әлеуметтік нысан құрылысы мен ауыл шаруашылығы саласында басымдық бар. Биыл 38 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 9500 шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Нәтижесінде әлеуметтік әлеует жоғарылап, мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүруде. Мұнан өзге инфрақұрылым, көгалдандыру бағытындағы бастама баршылық. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев өзге де жаңалықтарды жеткізді.

Әрине, ауданның күретамыры – ауыл шаруашылығы. Мұнда жыл басынан бері 34253 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілген. Диқандар өнімнің бітік шығуы үшін барын салуда. Әсіресе, суды үнемдеу әрі тиімді пайдалану үшін лазерлік жер тегістегіш техникасын пайдалану жүзеге асқан. Бүгінге дейін 13 шаруашылық аталған техниканың 31-ін сатып алып, тегістеу жұмысын ойдағыдай атқара білді. Сондай-ақ жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, 10 гектар жерге жүгері, 50 гектар жерге бақша дақылдары орналастырылды.

– Аудан тұрғындары 420 гектар жерге әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімін егуде. Бұл жұмыстарға жастар белсенділік танытып, жұмыла еңбек етіп келеді. Мысалы, «Айдарлы», «Жетікөл», «Аманкелді», «Бесарық», «Шіркейлі», А.Тоқмағамбетов елді мекендерінде жастар бригадалары 70 гектарға бақша дақылын екті, – деді аудан әкімі.

Кәсіпкерлік саласындағы санға келсек. Мемлекеттік бағдарламалар сырдариялықтардың кәсіпке бет бұруына мүмкіндік беріп келеді.  Жыл басынан бері мемлекет тарапынан 249 жоба қолдау тапса, жыл соңына дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 27 жоба қаржыландырылмақ.

Қаржы құйылған саланың басым дені – тағы да ауыл шаруашылығы. Мәселен, шаруалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 25 техника мен құрал-жабдық алса, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 45 жоба қолдау тапқан. Жалпы мемлекет жәрдемі арқылы жүзеге асқан жобалар нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауданда инфрақұрылым деңгейі жоғары. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламсы аясында «Шаған» ауылындағы электр желілері жабдықталып, Қалжан ахун елді мекенінде жоба енді басталған. Сондай-ақ Аманкелді, «Қоғалыкөл», «Шіркейлі», Н.Ілиясов елді мекендерінде су ұңғымасы орнатылса, жуырда А.Тоқмағамбетов, Н.Ілиясов ауылдары мен Тереңөзек кентіндегі шағын аудандар «көгілдір отынның» игілігін көрмек.

Аудан әкімі қолға алынған өзге де жобаларды бөлісті. Айтуынша, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес «Тереңөзек» кентінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау полигоны салынуда. Оған қоса биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша мектеп құрылысы басталатын болады.

–  Аталған жоба аясында 300 орындық мектеп құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда мектеп құрылысы аудан орталығындағы 45 апатты жағдайдағы тұрғын жайдың орнына салынады деп жоспарланған. Сол арқылы апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесін тиісті деңгейде шешуге мүмкіндік тууда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауқымды жобалардың қатарында аудандық аурухананың кәріз станциясы, паллиативті медициналық көмек көрсету ғимараты және Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны жөндеу жобасы бар. Сондай-ақ көпфункциялы «Руханият» орталығы құрылысы да қарқынды жүруде.

Тағы да оқыңыз: