Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қызылорда облыстық мәслихатының 49 сессиясы өткізілді. Сессияның күн тәртібінде 4 мәселе қаралып, депутаттардың назарына ұсынылды.

Аймақ басшысы 2020 жылғы облыстық бюджеттің нақтылануын қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып, ұсынылған қаржыларды әлеуметтік маңызы бар және кезек күттірмейтін басым бағыттағы әлеуметтік салаға яғни денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет салаларына бағытталатынын атап өтті.

“Облыс бюджеті өзінің әлеуметтік бағыт-бағдарын сақтап келеді. Білім беру саласында 2020-2021 жылдарға арналған оқу жылында сынып кешенін ұлғайтуға, техникалық және кәсіптік колледждер мұғалімдерінің еңбекақысын ұлғайтуға және коммуналдық шығындарын өтеуге 134,2 млн.теңге қаралуда. Ал, денсаулық сақтау саласына 166,1 млн.теңге көлемінде қаржы ұсынылды. Бұл қаржыға денсаулық сақтау мекемелерін ағымдағы жөндеуге, ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын дәрігерлер санын көбейтуге, маусымдық жылу науқанына дайындық жұмыстарын жүргізуге, медициналық жабдықтар сатып алынатын болады”,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен бірге өңірде короновирус инфекциясымен күресу үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қорын қалыптастыруға, Қызылорда қаласында 200 төсектік орынға арналған тез салынатын модульдық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына қажетті қаралып отыр.

Сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселені баяндап, бюджеттің үнемделген, қысқартылуы және толықтырылуы тиіс қаржылар туралы тоқталды. Сондай-ақ, «Қызылорда облысын басқару схемасын бекіту туралы мәселесін Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев хабарлады.

Сессиясының соңғы мәселесі «Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлауға арналды. Облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов сайлау комиссиясының жаңа құрамын баяндады.
Сессияда қаралған мәселелерді депутаттар бірауыздан қолдап, тиісті шешімдер қабылдады.

Тағы да оқыңыз: