Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы қалыптасып, негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіштерді 100 пайыздан жоғары деңгейде орындап отыр. Бұл туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мамандары мәлімет ұсынып отыр.
Негізгі салаларға жеке-жеке тоқталып кететін болсақ, есепті мерзімде 13,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 105,9% құрады (1 айда -107,5%; 2 айда-108,3%; 3 айда – 110,4%; 4 айда – 109,2%, 5 айда – 101,1%). Қызылорда қаласы мен аудандар бөлісінде Арал ауданы 5 орынға орналасқан.
Жыл басынан бері аудан өнеркәсібі тау-кен өндірісі арқылы орындалып келе жатыр деуге болады. Себебі, 6 айдың қорытындысымен электр энергиясын тарату 2,3 пайызға, сумен жабдықтау 6,3 пайызға орындалмаса, жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінде төмендеу тенденциясы бар.Ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 73 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өңдеу өнеркәсібінде 9,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 102,4% Қала, аудандар бойынша төртінші орында.
Жарты жылдықтың қорытындысымен ауданда тоңазытылған балық 3,9 пайызға, басқа тәсілмен дайындалған балық 14,6 пайызға йодталған тұз 4,8 пайызға, бетон тауарлары 16,5 пайызға төмендеген.
Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, жыл басынан бері 4,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,6% құрады.
Мүйізді ірі қара, қой мен ешкі, жылқы, түйе, құс басында өсім болғанымен, соңғы жылдарда алынған төл саны азайып келеді. Жыл басынан бері, алынған төлден қозы 14,6 пайызға, лақ 23,9 пайызға, құлын 26,2 пайызға, бота 21,6 пайызға кеміген.
Негізінен қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін басты фактор – ол халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы екендігі даусыз.
Бүгінгі күнге аса маңызды 19 тауардың 4-нің бағасы шекті мәннен өскен. Атап айтқанда, күріш 41 теңгеге, нан 6 теңгеге, сиыр еті 128 теңгеге, қырыққабат 42 теңгеге өскен.
Есепті кезеңде ауданда 6599 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, оның 279-ы заңды тұлғалар, 5061-і жеке кәсіпкерлер, 1259-ы шаруа қожалықтарды құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген субъектілер санында өсім 38,4 пайыз болды. Тіркелген субъектілердің 95,0 пайызы, 6268-і жұмыс жасап тұр. Яғни 55 заңды тұлға, 236 жеке кәсіпкер, 40 шаруа қожалығы қозғалыссыз тұрып, аудан рейтингісіне кері әсерін тигізуде. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің нақты көлем индексі 144,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Арал ауданы 2 орында.
Есепті мерзім ішінде ауданда 4,9 млрд теңгеге бөлшек сауда жасалып, нақты көлем индексі 137,8% құрады. Қала, аудандар бөлінісінде 4 орынға орналасып отырмыз.
Есесіне, жыл басынан бері аудандағы көтерме сауда көлемінің азаюы байқалып келеді. Ағымдағы жылдың 6 айында ауданда 7,0 млрд теңгеге көтерме сауда жасалып, нақты көлем индексі 24,7 пайызға азайған.
Жыл басынан бері облысқа тартылған инвестицияның 4,7 пайызы ауданға тиесілі болып, барлығы 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 2,0 есеге жетті. Қала, аудандар бөлінісінде 2 орындамыз.
Тартылған инвестицияның 75,0 пайызы, яғни 5,8 млрд теңгесі ауылдық жерлерге тартылса, қалған 1,9 млрд теңгесі Арал қаласына салынған.
Салалар бойынша айтатын болсақ, тартылған инвестицияның 2,0 млрд теңгесі білім беру саласына, 2,0 млрд теңгесі көлік және қоймалау саласына, 1,7 млрд теңгесі жылжымайтын мүліктермен операциялар саласына, 1,6 млрд теңгесі өнеркәсіпке салынған. Өнеркәсіпке, оның ішінде тамақ өндірісіне салынған инвестицияларда өсім байқалғанымен ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 90,8 пайызға төмендеп кеткен.
