Kyzylorda-news.kz.  Соңғы мәліметтерге зер салсақ, Сыр өңірінің макроэкономика саласындағы серпіні өте жоғары. Өнеркәсіп, өңдеу, аграрлы сала, құрылыс жұмыстары, бөлшек сауда және инвестиция көлемі жыл сайын екі еселеніп келеді. Әсіресе, инвестиция әлеуетінің көрсеткіші жоғары. Бұл қатарда Жаңақорған ауданының да үлесі аз емес. Жыл басынан бері құрылыс пен өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5-3 есеге дейін артқан. Шағын кәсіпкерлік пен өнім өндіру ісінде де жеткен жетістігіміз толайым табыспен түйінделіп отыр. Осы тақырып төңірегінде қысқаша тоқталып, ауданның әлеуетін зерделеп көрдік.

Елімізде өңдеу өнеркәсібі өрісін кеңейтіп, өнім көлемі артып келеді. Өткен жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өнімінің 13,4%-ын осы сала құрапты. Сөйтіп, экономикаға қосқан үлесі бойынша сауда және тау-кен өнеркәсібінен кейінгі үшінші көрсеткішті иеленді. Өндіріс көлемі бойынша оң динамика орын алып отыр. Бір өкініштісі, еуразиялық экономикалық елдер көшіндегі көрсеткішіміз көңіл көншітпейді. Еуразия¬лық экономикалық комиссияның статистикасына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан көш бастай алмады. Бірақ осыған қарамастан біздің ауданның салыстырмалы статистикасы едәуір жоғары.

Жалпы, Жаңақорған ауданы бойынша хаық саны 82 мыңға жуықтайды. Бұл нақты тіркелгендердің көрсеткіші.

Алдымен инвестициядан бастағанды жөн көрдік. Жыл басынан бері үш айдың ішінде капиталға салынған негізгі инвестиция 11 млрд 162 млн-ға жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 139,1 пайызды құрады. Бұл облысқа тартылған инвестиция көлемінің 10 пайызын көрсетіп тұр. Оның ішінде аграрлы салаға салынған қаржы қуантады. Бұл бәрінен бұрын отандық өнім көлемін көбейтіп, экспортты арттырудан бұрын халықтың әлеуметтік ахуалын, нарық бағасын реттейді. Мұның қатарында биыл тұңғыш өнім бергелі отырған Қыраш ауылындағы алма бақтың үлесі ерекше болғалы тұр.

Ауылшаруашылығы саласында да көрсеткіш жаман емес. Егін шаруашылығында әртараптандыру бағыты жақсы жолға қойылса, төрт түлікті төлдетуде облыста озық келеміз. Аграрлы саладағы көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 102 пайыздан асқан. Бұл салада 2358 шаруа қожалығы тіркеліпті. Демек, жыл сайын саладағы серпіліс оң нәтижеге бастап келеді. Қазір негізгі қажеттілік, ол – инфрақұрылым. Бұл бағытта Жаңақорған ауданы көш бастап тұр. Ауданаралық жолдар толық жөнделіп, ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Көгілдір отыны жүргізіліп, жарықтар жаңғыртыла бастады. Жыл соңына дейін кенттегі жарық жүйелері толық жаңарады деп күтілуде. Құрылыс жұмысы қарқынды, әлеуметтік нысандардың құрылысы да уақытылы жүруде.

Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айтарлықтай артып, былтыр барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Мәселен, ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткіші 140 млрд теңгеге жетіп, өсім 124,2 пайызға жетті. Ал, өңдеу өнеркәсібі бойынша жалпы өсім 140,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 105,4 пайызға ұлғайып, 60,5 млрд теңгені құрады. 

Былтыр ауданымыздағы барлық салаларда ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның ішінде құрылыс саласы қарқынды дамыды. Атап айтқанда, 2023 жылы ауданымыздағы құрылыс жұмыстарының көлемі 123,9 пайызға орындалып, межеленген жоспар толық орындалды. Сондай-ақ, былтыр 58 265 шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, аудан халқының игілігіне пайдалануға берілді. Өздеріңіз білетіндей, Жаңақорған ауданы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өте ыңғайлы аймақтардың бірі. Тиісінше, облыстағы барлық мал басының 28,7 пайызы біздің ауданда өсірілуде. Оның ішінде қойдың үлесі 47 пайызды құрайды. Осы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша, ауданда мүйізді ірі қара саны - 67 144 бас, уақ мал - 266 003 бас, жылқы - 25 398 бас, түйе - 1 790 бас, құс - 21 155 бас тіркелген. Мал басын әрі қарай көбейту және асылдандыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады. Егін егу бойынша да ауданымыз нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, былтыр 7 903 гектар жерге негізгі дақыл күріш егіліп, толығымен бастырылды. Тиісінше, егілген күріштің әр гектарынан 56,3 центнерден өнім жиналды..

Сонымен қатар, облыс көлемінде әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл сайын жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы екі айының өзінде көрсеткен нәтижеміз көңіл қуантады. Қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралған отырыста премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды, нәтижелерді саралады. Вице-премьердің айтуынша, облыста негізгі экономикалық макрокөрсеткіштер өсімі бойынша алдыңғы орынға жайғасты.

Иә, өндірісі өркендеп, өркениеті өрістеген өңір қазір индустриалды-аграрлы өлкеге айналды. Күріштің отаны саналатын облыс тек аграрлы салаға ғана емес, барлық салаға басымдық беріп, кешенді жоспарлар құрып, жарқын жобалар мен бірегей бастамаларды қолға алуда. Нәтижесінде аймақтар арасында көшіміз ілгеріледі. Отырыста үздіктер көшінің тізіміне енген өзге де аймақ¬тар назардан тыс қалмады. Үкімет басшысы барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облысы мен Астана қаласында өскенін тілге тиек етті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облысы мен Алматы қаласында байқалды. Қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.

– Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.
Мұнан бөлек, мәжілісте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Сыр өңірі екі ай қорытындысымен жоғары даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айтты. «Қаңтар-ақпан айларында ел экономикасы 4,2%-ға, барлық макрокөрсеткіштер Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті» – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар атаулы жиында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаралып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру барысын баяндады.

– Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5 %-ы өңделді. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырамыз. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру меха¬низмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралды.

Нұрлыбек Машбекұлы жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашы¬латынын, жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтетінін айтты. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылатынын жеткізді.

Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөлікте¬рі), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.

Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады, жоба құны – 29 млрд.теңге, қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылатыны арқау болды.

Осындай ірі бастамаларға ден қойған Үкімет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қызылорда облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуді тапсырды.

– Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарушылар аз. Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Осындай оң тәжірибелер әр өңірде болуы керек. Жобалардың барлығын аяғына дейін жеткізу қажет. Ерлан Нұралыұлы, Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керек, – деді Премьер-министр.

Ал, Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар тапсырма беріп, қазіргі жоғары даму қарқынын сақтауды және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.

Аудандағы негізгі капиталда шағын кәсіпкерлік пен өнім өндірудің үлесі басымырақ болып тұр. Әсіресе, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті тұрғындар қатары көбейді. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 112,3 пайызға жеткен. Қорыта айтқанда, өңір өркендеуінің шынайы көрсеткішін нақты цифрлар ғана емес әлеуметтік ахуал айқындап тұр.
 

Тағы да оқыңыз: