Kyzylorda-news.kz. Сырдарияның теңізге құяр сағасында Қаратерең деген ауыл бар. Теңізге етене орналасқан ауылдың ата кәсібі қашаннан балық шаруашылығы болған. Бір кездері теңіздің табаны құрғап, күрт тартылып кеткен уақыттарда өзегі талған бұқара халықты да көздері көрген. Тіршіліктен күдері үзілгендей болып, үдере көшкен азаматтардың бүгінде елге қайта оралып жатқаны да жиі жаңғырық беріп келеді. «САРАТС» ғасыр жобасы жүзеге асқалы ауылдың іргесіне теңізі қайта оралып, тіршілігі жанданып-ақ қалды. Балық шаруашылығын өрге жетелеген жергілікті азаматтардан бөлек, мал шаруашылығымен де айналысып отырғандар да жеткілікті. 

Міне, бұл Қаратерең жайындағы бірер ауыз сөзіміз ғана. Ел экономикасының өркендеп, өріс алуына елеулі үлес қосып келе жатқан осы ауылдың тыныс-тіршілігі редакция ұжымын да елең еткізбей қоймады. Көптен бері көңілде жүрген істі тындыру үшін сәрсенбінің сәтті күні қойнауына құт қонған ауылды арнайылап барып, өз көзімізбен көріп қайтуды мақсат қылып, жолға шықтық.

Тақтай түзу жолмен жүйткіп келеміз. Астымыздағы темір тұлпарымыз да тікесінен тартып, Қамыстыбас ауылының тұсынан өтіп барамыз. Көктем, қыс кездерінде Бөген мен Қаратерең ауылдары арасындағы қара жолдың қиындығы бізге таныс еді. Бірақ, бұл жолғы сапарымда сол таныс жолды көре алмадық. Жөндеуден өтіп, жүргіншілерге жеңілдік тудырып-ақ тұр.

Ауылға кіреберістен көзімізге ілінген жағдай да жол мәселесінің шешімін табуы болды. Ақлақ бөгетінен Қаратерең ауылына дейінгі жарты шақырымдық жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Қажеттілікке сай барлық техникалармен қамтамасыз етілген жұмысшылардың жұмыс барысымен танысып, тілдесіп те алдық. Жұмыс барысын барынша түсіндіріп өткен жұмысшы топ орташа жол жөндеу жұмыстарын көрсетілген уақыт ішінде толықтай аяқтайтындарын айтты. Мердігер «Строй модуль - Астана» ЖШСның жұмысына көңіліміз толды. 
Одан кейінгі көздеген нысанымыз Баян каналын тазарту жұмыстары еді. Сапарымыздың сәтіне қарай аталған жұмыстың да жай-жапсарымен танысып, көзімізбен көріп қайттық. Мердігер «Сыр маржаны» ЖШС-ның тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға бас бармақпен баға берерліктей.

Аталған каналдың атауының өзінде үлкен тарих жатыр дейді. Қаратерең ауылындағы «Баян» көліне құятын каналдың жұмыстары жүргізілгенін жергілікті халық қуанышпен қабылдады. Себебі, тарихтан сыр шертіп, өзіне тән құпиясы бар Баян көлінің бүгінгі жағдайы көңілді күпті етерліктей еді. Ендігі жерде бұл канал арқылы көлдің де арнасы толып, ажары кірері сөзсіз.

Баян каналын тазарту, қалпына келтіруге бүгінде үлкен күш салынып, жауапкершілікпен атқарылуда. Жерді тынымсыз төңкеріп жатқан 6 ауыр техниканың қозғалысына қарап-ақ елдің қуанышы еселеніп, басталған жұмыс аз уақытта нәтиже беретініне көзіміз айқын жетті. 
Одан соң Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Қаратерең ауылдық округі, Тастақ елді мекеніндегі бөлімшеде болып, уылдырық шашу маусымындағы қызу тіршілікті көріп қайттық. Көп жылдық тарихы бар мекеменің бүгінгі жайын айтпай тұрып, тарихына тоқтала кетуді жөн санадым. Сонау 1972 жылдан бастап 1987 жылға дейінгі Арал балық зауытына қарасты болған бұл нысан қазірдің өзінде іргелі мекеме ретінде баршаға белгілі. 1947 жылы іргетасы қаланған Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Тастақ елді мекеніндегі бөлімшесі бір кездері арнайы бекіре де өсірген. Бекіренің тұқымын ұшақпен алдырып, оларды Арал теңізіне үйреткен кездерін әлі күнге дейін мақтанышпен айтады. Міне, бүгінде осы ұжымда 32 адам тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Көз алдымызда уылдырық алудың қыр-сырын көрсеткен жұмысшылардың әр қимылынан өз ісіне деген махаббатты анық байқадық. Аталған мекемеде 28 жыл жұмыс жасаған ұжымның бригадирі Бауыржан Құрманбаев жылым тартып жатқандарға қарап тұрып:

Бұл жұмыс біздің басты міндетіміз. Сондықтан әрбіріміз асқан жауапкершілік танытамыз. Алғаш рет уылдырық алу үшін тоғандағы балықтарды жылым салып сүзген кезде оларды ұстау қиындық тудырмайды. Бірақ, олар да үйренісе бастайды. Шоршып қашып шығатын да кездері болады. Сонымен қатар балықтың уылдырық шашуға дайын, дайын еместігін де жұмысшылар өте жақсы біледі, – деп, еңбектің қаншалықты бағалы екенін көрсетті. 

Десе дегендей, жылымнан қашып, шоршып секірген балықтардың судың бетін көбікке айналдырып жатқан сәті көрсе көз қызықтырардай. Жылымға түскен балықты арнайы тасымалдайтын жәшікпен питомник ішіндегі су толы үлкен жәшікке салып жатқан сәтіне де куә болдық. Бірақ, бұл қадам да қарапайым ғана орындала салмайды. Әр балықтың салмағы мен кеудесін өлшеп барып жасалатын жұмыс. 
Бұл жайында бөлімше басшысы Асылхан Дүйсенғалиев:

Өлшеу жұмыстары міндетті түрде орындалуы керек. Себебі, балықтар өздігінен уылдырық шаша салмайды. Судың арнайы температурасы болады. Балықтарды да біз жәшік ішінде ұзақ уақыт ұстай алмаймыз. Сол себепті белгіленген уақыт ішінде уылдырық алу үшін дәрі береміз. Міне, өлшеу жұмыстары сол үшін керек. Дәрі салмаққа байланысты беріледі. Бұл жұмыстың барлығы түстен кейінгі уақытта орындалады. Ал түске дейін біз арнайы тостағанға уылдырық шаштырып аламыз. Содан соң балықтарды тоғандарға жібереміз, – дейді. 

Жазғы уақытта жалпы аумағы 46,2 гектарды құрайтын 23 жазғы тоған бар. Бұл тоғандарда балықтардың еркегі мен ұрғашысы бөлек ұсталады. Күн жылып, судың температурасы қалыпқа келген кезде бірге жүрсе, балықтар уылдырық шашып қояды. Сондай-ақ тоғандарға су айдау насосы арқылы дариядан келген судың жолына бірнеше сүзгі де қойылған. Бұл сүзгілер дариядан келетін жыртқыш балықтарды ұстап қалуға арналған. 

Бұл–питомниктің жазғы маусымдағы жұмысы ғана. Уылдырық алу маусымында тостағаншаға алынған уылдырық құрылғыларға салынып, су ішінде шайқалады. Осылайша майда шабақтарға айналады. Сондай-ақ мекеме басшысының айтуынша: 

Сол майда шабақтар 20 грамға жеткенде теңізге жіберіледі. Жалпы, күзде 4 млн шабақты біз теңізге жібереміз. Бүгінгі таңда толстолобик, беломор және карп балықтарының уылдырығын алумен айналысамыз. Қазірде карптан уылдырық алудың жоспарын орындап болдық. Тағы бір айта кетерлігі, біздің мекеме Қазақстан Республикасы бойынша алғашқы болып беломор өсірумен айналысып келеді, – дейді. 
Ал қыс мезгілінде 5 қысқы тоғанға балықтарды жіберіп, оларды күтіп, баптайды. 

Қаратерең ауылында балық өсірумен айналысатын жалғыз мекеме бұл ғана емес. Алдағы уақытта тағы бір нысан балық өсірумен айналысады деп күтілуде. Ескі дарияның арнасын кәсіпкерлік бағытта ұтымды пайдалануды көздеген жандар бүгінде өз жұмысын бастауға толықтай дайын тұр. 

Бұл жайында «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнагүл Баймаханова:

 Қазірде «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі тарапынан Аралды құтқару, өркендету бағытында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Міне, солардың бірі–шарбақтап балық өсіру жобасы. Бұл жоба аясында Қаратерең ауылындағы «Қуаныш» ЖШС-ның директоры Батырхан Прекеев бізге серіктес болып отыр. Осы уақытқа дейін балық шаруашылығымен айналысып келген азаматтың тәжірибесі мол. Сол себепті серіктестік танытуға келісім беріліп, Ғаламдық Экологиялық қордан қайтарымсыз қаржы берілген болатын. Міне, сол жоба бүгінде толыққанды өз жұмысын бастауға дайын тұр. Негізгі мақсат шарбақтап балық өсіру арқылы Ұлы теңізге кетіп жатқан майда балықтарды осында өсіріп, теңізге жіберу болып отыр, – дейді.

Тағы да оқыңыз: