Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов айтты.
Аймақ басшысының айтуынша, Қызылорда облысындағы кен көздерінің рөлі өңір халқы үшін әлі де ұзақ уақыт бойы маңызды болып қала береді. Сол себепті, жаңа мұнай кен орындарын іздестіру, осы салаға жаңа технологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу – өте өзекті мәселе.
«Қазір осы мәселені шешуге жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне, мұнай газ саласын дамытуда бізде резервтер бар. Биылғы ақпан айында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму мәселелері қаралған кезде біз осы саланы дамыту мәселелерін үлкен блокпен көрсеттік, әсіресе, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлау және газ өндіру мен өңдеу мәселесі. Айта кету керек, осы және Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Нәтижесінде, 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейні бойынша мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастаймыз», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңірдегі аз зерттелген «Арал» және «Сырдария» бассейндерін барлау жоспарланған.
«Бұл біз үшін мұнай-газ саласын дамыту мәселесінде айтарлықтай алға басу деген сөз», – деп сөзін қорытты аймақ басшысы Қ. Ысқақов.