Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңдібастау туралы тапсырмасы аясында өңірлерде жеке және шетелдік инвестициялар көлемін арттыру, ол үшін біртұтас экожүйе қалыптастыру, даму институттары мен бизнес арасында тиімді диалог орнату мәселелерін атап өткен болатын.

Осыған орай кеше облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің төрағалығымен ҚР даму институттары өкілдерінің «Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және экспортты ілгерілету бойынша мемлекеттік қолдау шаралары туралы өңірлік семинар-тренингі өтті.

Шараға жергілікті атқарушы органдар, өңірлік даму институттары және бизнес-қауымдастық өкілдерімен өзара тығыз байланыстар орнату мақсатында «Kazakh Invest» ҰК», «Бәйтерек» ҰБК», «Қазақстанның даму банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Kazakh Export» ЭСК», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарының өкілдері, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, қаржы ұйымдары және банк басшылары, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік директорлары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты.

Семинарда облыс әкімінің  орынбасары облыстың инвестициялық әлеуеті туралы айтты.  «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның «бір терезе» тобының басшысы Ғазиза Әбдінабиева инвестициялық қызметте мемлекеттік көрсететін қолдауына тоқталды. Ал облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев инвесторларды қорғау бойынша атқарылған жұмыстарды сарапқа салды.

Семинарда «бір терезе», «жасыл дәліз» қағидаларына сәйкес инвестициялық қызметті жүзеге асыру, өнеркәсіп саласын дамыту және шикізаттық емес экспорт көлемін арттыру бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қызылорда облысында алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған 17 инвестициялық жобаға облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлер арасында үшжақты «Жол карталарына» қол қойылды. Бұл өз кезегінде облыстың бизнес ахуалын жақсартуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға жаңа серпін бермек.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: