Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына – 102 жыл толды. Қазіргі кезде статистикалық жүйені құру және оны одан әрі цифрландыру мақсатында баламалы ресурстар пайдалануда. Бұл өз кезегінде тиімді деректерді жинауға септігін тигізбек.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрқабылова жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Қай кезеңде де статистиканың негізгі міндеті – азаматтарды толық, нақты, жедел ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Биыл 135 жалпымемлекеттік статистикалық байқау бекітілген болатын. Осыған сәйкес, әртүрлі салалар бойынша 8 жаңа статистикалық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлерге, мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындардың қызметі мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Жалпы жүргізілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыста құрылыс саласы 35,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,1 пайызға, сауда 2,3 пайызға артқаны байқалады. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,0 пайызға өскен. Ал әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша облыстың барлық аудандарында оң динамика қалыптасты. Сонымен қатар, орман және балық шаруашылығы саласы 3,1 пайызға жоғарылап, өнім көлемі артты», - деді Гүлмира Жеткергенқызы.