Kyzylorda-news.kz. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыты – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүддесін  қорғау.

Палата құрылған сәттен, яғни 7 жылда кәсіпкерлерден 6 мыңнан аса арыздар келіп түскен, оның ішінде бизнесті қорғау бағытында түскен өтініштер саны – 1877.

«Орташа есеппен Палата сарапшылары түскен өтініштердің  42 пайызында оң шешімге қол жеткізіп, 50-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 7 жылда Палатамен өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 5 млрд. 928 млн. теңгеден аса қаражаты сақталып қалды. Оның ішінде қаржының 69 пайызы орта кәсіпкерлік субъектілерінікі болса, 31 пайызы шағын бизнестікі», – дейді Палата директорының орынбасары Салават Құлмахан айтты.

Салават Аязбайұлының айтуынша, аталған сомма күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан және т.б.қаржыдан құралып отыр екен.

Өтініштердің құрылымына жасалған талдау, кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің басым бөлігі сатып алулар, жер, сәулет, құрылыс салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне келетінін көрсетіп отыр.

«Палата жұмысының соңғы үш-төрт жылын  бөліп алып қарайтын болсақ, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін шектеген немесе бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар санының арту көрінісін байқауға болады», – дейді Салават Құлмахан.

Мәселен, 2015 жылы кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі жасаған тек 5 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2018 жылдың қорытындысымен19 қызметкер, 2019 жылы 15 мемлекеттік қызметкер, ағымдағы жылы 6-уы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

Лауазымды тұлғалар кәсіпкерлік қызметтерге тексеру жүргізу, мемлекеттік сатып алу және  рұқсат беру рәсімдері барысында кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттерге барып, олардың құқықтарын шектеген.

Одан бөлек, кәсіпкерге қатысты азаматтық істі сот тәртібімен қарау барысында мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзушылықтарға жол бергені үшін сотпен  8 мемлекеттік органдарға қатысты жеке ұйғарым шығарылған.

Палата жанында тұрақты жұмысшы орган –  Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасайды.

Кеңес отырыстарында 82 жүйелі мәселелер қаралып, оның 68 оң шешімін тапты. Нәтижесінде  600 аса кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтіріліп,17 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Тағы да оқыңыз: