Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі

Kyzylorda-news.kz. Биыл Қармақшыда аймақ басшысының бастамасымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығының іргетасы қаланбақ. Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы хабарлады.

Соңғы жылдары ауданымызда құрылыс қарқынды жүруде. Биыл да аудандағы халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік нысандар салынып, сапалы ауыз су және газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, электр желілері қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласында көпқабатты 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, абаттандыру және инженерлік жүйелер орнатылады. Ал Жосалы кентінде жаңадан ашылған "Тәуелсіздік" ықшам ауданының үйлеріне газ желілері жүргізіледі. Бұған қоса, осы жылы Дүр Оңғар ауылына да газ желісінің құрылысы басталады. Ауданымызда электр желілерді қайта жаңғырту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осыған сәйкес, биыл Көмекбаев, Ақтөбе, Иркөл елді мекендеріне республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, ондағы электр желілері қайта жаңғыртылатын болады. Ал 6 елді мекеннің электр желілерін жаңарту бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленуде, - деді аудан басшысы.

Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қарқынды дамып келеді. Әсіресе, аудан қазынасы айтарлықтай артып, ілкімді істер жолға қойылмақ. Нақтыласақ, биыл Қармақшы ауданының бюджетіне 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға артқан. Соның ішінде ауданның өз кірісіне 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Бұл аймақта макроэкономикалық көрсеткіште де оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, былтыр ауданға 15 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 13,8 пайызға өсім қалыптасты. 

Өткен жылы ауданымызда көптеген ауқымды жобалар қолға алынып, игі бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласының кәсіпорындарымен 4 млрд 787 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,9 есеге өсті. Ал өңдеу өнеркәсібінде 3 млрд 682 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ауданымызда кәсіпкерлік саласы да серпінді дамып келеді. Сәйкесінше, тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 4 081 бірлікті құрап, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік санының үлесі 92,4 пайызды құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 214 жоба несиелендірілді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 45 жоба қаржыландырылды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – «Қармақшы құс» фабрикасы былтыр іске қосылған болатын. Қараша айында алғашқы өнімі халыққа жол тартты. Бұл кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылып, тәулігіне орта есеппен 8-10 тонна өнім өндірілуде. Сонымен қатар, өндіріс және өңдеу өнеркәсіпті дамыту мақсатында Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС газоблоктар өндіретін шағын зауыттың құрылысы басталды. Аталмыш жобаның жалпы құны – 200 млн теңге. Бұдан бөлек, аудандағы сауда саласын дамыту мақсатында 3 жоба қолға алынды, - деді Жандос Еркінбекұлы.

Аудандық маңызы бар ұзындығы 6,5 шақырым болатын «Марал Ишан кесенесіне кіре беріс» автомобиль жолы салынатын болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Ал «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Былтыр «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 27 шақырымына орташа жөндеу басталып, 2023 жылға жоспарлаған 11 шақырымын жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, былтыр республикалық және облыстық бюджет есебінен аудандық маңыздағы «Қызылтам елді мекенінің кіре беріс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары басталып, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді. Ал «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті, - деді Жандос Еркінбекұлы.

Өңір - ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аймақтардың бірі. Ауданда өткен жылы 26 288 гектар жерге егін егілсе, негізгі дақыл күріштің көлемі - 13 770 гектарды құрады. Нәтижесінде, күріштің әр гектарынан орта есеппен 60 центнер өнім жиналған. Биыл да ауданның ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ. 

Өздеріңіз білетіндей, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы серпінді дамып келеді. Мәселен, былтыр Жаңажол ауылдық округінде “Жаңажол” ЖШС 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын отырғызды. Сондай-ақ, облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 392 гектар бақшалық жер дайындалып, 881 отбасыға бөліп бердік. Егіске су жеткізу жұмыстары бойынша 520 млн м3 су алынды. Ал, су бөлу нүктесінен қашық орналасқан егістіктерге су жеткізу үшін ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 24 дана насос қондырғылары пайдаланылды. Мал шаруашылығында да айтарлықтай өсім байқалды. Атап айтқанда, төрт түлік бойынша өсім орташа есеппен 5,9 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы жаңалықтардың бірі - өткен жылы “Жаңажол” ЖШС облыстағы үздік шаруашылық атанды. Ал ауыл-аймақты көркейту-көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылатын “Үлгілі елді мекен” облыстық конкурсында Дүр Оңғар ауылы ІІ орынға ие болды, - деді Жандос Еркінбекұлы.

Аудан келбетін айшықтап, даңқын асыратын - мәдениеті пен спорт саласы. Жүз жырау шыққан киелі Қармақшы өңірі өлмес өнердің өз адамдарын түлеткен аудан. Өткен жылы ауданның 95 жылдығы аясында 95 шара өткізіліп, кең көлемде атап өтілді. 

Ауданның 95 жылдық тарихын дәріптеу мақсатында «Құт қонған қасиетті Қармақшым» атты республикалық ақындар айтысы және "Қасиетті Мекен - Қармақшым" атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде өткізілді,- деді Жандос Еркінбекұлы.

Брифингте аудан әкімі Жандос Еркінбек спорттағы жетістіктерге де тоқталып өтті.

2023 жылы аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 18-алтын,15-күміс, 18-қола медальді жеңсе, Әлем біріншіліктерінде 4 алтын, 4-қола, Европа Кубогында 1-күміс медальді жеңіп алса, Азия чемпионатында 1-алтын, 1-күміс, 3-қола медальді жеңіп алды,- деді аудан әкімі

Тағы да оқыңыз: