Kyzylorda-news.kz Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев есімі Сыр елі үшін қадірлі. Экономика әлсіреп, қоғамдық қатынастар қалт-құлт етіп қалған кешегі қиын кезеңде күшін сарқып, күріш шаруашылығының дамуы үшін ерен іс тындырған азамат. Жердің берген байлығын туған жеріне төккен жомарт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қызылорда облысына келген сапарын  Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылынан бастаған болатын. Осы бір сәт туралы жақынырақ білгіміз келген біз Абзал Жұмашұлына жолығып, бір-екі ауыз әңгімелескен едік.

– Президентті ауылдың аузынан өзіңіз қарсы алдыңыз. Алғашқы сөз неден басталды?

– Президент біздің ауылға өте жоғары көңіл-күйде келді. Облыс әкімімен бірге ауыл келбетімен танысып, еңбекшілермен жүздесті.
Аман-саулықтан соң жанымдағылар мені шаруашылық құрылтайшысы деп таныстырған. «Абзалды білеміз, Еңбек Ері, Мәжілісте депутат болды» деді Президент жылы сөйлеп. Осы сөздің әсері болар, өзімді еркін ұстадым.
Сосын шаруашылықтың тарихынан қысқаша мәлімет бердім. Бұл ауыл совхоз есебінде 1966 жылы тегіс жерден басталып салынған. Бірінші басшысы Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов болса, одан кейін Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов басшылық жасаған.
Осы деректерді келтірдім. 
Ауылдың орталық саябағын аралап келеміз. Гүлмен көмкерілген субұрқақ, сол қанаттағы Биг-бен сағаты, мәдениет үйі, мектеп, Тағзым алаңы, музей, мешіт, мен осылардың жай-күйін таныстырып жатырмын.
Ауылды абаттандыруға, ағаштарды күтіп баптауға, аяқсуға, т.б. жұмыстарға жылына 200 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалады.
Ауыл көшелеріне 35 мың түп ағаш егіп шығардық. Әдетте ағаш көшеттері ешқашан толық шықпайды, жүздің елу-алпысы бой алып кетпейді. Көп адам сол шығынды қалыпты деп есептейді. Олай емес, бір шыбықты да қисайтпай, қанша ексең, сонша шығаруға болады, тек еңбек керек.
Негізі бұл шаруашылықты 2005 жылдан бастап толық басқаруға алдық. Бұрынғы инвесторлар қарызға батып, банкрот болған. Біз осы кезде «Мағжан» серіктестігін құрып, шаруашылықты сол қиыншылықтан алып шыққан едік.
Қазір ауылда 480 отбасы тұрады. Шаруашылық 5 мың гектар жерге күріш егеді. Ауылдың 470 адамы егін саласында жұмыс істейді.
Тағзым алаңының тұсына келген Президент әдеттегіден ұзағырақ аялдап қалды.
Бұл ауылдан 195 азамат Отан соғысына аттанып, 132-сі қайта оралмаған.
Осы Тағзым алаңына 48 млн теңге жұмсалған. Отан үшін отқа түскендердің есімі жазылған белгіден батырлардың рухы сезіліп тұрғандай болды ма, осы тұстан ешкім де бей-жай өтіп кетпейді.
Мұнан соң Президентті ауыл стадионына бастап бардық. Бұл жерде спорттың жеті түрінен 144 бала жаттығады. Осы кезде балалар өз жаттығуларын жүргізіп жатқан.
Президент үстел теннисіне аялдады. Мен – облыстық үстел теннисі федерациясының президентімін. Қасым-Жомарт Кемелұлы қолына ракетканы ұстап тұрып, балаларға аталық тілегін айтты. Стадионның үлкен алаңына шығып, жас спортшылармен суретке түсті.
Стадионнан шыға бере қабырға экранынан Нағи ауылының дрон арқылы төбесінен түсірілген түнгі көрінісі көрсетілді. «Керемет екен!» деді Президент. Сол сәтте барлық көзі көрген нәрсеге бір-ақ баға бергендей болды.
Мұнан соң «Еңбек аллеясына» бардық. Ол жерде шиелілік Гүлсім Дәрібаева, шағандық Айбек Уәлиев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан еңбек адамдарына көрсетіліп отырған қамқорлықтар үшін Президентке алғыс білдірді.
«Қазіргі ең басты құндылық – еліміздің, халқымыздың татулығы»  деді Президент.
Ауыл келбетімен таныстыру сәтінде Президент мешітке қарап тұрып: «Жақсы салыныпты» деді. Сол кезде ескі мешітті бұзбай, музей етіп қойғанымызды айтып өткенмін. «Жөн болған, дұрыс» деп Президент сөзімді қоштады.

– Президент нақты не деді?

– Ол кісі көбіне тыңдады. Сөзді бөлген жоқ. Біздің айтқанымызды ықылас қойып тыңдауының өзі ризашылығын танытып тұрды.
«Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Бұл ауыл – басқа ауылдарға жақсы үлгі» деп баға берді.
Қоштасар сәтте: «Жақсы, Абзал, табыс тілеймін» деді.
***
Еңбек Ерінің сөзінен біз халық үшін жасалып жатқан қыруар жұмыстың лебін сездік. «Уа, нағилық халық, батыр бейнең алып, от жүректен – ода. Бәсің, биік бағаң, сөз таппаса саған, ақындығым ада. Жыр боп ескен елге, гүл боп өскен жерге, төккен маңдай терің. Бейнең нұрлы ақ таң, «Алтын Жұлдыз» таққан, Абзал деген ерің» деп өлең жазған едік, бір кезде.

Ел Президенті сол батыр халықтың еңбегін бағалап, қасиетті мекеннен аса ризалықпен аттаныпты. Біз тарихи сәттің осы үйлесімін көпке жеткізгіміз келді.

 

Тағы да оқыңыз: