Kyzylorda-news.kz.   Ауыл – алтын тамыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылды «Ауыл жылы» деп атауды ұсынған болатын. Ауыл десе елең етпейтін қазақ кемде-кем болар. Ауыл – қазақ үшін қасиетті мекен. Ауыл қазақы тәрбиенің қайнар көзі, дәстүр мен ділдің ордасы.КезіндеБейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деп жайдан-жай айтпаса керек-ті. Мақал-мәтелге айналып кеткен бұл сөздің астарында терең шындық бар. Ауыл деген – қазақ. Ауылдың жағдайы жақсы болса, қазақтың да төрт құбыласы тең.

Бүгінде аудан орталығына қарасты ауылдық округтерге ерекше мән беріліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Соған сай ауылдық жерлерде жаңа кәсіп түрлері дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңашылдықтар бастау алуда. Осы ретте ауданға қарасты Іңкәрдария ауылдық округінің әкімі Сәулет Есдәулетовпен арнайы сұхбат құрып, тәтті қауын мен қарбыздың, бау бақша дақылдарының ордасына айналған елдімекеннің бүгінгі жай күйімен танысуды жөн көрдік.

– Сәулет мырза, бүгінде мақтаулы ауылдар қатарынан көрініп, халыққа дәмі тіл үйірер тәтті қауын, қарбызымен аты танылған Іңкәрдария ауылдық округі туралы жалпылай айтып өтсеңіз?

– Іңкәрдария ауылының 2022 жылғы әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындылары туралы сөз қозғайтын болсақ, жалпы Іңкәрдария ауылдық округі бойынша 160 отбасы тіркелген. Яғни 815 халық тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 358-ді көрсетсе, ол жалпы халықтың 43,9% құрайды. Жыл бойына облыс орталығы мен аудан орталығына күнделікті автобус қатынайды.  Қоғамдық көлік көпшілікті тасымалдап, халыққа тиімді қызмет көрсетуде. Ауылда мектеп, шағын орталық, емхана, ауылдық клуб үйі, кітапхана, ветеринарлық станция, қазпошта байланыс бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық округте 7 көше бар. Ауылда 5 тыл ардагері, 63 зейнеткер, 35 мүгедек, 11 «Алтын алқа» және 10 «Күміс алқа» иегерлері бар. Мемлекеттің негізгі байлығы – адам болса, ауылдың үлкендері әр іске бастамашы болып, ақ тілеулес болып отырса, жалынды жастарымызбен мақтанамыз. Ал келер ұрпақтан күтеріміз мол.
2022 жыл бойына жеке тұлғалардан жер учаскелеріне  байланысты барлығы үш өтініш  келіп түсіп заң талаптарына сәйкес қанағаттандырылды. Ауылдық округі әкімі аппаратыннан он бес шешім, жүз алты өкім шығарылды. 2022 жыл бойына жеке және заңды тұлғалардан барлығы жеті өтініш түсіп, барлығы заңға сәйкес қанағаттандырылды.

– Қай елді мекен болсын, мемлекет болсын өзінің білім саласымен, білім беру ұйымдарының жұмысымен бағаланатыны анық. Себебі білімді үрпақ – елдің ертеңі. Осы ретте ауылдық округтегі білім беру саласы туралы тоқталып өткен орынды болар.

– Дұрыс айтасыз. Ауылдық округте бір орта мектеп ауыл балаларын білім нәрімен сусындандырып келеді. Елді мекенде орналасқан №191 орта мектебі алты жүз жиырма төрт орынға шақталған. Мектепте отыз жетімұғалім еңбек етіп, жас ұрпақ санасын білім нәрімен нұрландырып келеді.  Олардың  34-і жоғары білімді, 3-і арнаулы орта білімді. Сондай-ақ бірқатар пәндер электронды оқулықтармен оқытылып, ғаламтор желісі іске қосылған. Өткен2021-2022 оқу жылында 196 оқушы білім алды. Қарақасқа елді мекенінен он бір оқушы тасымалданып,төрт оқушы үйден оқытылады. 42 оқушы ыстық тамақпен және киім-кешекпен қамтылған. 2022 жылы 10 түлек мектепті аяқтап, 7 оқушы ҰБТ-ға қатысып, барлығы да жоғарғы оқу орындарында грант иегері атанды. Орташа балл 93ұпайды құрады.
Сондай-ақ, мектеп жанынан ашылған «Еркетай» шағын орталығы өз жұмысын жүргізуде. Онда 2 топ бойынша 40 бала тәрбиеленуде. Шағын орталықта бір әдіскер, төрт тәрбиеші жұмыс жасайды.

– Ауылдағы мәдениет ошағы ауылдық клуб, кітапхана туралы айтып, тоқталып өтсеңіз?

– Ауылдық клубта барлығы жеті қызметкер жұмыс жасайды. Іңкәрдария ауылдық клуб үйінде 2022 жыл бойына елу төрт  мәдени шара өтіпті. Осындай мәдени іс шараларға 5200 көрермен тартылыпты.  Клуб үйінде бес үйірме жұмыс жасайды.Онда ауылдың талантты, өнерлі өрендері білікті мамандармен өз талаптарын шыңдауда.
Сондай-ақ, Іңкәрдария ауылдық модульдық кітапханасы бар. Ондағы кітап қоры–18410. 2022 жылы 197 жаңа әдебиетпен толықтырылды. Жыл бойына алпыс алты мәдени іс-шара өткізіп, көпшілікке рухани жайлылық сыйлаған кітап ордасы өз қызметін қалтқысыз атқарып келеді.

– Денсаулық сақтау саласы әрине алдыңғы қатардағы салалардың бірі. Осы тұрғыда ауылдық округтегі жағдай қандай?

– Ауылдық фельдшерлік акушерлік бекеті тұрғындар денсаулығының жақсы болуы үшін тұрақты жұмыс жасап тұр. Ауылдық фельдшерлік акушерлік бекетінде барлығы сегіз адам жұмыс жасайды. 2022 жылы  2002 адам белсенді түрде қаралып ем алса, профилактикалық байқаудан өткен ересектер саны – 73 адам, балалар саны – 270.  2022 жыл бойына  туылған бала саны – 14. Үйге шақырушылар саны – 259 адам. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұратын науқастарға  тиісті медициналық көмектер көрсетіліп келеді.

– Ауылдағы байланыс, пошта қызметі қалай?

– Іңкәрдария ауылы бойынша 100 нөмірлік сандық АТС жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жеке тұрғындар бойынша – 80 телефон нүктесі, ал мекемелер бойынша 7 телефон нүктесі орнатылған. Елді мекен бойынша барлығы 60 интернет жүйесі орнатылған. Ауылдық пошта  арқылы 2022 жылы  зейнетақы, еңбекақы,  жәрдемақы барлығы 42 миллионнан астам қаржы халыққа таратылып берілді.

– Ауылдың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы ғой. Осы сала бойынша сөз қозғасаңыз.

– Ауылдық округ бойынша 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыл тұрғындары есебінен (шаруа қожалықтарындағы малды қоса алғанда) 1387 бас мүйізді ірі қара, 281 бас қой, 424 бас ешкі, 959 басжылқы, 178 бас түйе, 340 бас құсбар. 
Төрт түлік малға ауылдық ветеринарлық пункт мамандары уақытылы емдеу, профилактикалық егу жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Ауылдағы қаржы бөлінісі, оның игерілуі маңызды. Осы ретте ашықтық саясатын ұстану қазіргі таңда басты мәселенің бірі.
– 2022 жыл бойына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары 65 млн 873 мың  теңге қаралып, 65 млн 645 мың теңгеге орындалып, 99,6%  пайызға игерілді. Жылдық салықтың орындалуы бойынша2022 жылы жеке тұлғалардан алынатын жер және мүлік салығы жоспар – 46 200 теңге,  орындалғаны – 102%.  Заңды тұлғалар бойынша  жер салығы  жоспар – 18 000 теңге, орындалғаны – 100%. Көлік салығы бойынша жеке және заңды тұлғалардан жылдық жоспар – 1 500 000 теңге, орындалғаны – 103%  болып отыр.

– Қазіргі таңда ауылды да, қаланы да кәсіпкерліктің жандануымен қатар елестетеміз. Ауылдағы кәсіпкерлік саласы туралы не айтасыз?

– Ауылдық округі бойынша 68 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның жұмыс істеп тұрғаны – 61 оның ішінде: жеке кәсіпкерлер – 27, шаруа қожалықтары – 29 және жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 3, АӨК – 2. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқығандар саны 18 адам. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында  жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 1 225 200 теңге бойынша ауыл округтен  6 адам грант алып, жұмыс жасауда. Сырдария-1 серіктестігі  бойынша  «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 1 кәсіпкер 2,5 млн теңге несие алып жұмыс жасауда. Мақсаты – түйе малын көбейту. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпкер МІҚ мал басын көбейту мақсатында 2,0 млн теңге алды.«Агробизнес» бағдарламасы арқылы 3 жоба құжаттарын өткізіп, 4 550 000 теңгенің 1 жобасы қаржыландырылды. 2 жоба қаржысын күтуде.

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы ше?

– Ауылдық округ бойынша 358 экономикалық белсенді халық тіркелген. Барлық жұмысқа орналасқандар саны – 57. Оның ішінде 16 адам тұрақты жұмысқа, 35 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 5 адам жастар тәжірбиесімен, 1 адам ұрпақтар сабақтастығы арқылы   жұмыс жасап тұрақты жұмысқа орналасты.2022 жылы  атаулы әлеуметтік көмек 10 отбасына тағайындалып, тиісті қаражаттарын алды.
– Өткен жылға өкпе жоқ демекші, өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша нақты атқарылған жұмыстарды тізбектеп шықсақ?
– 2022 жылы ауылдың өсуі мен өркендеуі жолында біршама жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде «Актам» каналына 14,8 шақырым жер механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.  Жоба құны 37млн 400 мыңтеңге.Абай Құнанбаев, Қ.Сейдахметов  көшелеріне ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 42613,650теңге. Жамбыл Жабаев  көшесіне ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 23733,416теңге.Төле би  көшесіне ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 22903,781теңге.Қазыбек би  көшесіне ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 28106,625 теңге.Ғ.Мұратбаев көшесіне ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 23730,500 теңге.Балалар ойын алаңына ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 11 млн теңге.Көше жарығына әр-түрлі түсті диодтар (дюрелайын) орнатылды.  Жоба құны–1млн161мың 400 теңге.Ауыл ішінде орналасқан спорттық ойын алаңына газон төсеніші төселді. Жоба құны– 2млн 325 мың теңге.Екі  дана KY–560 дизельді насос алынды.

– Ал алдағы жоспарлар қандай?

– Алда атқарылуы тиіс жұмыстар көп. Таза әрі жанашырлық еңбекпен ауылды көркейтуге барымызды салғымыз келеді. Осы ретте бірнеше жұмысты атқару жоспарланып отыр. Оның ішінде А.Құнанбаев және Ж.Жабаев көшелерін орташа жөндеу,Іңкәрдария ауылдық округінің қатты қалдықтарды орналастыру жұмыстары бойынша құрылыс заттарын алып, демеушілік есебінен тиісті жұмыстарды ұйымдастыру, Іңкәрдария  ауылдық округінің жасыл белдеу орналастыру жұмыстары бойынша құрылыс заттарын алып, демеушілік есебінен тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жұмыстарын атап өтсек болады. Сондай-ақ салық базасын ұлғайту бағытындағы шараларды қамтамасыз ету, ауылдық фельдшерлік акушерлік бекетіне күрделі жөндеу  жүргізу, алея салуға ЖСҚ дайындау, ауыл көшелерінің жарық шамдарын ауыстыру, ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүргізу, түрлі бағдарламалар арқылы қаржылық мүмкіндіктерге қолдау көрсету, Мүлкілан әулие мазарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Және ауыз су жину құбырын (башня)жаңадан ауыстыру көзделуде.


 

Тағы да оқыңыз: