Kyzylorda-news.kz.  Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш және оның орынбасары Виталий Времишпен кездесіп, ұйымның бірқатар жобасын Сыр өңірінде жүзеге асыру барысын талқылады.

Кездесуде аймақ басшысы БҰҰДБ өкілдеріне көпжылдық тиімді әріптестік үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өзекті мәселелерді тізбектеді.

«Әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейінің өсуі, экология, қоғамдық-саяси ахуал мәселелері біз үшін әрқашан өзекті. Облыстық деңгейде біздің ерекшеліктерімізді ескере отырып, біз жаңа жұмыс орындарын құру бойынша қосымша шаралар қабылдаймыз. Дегенмен, жұмыспен қамту мәселелері бізде әрқашан басым мәселелердің қатарында», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі білім саласын жетілдіру, өңірде экологиялық проблемалар, оның ішінде су тапшылығын алдын алу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Жиында Якуп Бериш жоба ретінде аймақта жүргізілген жылдам кешенді бағалау нәтижелерін таныстырды және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс айтты.

Ұйым өкілдері Сыр өңірінде әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған бірлескен жобаларды, оның ішінде жұмыссыз жастарды қолдау, «жасыл» бизнесті дамыту және әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бастамаларын ұсынып, қолдау сұрады.

Кездесу соңында аймақ басшысы БҰҰДБ өкілдеріне тиімді әріптестік аясын одан әрі кеңейтіп, нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериштің Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында «Стокгольм+50» ұлттық диалогын іске қосу жөніндегі семинар ұйымдастырды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар бастамаларының, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Тағы да оқыңыз: