Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласы Сырдария өзені арқылы келетін су көзіне еріксіз тәуелді. 2020 жылдан бастап Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталатын су көлемінің төмендігінен егістікке су алу науқаны кезеңдерінде Сырдария өзенінің төменгі ағысында су тапшылығы жағдайы жыл сайын күрделенуде. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте айтты.
Биыл вегетациялық кезең басында Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде жинақталған су көлемі өткен жылдан 0,6млрд.м3 кем болуынан ҚР Су кодексінің 82 бабының 2 тармағына сәйкес жылдың сулылығы болжамын ескере отырып, 3,7 млрд.м3 (водозабор) су пайдалану лимиті белгіленді (2023 жылы – 3,8 млрд.м3 болған).
Белгіленген су пайдалану лимитіне сәйкес Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен 187,5 мың гектар жерге егіс орналастыру жоспарланса, оның ішінде 81,2 мың гектарына күріш дақылын егу межеленуде.
−Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы тарапынан нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде. Соңғы ақпаратқа сәйкес филиал 760 су пайдаланушылармен (2023 жылы барлығы – 927 су пайдаланушы болған) 116,0 мың гектар егіс алқабына 2,665 млрд.м3 (водоподача) су көлемін (жоспар – 2,96 млрд.м3) жеткізіп беруге келісім-шарт жасалды.
Сондай-ақ белгіленген су пайдалану лимиті мен нақтыланған индикативтік жоспарға сәйкес су пайдаланудың күнтізбелік жоспарын әзірлеп, кестеге сәйкес жұмыс жасауда, − деді ол.
Вегетациялық кезеңде егіс алқаптарына 21 сәуірден бастап каналдар арқылы Сырдария өзенінен 1 194,3 млн.м3(водозабор) су алынып, су пайдаланушыларға 936,9 млн.м3 (водоподача) су нақты жеткізілген.
Филиал тарапынан әзірленген күнтізбелік жоспарға сәйкес мамыр айының үшінші онкүндігінде Сырдария өзенінен магистралді және шаруашылықаралық каналдар арқылы 460,0 м3/с су алуы қажет болса, бүгінгі күні каналдармен нақты 460,0 м3/с су алуда. Облыс аумағында егілетін күріш дақылының көлемі 81,2 мың гектар болса, бүгінгі күні 80,1 мың гектары себіліп (98%), оның ішінде 73,2 мың гектары суға бастырылды.
−Бүгінде су пайдаланушылардың суға сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы әкімдігімен, аудан әкімдіктерімен тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық өндірістік бөлімшелерінің барлық мамандары күндіз-түні егіс алқаптарына су жеткізіп беру бағытында жұмыс жасауда, −деді Айдос Әлібекұлы.
Ал бүгінгі күні, Шардара су қоймасына секундына 660,5 м3 су түсуде, бұл өткен жылдан 555,3 м3 артық.
Көксарай су реттегішінде жиналған су көлемі 302,2 млн.м3, өткен жылдан 138,02 млн. м3 кем. Қызылорда облысына секундына 654 м3 су жіберілуде.
− Сырдария өзені арқылы түсіп жатқан су шабындық пен жайылымдық жерлерге және егістікке жіберілуде.
2023 жылдың 8 желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді.
Кешенді жоспарға республикалық меншіктегі 26 магистралды және шаруашылықаралық каналдарды, 21 қашыртқыларды қайта жаңғырту, 144 тік дренажды ұңғымаларды қайта жаңғырту, каналдарды цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілді, − деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.
Айта кетейік, өңірде «Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Келінтөбе магистралды каналына су беретін канал» жобасы мен «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылдық округіндегі науалық суғару жүйесінің құрылысы» жобасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен бірге, Су ресурстары және ирригация министрлігіне комуналдық меншіктегі 8 су шаруашылығы нысандарына күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім ұсынылды.