Kyzylorda-news.kz Жыл бойы толымды тірліктермен көш бастаған Арал ауданы жыл соңында тоғай табыстармен қорытындыламақ. Жуырда Арал ауданы жұртшылығы тағы бір қуанышқа кенелді. Ауданда экономикалық маңызы бар жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы мен бірқатар елдімекен халқы ауызсуға қол жеткізді.
Мемлекет басшысының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының негізгі күшіне айналып келеді. Бұл бағытта өңірде жол бойы сервистік қызмет көосету орталықтарының құрылысына басымдық беріліп келеді. Бұған дейін Жаңақорған сынды бірқатар ауданның үлкен трассасы бойында ашылған нысан, жыл соңында Арал ауданында да бой көтеріп отыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойындағы жол сервисті дамыту үшін автокөлікке газ құю компрессорлық станциялары бар көпфункционалды кешендер салынуда. Оған «Qazaq Oil», «Compass», «Алаш Метан», «Dom» сияқты компаниялар тартылып, жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Жақында тағы екі заманауи газ құю станциясы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында «Кіші Аралды» сақтап қалу және «СексеуілБейнеу» бағытындағы автомобиль жолы құрылысын жеделдетіп бастауды тапсырған болатын. Мұндай ауқымды жобалар тек ауданның емес аймақтың да экономикалық әлеуетін арттыра түспек. Жалпы бүгінгі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында облыс көлемінде 55 жол бойы сервистік кешені жұмыс істейді екен. Ал Арал ауданындағы «PetroRetail» серіктестігінің В санатты кешені 2 миллиард теңгеге салынған. Инвестициялық жоба аясында заманауи талаптарға сай келетін 31 орындық қонақүй бой көтеріп, 20 келушіге қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орны іске қосылған. Жаңа нысанның бой көтеруі ауданның жұмыссыздық мәселесін шешуге де аз да болса үлесін тигізбек. Жол бойы қызмет көрсету орталығында қазір 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауданға қарасты алыс орналасқан ауылдардағы көптен бері түйіні тарқамаған мәселелерде ақырындап оң шешім тауып келеді. Елімізде шалғай ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ең алдымен сапалы сумен, жолмен қамтамасыз ету тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң әсер беруге басымдық беріліп келеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі тікелей тапсырма беріп, ел аумағын ауызсумен қамтуды биылдан қалдырмай аяқтауды нықтап айтқан еді. Президент тапсырмасы өңірде толық орындалып, барлық елді мекенге ауызсумен қамтамасыз етілді. Соның бірі – аудандағы Ерімбетжаға және Тоқабай елдімекенінде ауызсу берілді. Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық аймағын ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырмасы аясыгнда облыс аумағында 2022 жылдан бері 14 миллиард теңгенің 60 жобасы қолға алынған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір халқын орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 98,6 процентке жеткен. Биыл тағы 9 елді мекенге ауызсу жеткізілуде.
Осы жылы 8 миллиард 100 миллион теңгеге Арал ауданындағы Абай, Тоқабай, 1 миллиард 45 миллион теңгеге Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендерін ауызсумен қамту жобалары жүзеге асып отыр. Қазір 1 миллиард 166 миллион теңгеге Тастүбек елді мекеніне су жеткізу жұмысы жүргізілуде. Осылайша, өңірдегі барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Ауданға қарасты Ерімбетжаға елді мекеніне су жеткізу жобасына 1 022 350 миллиард теңге қаражат жұмсалған. Оның ішінде арнаулы қордан 636 325 миллион теңге бөлінген. Ал тоқабайлық тұрғындар үшін ауызсу мәселесі базыналы еді. Бүгінде ауыл жұртшылығы көптен күткен қуанышты күнге де жетті. Енді ауыл тұрғындары таза ауыз суды пайдаланып, қажетіне жарататын болады.
