Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс екпінін қарқындату, индустриялық-инновациялық жұмыстарды қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы ретте индустриялық бағыттағы жұмыстар да облыс экономикасының дамуына серпін беретінін айта кеткен жөн. Әсіресе «Индустрияландыру картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бұл бағытта бір ғана Қызылорда қаласының өзінде 12 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қызылорда қаласында «Индустрияландыру картасы» аясында жоба құны 63.9 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылуда. Бүгін нақты қандай жобалардың қолға алынғанын саралайтын боламыз.
Қала әкімдігінің ресми сайтына жарияланған деректерге жүгінсек, қолға алынған жобаның бірі – «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы». Бұл жобаны «Orda Glass LTD» ЖШС жүзеге асырады. Қолда бар деректерге жүгінсек, зауыт іске қосылып, қазіргі таңда тұрақты өнім шығарылуда.
Тізімге енген жобаның бірі – «Нұр Орда жолы» ЖШС ұсынған асфальт-бетон зауыты. Ұсынылған жоба қолдау тауып, Қызылорда қаласына қарасты «Оңтүстік» өндірістік аймақ пен Белкөл кентінің аумағынан 4 гектар жер телімі берілген. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 4 гектар жер телімін алған зауыт бүгінде тұрақты жұмыс жасауда.
Индустрияландыру картасында «Вега Пром» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын шығару» жобасы да бар екенін айта кетейік. Жобаны жүзеге асыру үшін Белкөл кентінен 2,9 гектар жер телімі берілген. Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда бұл жоба да тұрақты түрде жұмыс жасап тұр.
Ақпарат көзерінде «ТриМо» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500 тонна екіокись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру» жобасы жайлы бірнеше мәрте жазылған болатын. Жобаны жүзеге асыру мақсатында өндіріске орналастырылған қондырғылардың технологиялық процеске сәйкес келмеуіне байланысты жаңадан термотөзімділігі және химиялық төзімділігі жоғары басқа қондырғы сатып алу қажеттілігі туындаған. Бұл жабдықты жобалауға, дайындауға, монтаждауға және сынақтан өткізуге Ресейден арнайы мамандар шақыртылуда.
Аймақтың аграрлы өңір екенін назарға алсақ, егінмен қатар мал шаруашылығымен айналысатындардың да кәсібін дамытқысы келетіні түсінікті. Әсіресе ет бағытында жұмыс істейтіндер білегін сыбана жұмысқа кіріскені қашшан. Әйтсе де олардың көбі малды сойып, етін өткізумен ғана шектелетіні жасырын емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін облыс орталығында арнайы ет комбинаты ашылуы керек-ақ. Қызылордада бұл бағыттағы жұмыс та қолға алынған. «Ет комбинаты» жобасының су мен газға және электр желісіне байланысты сыртқы инженерлік жүйелердің жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары облыстық бюджеттен су жүйесін жүргізуге 49,5 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, электр желісін тартуға өткен жылы 13,8 млн. теңге бөлініп, қаржы толық игеріліп, жобаға қажетті электр энергиясы жеткізілді. Қаңтар айындағы деректер бойынша қаржы мәселесінің туындауына байланысты комбинаттың құрылысы тоқтап тұр.
Қазіргі уақыт үшін таптырмас кәсіптің бір түрі ретінде мотор майларының өндірісін атап өтуге болады. «Кызылорда Рефайнэри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәл осы жобаны қолға алған. Нақтырақ айтсақ, «К4, К5 экологиялық кластағы мотор майларын өндіру» жобасы бойынша тұрақты электр қуатымен, газбен жабдықтауға, телекоммуникация желілерін тартуға және «Батыс Еуропа - Батыс-Қытай» автокөлік магистраліне түйісетін жолға техникалық шарттар алынған. Бүгінгі күні жобаның сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жүргізу мақсатында техника-экономикалық негіздеме жоба бастамашысының өз қаражаттары есебінен әзірленіп жатыр.
Бүгінде Қазақстанның кез келген аймағында құрылыс қарқын алған. Сол құрылысқа қажетті заттың бірі кәдімгі арматура екенін жақсы білеміз. «Pump Trade KZ» ЖШС осы жобаны қолға алып, «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу» жобасымен айналысуда. Бүгінде жерді қоршау жұмыстары аяқталған. Әкімшілік және бақылау-өткізу бекетінің құрылыс жұмыстары басталған. Дегенмен қаржы мәселесінің туындауына байланысты жобаның құрылыс жұмыстары тоқтаған.
Кейінгі кезде төрт түліктің терісі де, жүні де пұл болмай қалды деп жатамыз. «Orda TEXC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы» жобасын ұсынған. Тіпті «Өндіріс» индустриялық аймағынан 2,2 гектар жер телімін беру туралы шешім де қабылданған. Қазіргі таңда жерді рәсімдеу жұмыстары аяқталды. Әйтсе де қаржылық жағдайға байланысты жоба бастамашысы инвестор қажет етеді.
Құрылыс материалы ретінде күйдірілген қыштың да өзіндік орны бар. «Ақселеу» ЖК «Күйдірілген қыш шығару шағын зауыты» жобасын әзірлеген. Мемлекеттен қолдау шарасы ретінде «Өндіріс» индустриялық аймағынан 5 гектар жер телімі берілді. Қазіргі таңда жоба тұрақты жұмыс жасауда.
Индустриялық картадағы жобаның бірі – «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты». Бұл ісіті «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС қолға алған. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Өндіріс» индустриалық аймағынан 15 гектар жер телімі берілді. Бүгінгі күні инженерлік-инфрақұрылым жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуге тапсырылуда.
«Айғасар» ЖШС-ның «Ерекше балаларға арналған иппотерапия» жылқылы-сауықтыру клубын ашу және бие сүтін өңдеу цехын салу» жобасы да ерекше жобаның қатарына жатады. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 10 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда жоба тұрақты жұмыс жасауда.
Қызылорда қаласына арнайы жабдықталған құс фабрикасы керек-ақ. «Кәусар» ШҚ ұсынған «Құс фабрикасының құрылысы» жобасына Қызылорда қаласынан 1,3 гектар жер телімі рәсімделді. Қала әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда қаржы мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы.
Айта кетейік, материал Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметтер негізінде әзірленді.
Қызылордада әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында атқарылған бұдан да басқа тірліктер жетіп артылады. Облыста құрылыс қарқын алуда. Әсіресе тұрғын үй құрылысы көптеп салынып, өңіріміз бұл бағытта республикадағы көшбасшылар қатарына қосылды. Жақында ғана өткен Үкімет отырысында Қызылорданың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орында екені де айтылды. Осы бағытпен Сыр еліндегілер әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