Kyzylorda-news.kz.  Дүниенің төрт бұрышы мен ғарыштық кеңістікті үштастырып жатқан, түркі дүниесінің абызы, қасиетті Қорқыт бабаның мәңгілік қоныс тепкен, әулие-әмбилер мекені болған қасиетті Қармақшы ауданы жылдан жылға дамып келеді.

Қармақшы ауданы – Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жергілікті жұрт негізінен мал бағып, егін егумен айналысады. Ендігі кезекте, ауданның негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ тоқталсақ... 

Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан эконономикасын нығайту бағытында біршама жұмыстар атқарылып, нәтижесінде аудан экономикасының көптеген салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне қол жеткізілді. Десекте, алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.

Қармақшы ауданының 2023 жылға нақтыланған бюджет көлемі 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 1,9 млрд теңге өз кірістері, қалған 11,4 млрд теңге субвенция, трансферттер және кредиттер.

Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен 2023 жылға бекітілген бюджетпен салыстарғанда нақтыланған бюджет республикалық қаражат есебінен 2 млрд теңгегеден астам қаржы қосымша тартылды.
Бүгінгі күнге жыл басынан ауданға 1,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,0 пайызға артып отыр. 

Ал, осы өнеркәсіп саласының 87 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1,4 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 есеге артып отыр.

Кәсіпкерлік саласында өсім бар

Ауданның экономикалық дамуы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін шағын кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда.
Экономиканың басты драйвері – кәсіпкерлік екені анық. Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласында алға жылжу бар. Әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында, одан бөлек негізгі салаларда оң өзгерістер байқалады. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашуға, бизнес субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Жыл басынан өнеркәсіп саласының кәсіпорындарымен 1,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 

Аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2023 жылдың 1 сәуіріне 4 269 бірлікті құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 31,1 пайызға, оның ішінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 4 011 бірлікті құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36,5 пайызға артты. 
2022 жылы аудандағы кәсіпкерлік саласындағы жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 млрд. теңгеге жуық  қаржыландырылды (3,4 млдр. несие, 621,3 млн. теңге грант).

Ал, биылғы жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 61 жоба 426,4 млн теңгеге қаржыландырылды.
Жыл соңына дейін, кәсіпкерлік саласындағы жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру көлемі былтырғы жылдан да жоғары болады деп күтілуде.

Қазіргі таңда, «Ауыл АМАНАТЫ» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекендерден ниет білдірген азаматтардың 1,3 млрд теңгені құрайтын 195 жобаның құжаттары жинақталып, жобаларға іріктеу жүргізілуде.
Бұдан бөлек, 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 280 млн теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, жалпы несие портфелі 2,0 млрд теңге болатын жобалар әзірленетін болады.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі қолға алынуда. 

Ол үшін, индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биылғы жылы іске қосылады деп күтілуде (маусым-шілде айларында іске қосылады).
Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС-гі газоблоктар өндіретін шағын зауытын ашу және Төретам кентіндегі «МИР-2001» ЖШС-нің бетон бұйымдарын өндіру шағын зауытын кеңейту жобасы іске асырылуда.

Бұдан бөлек, аудандағы сауда саласын одан әрі дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жергілікті кәсіпкердің (Нағима Тоқсанбаева) бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 150,0 млн теңгені құрап отыр.
Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыру үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 50.0 млн теңге несие қаражаты берілді.

Бақша дақылдарын өсіруге жұмылды

Ауылшаруашылығы – экономиканың маңызды саласы. Қармақшы ауданының әлеуметтік экономикалық жағдайы ауылшаруашылығына негізделген.
2023 жылдың 1 сәуіріне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 млрд 454 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызды құрап отыр.

2023 жылы жалпы көлемі 26409 гектар алаңға егіс орналастыру жоспарлануда.
Аудан әкімінің қолдауының арқасында 2022 жылдың егіс көлемімен салыстырғанда 2 383 гектарға артық, оның ішінде күріш көлемі 13 500 гектар болып, өткен жылмен салыстырғанда 727 гектарға артты (былтыр 12773 га).
Қазіргі таңда, 1050 гектар жаздық бидай, 1050 гектар мақсары, 4140 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар арпа, 5 гектар күнбағыс, 50 гектар құмай дақылдары егіліп, 4956 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, суарылды.

22 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес күріш егу және суға бастыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда, 8 950 гектар күріш егіліп (66,3 пайыз), 6800 гектар күріш суға бастырылды (50,4 пайыз).
Көктемгі дала жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Дегенмен ауданға бөлінген су лимиті жеткіліксіз түсуде.
Кестеге сәйкес 55 м3/сек су түсуі қажет болса, қазіргі таңда 52,25 м3/сек су түсуде.

Аймақ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл тұрғындарын негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзін қамтамасыз ету үшін қосымша бақшалық жерлер дайындау бойынша биылғы жылы 392 гектар бақшалық жер дайындалды. Оған 736 отбасы жаппай бақша егуге кірісті.

Қазіргі таңда, бақшалық жерлер айдалып, қарықталды. Су жүйелері қазылып, Алдашбай ахун ауылдық округінде 12 гектар картоп егілді. Бақша дақылдарын егу жұмыстары жаппай жүргізілуде.
Сонымен қатар, биылғы жылы Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» ЖШС-гі 5 гектер жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, күтімге алды. Және де аталған шаруашылық жабынды астында (под пленка) егу әдісімен 2 гектар жерге қарбыз дақылын орналастырды.

Құрылыс қарқыны артты

Құрылыс саласына келетін болсақ, соңғы жылдары Қармақшы ауданында құрылыс жұмыстары да қарқынмен жүргізіліп жатыр. Биыл аудан бойынша бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылдың 1 сәуіріне құрылыс жұмыстарының көлемі 203,0 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 69,3 пайызға артты. Атап айтқанда, елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай Ахун ауылдарында «су қабылдайтын құрылғыны қайта құру» жобалары іске асырылуда.
Ауданның көгілдір отынға қосылған елді мекендерінің санын арттыру мақсатында, (бүгінгі күнге аудан бойынша тек Жосалы кенті қосылған) Төретам кенті және Ақай ауылдық округіне газ тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтарын қалыпқа келтіру үшін Жосалы кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің бу қазандығын табиғи газге ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Қармақшы аудандық ауруханасының Шипагер емханасы үшін бу қазандығының ғимаратын, Қармақшы ауылы мен Көмекбаев ауылындағы балабақшаларда бу қазандықтарының ғимараттары салынады.
Аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және мәдени дамуы мақсатында Қуаңдария ауылындағы 100 орындық клуб құрылысы жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді.

«Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақай елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
Республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында ІІІ Интернационал ауылындағы және Дүр Оңғар ауылында спорт кешендерінің құрылысын бастауға қаржы қаралды, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 
Сонымен қатар, аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы, Иіркөл, Ақжар, Ақай ауылдық округтерінде балалар және спорттық алаңдарының құрылғыларын орналастыру жұмыстары жүргізіледі.

Компьютерлік томография кабинеті ашылды

Денсаулық сақтау саласында 2023 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Атап айтқанда, тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында аудандық орталық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды.
Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары томография қызметін алу үшін облыс орталығына баратын болса, ендігі кезекте аудандық орталық ауруханаға жүгінетін болады.
Сонымен қатар, «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (205,1 млн теңге). Аудан бойынша Тұрмағамбет (391,0 млн теңге), Ақжар (392,8 млн теңге), Дүр Оңғар (396,6 млн теңге) ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізіледі.

Жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Кезек күттірмейтін мәселелер қатарында жол мәселесі де бар. Ауданның инфрақұрылымын дамыту маңызды, оның ішінде жол мәселесі басты назарда.
Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағанбет-Көмекбаев» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары басталады. 
«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекендердің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Жосалы кентінде 15 көше, Ақтөбе ауыл округінде 1 көше, Ақай ауыл округінде 3 көше, Ақжар ауыл округінде 1 көше, ІІІ Интернационал ауыл округінде 1 көше жөнделді.

Бұқаралық спорт – болашақ жеңіс бастауы

Бұқаралық спорт – спорт саласының ең маңызды іргетасы. Оны дамытпай, ел спорты Олимпиада тәрізді белестерді бағындыруы мүмкін емес. Сол себепті бұқаралық спорт іс-шаралар бойынша аудан тұрғындарының ішінен шұғылданатын адамдар саны 18393 адам, немесе 34,2 пайызды құрап отыр.

Абаттандыру жұмыстары маңызды

Жосалы кентінің 19 көшесі мен Дүр Оңғар ауылының 5 көшесі жарықтандырылады. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуандария ауылында 2 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 11 су ұңғымаларын орнату жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, аудандағы өзекті мәселерді шешу мақсатында 2024 жылы Дүр Оңғар ауылына ауылға дейінгі газ желісінің құрылысы мен Жосалы кенті «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысын жүргізу жоспарлануда. 
Сонымен қатар, Жосалы кентінде темір жол арқылы тірек қабырғалары бар жол өтпесінің құрылысы жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу» жобасына техникалық-экономикалық негіздеме құжатын әзірлеуге аудандық бюджеттен 9,3 млн теңге қаралды.

Жоғарыда аталған жобалардың құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражатты қарауға салалық министрлікпен жұмыстар жүргізілетін болады. 
Бұдан бөлек, Қармақшы ауданы бойынша құны 13,4 млрд теңге құрайтын 27 жоба дайындалды.

Аудандық бюджет қаражаты есебінен 18 жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп сараптамадан өткізуге 107,9 млн теңге қаралып, қосымша жобалар әзірленуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен 2 жоба-сметалық құжаттар жасақталуда (Жосалы кентінен Өнер мектебінің құрылысы және Тәуелсіздік ықшам ауданына ауыз су тарту жұмыстары).
Алдағы уақытта аталған жобаларды қаржыландыру бойынша тиісті салалық Министрліктермен жұмыстар жүргізілетін болады. 
 

Тағы да оқыңыз: