Kyzylorda-news.kz. Бүгінде өңірде кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отқан кәсіпкерлер қатары өскен. Себебі мемлекет тарапынан өзін-өзі жұмыспен қамтимын деген тұрғындарға қолдау көп. Бұған «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында көз жеткіздік.
Толықтай автоматтандырылған өндіріс
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдауымен ісін дөңгелетіп отқан кәсіпкердің бірі – Жұмабек Садуақасов. Нарықта 2006 жылдан бері тас төсеніш, жиек тас, қоршауға арналған темір тор және т.б. құрылыс материалдарын өндіріп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келе жатқан кәсіпкер 2021 жылы өндірісті кеңейтуді қолға алыпты.
«Еңбек етемін, кәсіп ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның дәлелі ретінде өзімді мысалға келтірсем болады. 2021 жылы Сбербанктен «Даму» қоры арқылы бизнесті автоматтандыру үшін құрал-жабдықтар сатып алу мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша қолдау таптық. Шүкір, қазір ісіміз тұрақты, жұмысымыз жүйелі. Сұранысқа келсек, тапсырыс көлемі жеткілікті. Тапсырыс қала, облыс көлемінен түсіп жатады. Сондай-ақ, бүгінде біздің өнімге сұраныс мекемелерден де түсетін болды. Мұның себебі, біз үшін өнім сапасы басты орында», – дейді кәсіпорын директоры.
Сонымен қатар, кәсіпкер Жұмабек Садуакасов келешекте кәсіпорын көкжиегін кеңейтіп, өнім өндіру қуаттылығын арттыруды жоспарлап отырғанын айтады.
Бүгінде кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы басты назарға алынып, тіпті ыстық тамақпен де қамтылған. Жалақы тұрақты, қосымша сыйақы да қарастырылған.
Кәсіпорын шебері Уалихан Балмахановтың айтуынша, тас төсеніштер, жиек тастар, қабырға материалдарын шығаруға арналған қажет құм мен тасты, басқа да шикізаттарды облыс аумағынан алады. Сондай-ақ, өндіріске қажет цементті «Гежуба Шиелі Цемент» зауытынан жеткізеді екен.
Бағдарлама қолдау берген заманауи балабақша
Қызылорда қаласындағы «Астана», «Астана-1» мөлтек ауданының балғындары бүгінде жаңа балабақшада тәрбиеленіп жатыр. Балабақша заманауи үлгіде салынып, қазіргі таңда 320 бүлдіршін тәлім алуда.
Білім беру саласында қызмет көрсететін «BAUER group» ЖШС 2020 жылы өз қаражаты мен «Сбербанк» арқылы рәсімделген несие қаражатын пайдалана отырып, «Сыр перзенті» балабақшасын салады.
Балабақша құрылтайшысы Бауыржан Еркебаевтың сөзінше, жобаға «Басымдыққа ие жобаларды несиелендіру механизмі» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру құралдары бойынша «Даму» қоры қолдау көрсеткен.
2-ден 6 жас аралығындағы балалар қамтылған балабақшада барлық жағдай жасалған. Жабдықталған музыка залы, хореография залы, ағылшын, шахмат сыныбы, спорт зал бар. Кең асхана, медициналық кабинет және ғимарат алдында тартымды ойын алаңы орналасқан. Балабақша жұмысын жүргізуде 51 адам жұмыспен қамтылған. Тәлімгерлердің барлығы арнайы оқудан өткен, білікті мамандар.
«Бізде балаларды дамыту мақсатында әртүрлі көрмелер ұйымдастырылады. Бүлдіршіндер ата-аналарымен бірігіп, әр түрлі тақырыпта суреттер салады. Қазір күз мезгілі болғасын, міне осы тақырапта көрме бұрышын дайындадық. Өздеріңізге белгілі, жаңа оқу бағдарламасы бойынша балаларды ойын арқылы дамыту қолға алынып жатыр. Сондықтан бұрынғыдай баланы қиын тапсырмамен жүктемей, жеңіл, ой-өрісін дамытатын ойындар арқылы бүлдіршіндермен жұмыс істейміз. Қазір баланың өсіп-дамуына ата-аналар да өте жауапкершілікпен қарайды, әрине бұл бізді қуантады», – дейді балабақша меңгерушісі Светлана Елтаева.
Табысқа бастаған кондитерлік өнім өндірісі
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың жәрдемін тиімді пайдаланған кәсіпкерлердің бірі – жеке кәсіпкер Алтынай Елеусізова. Кондитерлік өнерді кәсіпке айналдырып, азық-түлік өндіру саласында бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді.
Алтынай Елеусізованың 2021 жылы кәсіпке қажетті негізгі құралдар алу мақсатында алған несиесі қайта қаржыландырылып, жоба «Даму» қорынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша субсидиялау құралы арқылы қолдау табады.
Кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, барлық қажет деген құралдармен қамтыған кәсіпкер бүгінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Пісіретін өнім түрлері де артқан. Наннан бастап, тәтті тоқаш, торт, самса, бәліш пісіреді. Кондитерлік цех қызметкері Гүлмира Тоятованың сөзінше, өнімге деген сұраныс жоғары. Тапсырыстар тек қала аумағынан емес, аудандардан да түседі екен.
«Ең бастысы, өнімнің сапасына мән береміз. Сондай-ақ, бізде пісірілетін тәттілердің бағасы қалтаға қонымды. Тапсырыс жан-жақтан түсіп жатады, қала аумағы үшін жеткізу қызметі жұмыс істейді. Кейде үлгермей жатамыз, себебі тапсырыс көп, қала бойынша 1 ғана нүкте», – дейді цех кондитері.
Аймақ халқына тәтті өнімін өткізіп, елдің алғысын алып жүрген кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен.
Тұрғындардың шырайын келтірген «Шырақ»
«Даму» қоры қолдау көрсеткен тағы бір сәтті жоба – «Шырақ» офтальмологиялық орталығы. Бұл орталық офтальмологиялық зерттеудің барлық түрін және көзге микрохирургиялық қызметін көрсетеді.
Кәсіпкер 2016 жылдан бастап 2 жобаға қатысқан. Біріншісі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көзге микрохирургия қызметін жасау үшін құрал-жабдық алу мақсатында болса, екіншісі заманауи медициналық орталық құрылысы жобасы бойынша «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидилау және кепілдендіру көмегін алып отыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында клиника қысқа мерзім ішінде үлкен жетістіктерге жеткен.
«Біздің клиника толықтай автоматтандырылған жүйеге көшкен. Өйткені орталық заманауи үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Бұл құрал-жабдықтар Оңтүстік Корея елінен тапсырыспен алынған. Сондықтан да клиника ем алушыларға сапалы қызмет көрсета алады деп сеніммен айта аламын», – дейді клиника әкімшісі Лаура Құрманбаева.
Бүгінде «Шырақ» офтальмологиялық орталығы кеңес беруден бастап көздің кемшілігін түзету, көзге ота жасау секілді біршама қызмет түрлерін қамтыған. Сондай-ақ, клиника тек жоғары санаттағы білікті мамандардан құралған. Осының арқасында өз емделушілерінің сенімінен шығып, клиника аймақта үнемі үздіктер қатарынан көрінуде. Сонымен қатар, емделушілер тек қала аумағынан ғана емес, басқа да өңірлерден келеді екен.
Қор жұмысының қарқынды әрекеті
Әрине, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсеткен кәсіпкерлік нысандар мұнымен шектелмейді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын кредиттеу тетігі шеңберінде Қызылорда облысының кәсіпорындарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша бірнеше жоба қолдау табуда.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Жомарт Ермағанбеттің айтуынша, жыл басынан бері «кепілдік беру» құралы бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы кредит сомасы 10,2 млрд теңгеге яғни, 990 жобасына қолдау көрсетіліп, оның ішінде кепілдіктер сомасы 6,1 млрд теңгені құраған.
«Аймақ кәсіпкерлерінің жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеден астам несиелері бойынша 4 500-ден астам жобасына, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлердің несиенің жалпы сомасы 50,9 млрд теңгені құрайтын 3 200-ден астам жобасына «Даму» қорының кепілдігі берілді», – дейді Жомарт Ермағанбет.
Түйін: Кәсіпкерліктің дамуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да салаға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеті. Байқағанымыздай бүгінде кәсіп ашып, қолдан келетін ісіммен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауда есеп жоқ. Тек, сол қолдауды мүмкіндігінше ұтымды пайдалана білуіміз керек.
Жандос Жазкен