Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысты. Аймақ басшысы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысын таныстырып, журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Осы ретте аймақ басшысының брифингте сөйлеген сөзінің толық нұсқасын ұсынып отырмыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз үшін аса маңызды саяси реформаларды жүзеге асыруда Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

Ел Президенті мен Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірімізде тың жобалар жүзеге асуда.

2023 жылдың 4 айында облысымызда әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасына қол жеткізілді.

Ауыл шаруашылығының өнімі – 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4, сауда көлемі – 2,5, инвестициялар тарту – 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі – 44,0 пайызға артты.

Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артты.

Бюджетіміздің 64 пайызы (378,6 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған.

Өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру (сарқылу салдарынан) 6,5 млн тоннаға азайды (2013 жылы – 10,5 млн тонна, 2022 жылы – 4,0 млн тонна).

Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде зерттеу жалғасуда. Сараптама қорытындысы 2024 жылы анықталады.

Шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды қолға алдық.

Индустрияландыру аясында өңірде құны 607 млрд 700 млн теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – 6 мың 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

2022 жылдың қазан айынан бастап облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты нақты жұмысын бастады.

Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам (сомасы 4,5 млрд теңге) өніммен қамтамасыз етті.

Ағымдағы жылдың 4 айында 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республикамызбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.

Қазір шыны зауытының жанынан 32млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады.

Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ірі жобалардың бірі «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының (235 млрд теңге) құрылысы ағымдағы жылы басталады (бүгінде Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде).

«Бала-Сауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. 2022 жылы кешенде 454 тонна, ал биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп (аммоний метаванадаты мен ферромолибден), Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді.

Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылды («Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы»). Биыл құны 13 млрд 400 млн теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады (1-уі іске қосылды, Қызылорда қаласы, «Байұзақ» сауда үйі).

Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Атап өту қажет, аймағымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді (409,5 млрд теңге, 1 орын).

Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады.

Ал бүгінде өңірімізде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Айталық, 2023 жылдың 5 айында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 1700 жобаға қолдау көрсетілді (Былтыр 42 млрд қаржы бағытталған).

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 млрд 600 млн теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33%-ға ұлғайды (жұмыс жасап тұрған субъектілердің саны 39,2 пайызға ұлғайып, 72,1 мың бірлікті құрады).

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 1 млрд 300 млн теңгеге жеңілдетілген несие берілді.

«Ауыл аманаты» аясында 2,5 пайызбен 3 млрд теңгенің 454 жобасына жеңілдетілген несие беріледі (қосымша 19,5 млрд теңгеге салалық министрлікке 2756 жоба ұсынылды).

Бұл мемлекеттік қолдау шаралары негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталуда.

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндеттеріміздің бірі.

Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 2022 жылы өңірімізде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды (жоспар 4587).

Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға тұрақтады.

Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендетеміз.

Өңірлік картамыздағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткіздік, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды.

Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орындары (тұрақтысы – 6952 немесе 36,6 пайыз, уақытшасы – 12055 немесе 63,4 %).

Ауылшаруашылығы– өңір экономикасының негізгі салаларының бірі. Табиғи-климаттық жағдайына байланысты аймағымыздың егіншілік саласы суармалы егіске негізделген.

Биылғы жылы егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде.

Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында мал азықтық дақылдар көлемін 2 мың 300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5 мың 400 гектарға ұлғайттық.

Әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдерін дайындап беруді бастаған болатынбыз.

Осы игі бастама 2023 жылы да жалғасып, қала мен аудандарда 5488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді.

Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр дихандарын мемлекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілді.

Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 млрд 200 млн теңгеқаралды.

Ғалымдармен бірлесіп (Украина мемлекетінің), өңірімізде демонстрациялық алаң ашылуда.

Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдардың (соя, күнбағыс, жүгері, бидай) күріштің бірнеше сорттарын тәжірибе ретінде енгізу.

Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі – өзен суымен тікелей байланысты.

Сырдария өзенімен Аралтеңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 млрд 500 млн текше метрге азайып кетті (27 млрд м3-ден 18,5 млрд м3).

Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз.

Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде, өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, ағымдағы жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су түсті.

Мемлекет басшысының қолдауымен өткен жылдан бастап, құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асуда (2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы 1,9 млрд теңге бөлінді). Жоба келесі жылы аяқталады.

Нәтижесімен, Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде.

Өткен жылы 157 мың гектар жер қайтарылды (жоспар – 150,0 мың гектар, орындалуы 104%), биылғы жылы 200 мың гектардан астам жерді қайтарамыз.

(2022 жылы қайтарылған (157,1 мың гектар) жердің 19,6 мың гектары (оның ішінде 2022 жылы – 8,1 мың га, 2023 жылы – 11,5 мың га) шаруашылық жүргізу мақсатында табысталып, қайта айналымға енгізіді).

Ауылдарды дамыту – басым бағыттарымыздың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 - 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Тұжырымдама аясында облыс көлеміндегі ауылдық аумақтарға биылғы жылы 17 млрд 100 млн теңге (2022 жылы – 9,9 млрд тг) қаржы бөлінді.

Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда.

Осы жұмыстарға тұрғындарды ынталандыру мақсатында биылдан бастап, облысымызда «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Конкурсқа облыстық бюджеттен 467 млн теңге бөлінді.

«Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациялары бойынша жеңімпаздарды тәуелсіз сарапшы комиссиялары анықтайды.

Конкурс нәтижесімен жеңімпаздарға 14 техника табыстайтын боламыз.

Бұдан бөлек, қаланың жеңімпаз шағын аудандарына қосымша скверлер мен спорттық алаңдар салып, көше-аулаларға жарықтандыру жұмыстарын жүргіземіз.

Конкурсты жыл сайын өткізу дәстүрге айналады (келер жылға конкурс өткізуге 530,0 млн теңге бөлінеді деп күтілуде).

 

*****

 

Тұрғын үй саласын, инженерлік-инфрақұрылымды дамытуда да оң нәтижелеріміз бар.

Облыс көлемінде 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 30 үй (93, мың ш.м., 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады (облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 36 271 адам тіркелген).

Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.

Бұған жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді.

Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда (230 елді мекеннің 198-і су жүйесіне қосылған).

2023-2026 жылдар аралығында «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасына 12 млрд теңге қарастырылуда.

Өткен жылы 6 ауылдық елді мекен көгілдір отынға қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті.

Биыл 12 ауылдықелді мекенді газдандырамыз. Осының нәтижесінде газбен қамту деңгейі 75 пайызға жеткізіледі.

Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі өткен жылы 82 пайызды құрады, биыл 87 пайызға жеткіземіз.

Бұл мақсатқа биылғы жылы 38 млрд 100 млн теңге (РБ – 19,7 млрд, ОБ-13,7 млрд) қаржы қаралды.

Аймақ үшін өзекті жобаларымыздың бірі, бұл – Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы.

Аталған жолдың біздің өңірдегі ұзындығы – 216 шақырым. Осы жылы 140 шақырымнан астамы аяқталады деп күтілуде

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасын орындау мақсатында аймақта ірі жоба жүзеге асуда.

Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу электр орталығының іргетасы қаланды.

Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы іске қосылады.

Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.

Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 дана жаңа автобус алдық.

Биылғы жылы қыркүйек айына дейін тағы 150 автобус алынады. Осылайша, біз аймақтың бас шаһарындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешеміз.

Әлеуметтік салада да оң серпін бар. Оның ішінде денсаулық сақтау саласында даму динамикасы байқалады.

Айталық, өткен жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 12%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33%-ға, жарақат, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 41%-ға, сәбилер өлімі 44%-ға, ана өлімі 48%-ға төмендеген.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады.

Биыл Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды.

Құны 36 млрд 400 млн теңге болатын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылы беріледі.

Қызылорда қаласында жаңадан 200 төсектік перинаталдық орталық салынады.

Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Облыста – 179 мың 869 (мемлекеттік – 172625, жеке – 7244) бала білім алуда, оның 8210-ы биыл мектеп бітірді. Түлектердің 7421-і (90,4%) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Жылдағы дәстүрмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударудамыз.

Осы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде (7 мемлекеттік, 3 жеке) 8 мыңнан астам балалардың демалысы ұйымдастырылады.

Демеушілердің қолдауымен 3000 өрен еліміздің алдыңғы қатарлы лагерлерінде тынығатын болады.

Бұдан бөлек, 96 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде демалады.

Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылатын «жайлы мектеп» жобасы аясында 21 мектептің құрылысы салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

Өткен жылы Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келу барысында білім мәселелері де көтерілген болатын.

Нәтижесімен бірқатар ұсынған жобаларымызға қолдау білдірілді.

Соның негізінде, «Білімді қолдау қоры» есебінен, Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағықұны – 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын мектеп-интернат құрылысы басталды.

Осы тізімге облыс бойынша тағы 1 775 орынға лайықталған 4 мектептің қосымша құрылысын енгіздік (№101 Ә.Мүслімов, №2 «Абай», Жезқазған трассасы бойында 600 орынға, Шиелі ауданы, Байсын ауылындағы 250 орынға). Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында Сеултех пен Қорқыт Ата университеті меморандумға қол қойды.

Ендігі жерде университет базасында Сеултехтің Қызылордадағы филиалын ашуға мүмкіндік алдық.

Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір жоба – Қызылорда қаласының сол жағалауында «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы».

Үкімет басшысы ұсынысымызды қолдады республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы биыл басталады. Жоба құны 6 млрд 900 млн теңге.

7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионы да бой көтереді.

Биылғы жылы облыс орталығында құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайтын «Неке сарайы», құны 3 млрд 700 млн теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігіне пайдалануға беріледі.

975 млн теңгені құрайтын заманауи талаптарға сәйкес жаңа автовокзал құрылысы салынуда. Жыл соңында ел игілігіне пайдалануға беріледі.

«Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын.

«Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елін көркейтуге үлес қосуда.

Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда.

Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. 2024 жылы мамырда ел игілігіне табысталады.

Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценант Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1млрд 500 млн теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жақында, тамыз айында пайдалануға беріледі.

Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд теңгеге орталық алаң жаңғыртылады.

Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.

Демеушілердің қолдауымен Арал ауданы, Тоқабай ауылында апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа мектеп салынуда. Алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.

«Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы осы жылдың шілде айында басталады.

Президентіміз жариялаған «Балалар жылы» аясында аймағымыздың демеушілерімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды.

Өткен айдан бастап демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығында 50 үйдің қас беттері заманауи панелдермен жаңартылуда.

1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда. Яғни, заманауи спорт-алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.

Аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген жерлестерімізге алғысымыз шексіз!!!

Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен «Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері туралы» кеңейтілген мәжілісінде экономикалық саясаттың 8 нақты бағыттарын айқындап берді.

Ендігі біздің міндет – осы бағыттарды нәтижелі жүзеге асыру арқылы өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру.

Құрметті брифингке қатысушылар!

«Сыр елі – жыр елі» атанған аймағымыз қашаннан Қазақ елінің мәдениеті мен руханиятын дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды – жерлесіміз Темірбек Жүргенов жылы деп жариялады.

Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер байқауы, Кеңес Дүйсекеев атындағы әншілер конкурсы биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтті.

Жақында облысымызда симфониялық оркестр құрылып, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жұмысын бастады.

Бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта жасақталуда.

Өңірімізде табылған сақтардың «Шірік-Рабат Алтын адамы» мен Алтын Орда кезеңіндегі «Сығанақ ханшайымының» қалпына келтірілген мүсіндері жасалатын болады.

Биылдан бастап, мәдениет, әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын табыстауды бастадық.

 

Қызылорда облысының әкімі                                                                          Н.Нәлібаев

Тағы да оқыңыз: