Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында 10 ірі жоба іске асырылмақ. Олардың жалпы құны 408 млрд. теңгеден асады. Бұл туралы аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов халық алдындағы есепті кездесуінде мәлімдеді.
Облыс әкімі атап өткеніндей, биыл облыста тау-кен саласын дамыту мақсатында «Талап» қорғасын-мырыш кен орнын және «Ақ еспе» титан-цирконий кен орнын барлау басталады.
Сонымен бірге, шикізаттық емес секторды дамытуға, әсіресе, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға баса назар аударылмақ.
«Мәселен, 2015 жылдан бастап индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2-кезеңінің басталған уақытымен салыстырсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2,8 пайызға жуық, жалпы қосылған құн – 17 пайыздан астам, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі19 пайызға өсті. 2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты 6 цемент түрін өндіреді және көршілес өңірлерге ғана емес, 2019 жылдың шілдесінен бастап экспортқа Өзбекстанға – 40 мың тонна шығаруда. Ал, қара тақтатастарды автоклавты қайта өңдеу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадийлі кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлыбританияға 200 тоннадан астам аммоний метаванадаты экспортталуда», – деді Қ. Ысқақов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 2020 жылы жалпы құны 408 млрд.теңгеден асатын тағы 10 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отырылғанын атап өтті.
«Оның ішінде шыны зауыты бар. Әрине, бұл күрделі жобаның өзіндік қиыншылықтары жеткілікті. Бірнеше рет құрылтайшылар арасындағы келіспеушілікке және мердігерлердің өзгеруіне байланысты іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп келеді», – деді ол.
Айта кетейік, қуаты жылына 197,1 мың тонна болатын табақты шыныны өңдеу және өндіру бойынша зауыт құрылысы жобасының құны 42 млрд.теңгенің құрайды. Шыны зауыты ашылған жағдайда 226 жаңа жұмыс орны ашылады. Тапсырыс беруші – «Орда Гласс ЛТД» ЖШС.