Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында күріш алқабының көлемі бес мың гектарға қысқарады. "Өнім азайып, кіріс тоқтайды" деп дабыл қаққан шаруалар су тапшылығының алдын алуға кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Күріш көлемін қысқартуға бірден-бір себеп – жыл өткен сайын Сырдария өзеніндегі судың сарқылуы. Ал көктем шыға тіршілік нәрінен тарығатын шаруалардан қазірден-ақ маза кетті.
"Шардара" су қоймасына секундына 645 текше метр су түседі. Төменгі ағысқа 200 текше метр су жіберілуде. Оның 100 текше метрі "Көксарай" су реттегішіне жиналып, 100 текше метрі Қызылорда облысына жіберіледі. Арыспен қосқанда "Көктөбе" су бекетіне, яғни Қызылорда облысына секундына 180 текше метр су келіп түседі", – деді "Арал-Сырдария" бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.
Биыл Сыр диқандары украиналық ғалымдармен бірлесіп, жаңа сұрыптарды жергілікті ауа райына бейімдеп жатыр. Былтыр мұндай тәжірибеден ресейлік өнім өткен. Өз кезегінде мұндай шаралар егістікті құрғақшылықтан құтқаруға сеп болады.
"Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында 2022 жылы үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд теңге қаржыға 21 каналдың 225 шақырымы тазаланса, 1 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өткізіліп, 133 дана насос қондырғысы сатып алынды, 52 ұңғыма бұрғыланды. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 141 каналдың 809 шақырымы тазаланып, 321 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өткізілді. Осының арқасында, әрине су тапшылығы сезілгенімен судан қалған егіс көлемдері болған жоқ", – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Су тапшылығы сезілсе де, былтыр Қызылорда облысында негізгі дақыл күріш 89 мың гектарға жетіп, қамбаға жарты миллион тоннадан астам өнім құйылған. Шетелге 45 мың тонна күріш экспортталғаны тағы бар. Ал биылғы меже былтырғыдан 12 пайызға аз. Аз егіннен мол өнім алу агротехникалық шараларды күшейтуге әкеп тірейді.
"Суды үнемдеуге септігін тигізетін дақылдарға көшудің бір қиыны олардың көпшілігі қолмен жасалады. Дақылдарды егуден бастап жинауға дейінгі аралықтағы мәселенің барлығын механикаландыруға көшкен жағдайда, диқандардың бетін бері қаратып, суды 2 немесе 3-4 есе аз пайдалануға мүмкіндік береді", – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.
Аймақтағы алқаптың 60 пайызын суландыратын "Сол жаға" магистралды каналына су бөлу басталған. Тапшылықтың өнімге әсерін азайту үшін жергілікті шаруалар егісті әртараптандыруды қолға алмақ. Әрі жоспарға сай, күріш алқабының 55 пайызы лазерлік тегістеуден өтсе, тіршілік нәрін 15 процентке дейін үнемдеуге мүмкіндік туады.