Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының басшысы Бауыржан Әбдіғаппарұлы бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг берді. Онда мекеме басшысы қала тұтынушыларын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мен кәріз суларын бұру және тазарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 976,12 шақырым ауыз су жүйелері, 11 дана ІІ-ші су көтеру насос станциялары, 112 ұңғыма, 6 дана су қысымын көтеру насосты станциялары және Тасбөгет кентінде бас су жинау кешені бар. Сала басшысы тұтынушыларға 74 ұңғыма арқылы тәулігіне 74-78 мың текше метр ауыз су өндіріліп, таратылып отырғанын айтады. Ауыз су қажеттілігі артқан уақытта су қысымы 2,4-2,5 атмосфераға дейін көтеріледі екен. Айтуынша, барлық ұңғыма мен су алу құрылымы жүйелі жұмыс істеуде. Жаз айларында тәулігіне 100-110 мың текше метр ауыз су өндіріліп таратылады. Оның 62-63,0 мың текше метр ауыз су жер асты су қорынан, қалған 37,0-38,0 мың текше метр ауыз су жер үсті су алу көзінен өндіріледі.
– Ауыз су сапасы Қазақстан Республикасында бекітілген стандарттарға, яғни 2874-82 ГОСТ-қа сай келеді. Су сапасы кәсіпорынның базалық зертхана мамандарымен күнделікті тексеріліп бақыланады, сонымен қатар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасымен қадағаланады, – деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен қатар, брифингте сала басшысы Бауыржан Әбдіғаппарұлы ауыз су сапасы бойынша түсетін шағымның көпшілігі «Арай» ауданы тұрғындарынан түсетінін атап өтті. Бұл құрылымға 2013 жылы Қызылжарма кен орынынан 13 бірлік ауыз су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілген. Ұңғыма терендігі 470-482метр, 2-ші көтерілімдегі насосты станциясы, көлемі 1000м3 болатын 4 дана таза су резервуары бар.
– Су жинау резервуарына құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес 2 жылда 1 рет тазартылуы керек болса, Арай су алу құрылымының таза су резервуарлары мен кварталаралық ауыз су жүйелеріне тазарту, жуу, шаю және залалсыздандыру жұмысы бір жылда 2 реттен жүргізілуде. Наурызда жоспардан тыс тазарту, жуу, шаю және залалсыздандыру жұмысы жүргізілді. Бұған қоса, «Гео-Инвест» ЖШС мамандарымен ауызсу сапасына геологиялық барлау, талдау жұмысын жүргізуге келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта тексеру жұмысы жүргізілуде, – дейді кәсіпорын басшысы.
Жаз маусымындағы су мөлшерінің төмендеп кетуіне көлік жуу бекеттерінің де әсері мол екен. Оның үстіне дария суы да азайып, тіршілік тынысына деген сұраныс артуда.
– Соған қарамастан ауызсу қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін, жергілікті бюджеттен 620 миллион теңге бөлініп, межеленген жұмыс орындалды. Жоспарланған 36 ұңғыманың ағымдағы, 14 ұңғыманың және 6 бірлік су қысымын көтеру насос станциясының күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл насос станциялар 63 көпқабатты тұрғын үйлердің су қысымын реттейді. Қазіргі таңда 3 ірілендірілген квартал су қысымын көтеру насосты станциясы іске қосылды. «Южный» және «Титов» шағын ауданындағы су қысымын көтеру үшін қажетті трансформаторлық қосалқы станциясы мердігермен жеткізілуде. Алдағы уақытта тағы да 149 көп қабатты тұрғын үйдің су қысымын реттейтін 6 бірлік су қысымын көтеру насос станциясының құрылысын жүргізуге «Қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне ұсыныс берілді, – деді мекеме басшысы.
Брифинг барысында кейбір тұрғындар су есептеу құрылғысын негізсіз шешіп алу фактісі кездескенін де тілге тиек етті. Арнайы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен шешілмеген құрылғы үшін айыппұл төленетіні ескертілді.
сурет: Ақмешіт жастары