Мемлекет басшысының, облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына басымдық беріліп, ауданға тартылған инвестицияның ішіндегі жеке сектордың үлесін, экономикадағы бизнестің ролін арттырып, халықтың барынша бизнесте шоғырлануына ықпал жасалуы тиіс.
Осыған орай, 2022 жылы ауданға 16,7 млрд теңге инвестиция тартылып, ондағы жеке сектордың үлесі 50,3% құраса. Жыл басынан бергі инвестицияға жасалған талдау нәтижесі, оның ішіндегі жеке сектор үлесінің төмендеуін байқатып отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында жеке сектордың үлесі 49,4 пайызды құрап отыр.
Биылғы жылға жасалған алдын - ала болжам бойынша даму бюджеті арқылы 15,7 млрд теңге инвестиция тартылатын болады. Ал жеке секторда 10,0 млрд теңгенің 14 жобасы іске асырылады деген болжам бар. Жеке сектордың осы жобалары 100 пайыз іске асырылғанның өзінде, оның жалпы инвестициядағы үлесі 39,0 пайызды құрайды екен, яғни 50,0 пайызға да жетпейді.
Сондықтан, жыл басынан бері қалыптасып келе жатқан жағдайды ескере отырып, инвестиция саласы бойынша аудан рейтингісін көтеру, ондағы жеке сектордың үлесін жоғарылату мақсатында (кем дегенде 60-70 пайызға) жұмыстарды әлі де болса жетілдіруді қажет етеді.
Есепті 6 ай ішінде 4,2 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, өсім 3,2 есеге жетті. Облыс көлемінде 2 орындамыз.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі.
Жыл басынан бері 13807 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлығы жеке қаражат есебінен. Нақты көлем индексі 102,8% құрады. Қала мен аудандар бөлінісінде 5 орындамыз.
Жыл соңына дейін бюджет қаражаты есебінен 7200 шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады.
Бюджеттің кірісі мен шығысына толығырақ баяндамамның екінші бөлігінде тоқталатын боламын. Дегенмен, жалпы айтатын болсам, аудан бюджетінің кірісі 7,0 млрд теңгені құрап, болжам 103,0 пайызға орындалса, оның ішінде өз кірістеріміздің болжамы 113,0 пайызға орындалып, 1753,0 млн теңгені құрады.
Бюджет қаражатының игерілуі бойынша, бюджет шығысы 100,0 пайызға орындалып, 6,6 млрд теңгені құрады.
Білім саласы бойынша қазіргі таңда ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілсе, 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу деңгейі 90,5 пайызды құрап отыр.
Денсаулық саласында есепті мерзімде туу көрсеткіші 0,2 промиллеге төмендеген. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша, қан айналымы жүйесі ауруларымен алғаш рет тіркелгендер саны 100 мың халыққа шаққанда 236,6 промиллеге, қатерлі ісік аурулары 19,9 промиллеге, туберкулез ауруымен алғаш рет тіркелгендер саны 0,2 промиллеге өскен. Есепті мерзімде 1 жасқа дейінгі 8 бала шетінеп, көрсеткіш 0,2 промиллеге көбейген.
Жұмыспен қамту мәселелері бойынша жұмыс іздеп хабарласқандар саны 3114 адам болса, оның 557-і тұрақты жұмысқа орналасты. Биылғы жылы 3000 жаңа жұмыс орнын құру межесі берілсе, 6 айда 1564 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспардың 52,1 пайызы орындалып отыр. Жыл басынан бері 6 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 390 адам қатысып, 63 адам тұрақты жұмысқа, 24 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 214 адамға заңнама аясында кеңестер берілді.
Жыл басынан бері ауданда тіркелген қылмыстар саны азайғанымен, есепті мерзім ішінде бұзақылық, отбасы тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстар, топтасып жасалған қылмыстар саны өсіп отыр.
2023 жылдың 6 айының қорытындысымен аудан бойынша 1 753,0 млн. теңге түсімдер түсіп, жоспардан 205,5 млн теңгеге артық орындалды. Ағымдағы нысаналы трансферттерден 675,6 млн. теңге, нысаналы даму трансферттерінен 2 358,0 млн. теңге және субвенциядан 2 223,0 млн. теңге толық түсті.
Аудан бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері 2023 жылдың алғашқы алты айына бөлінген 6 642,0 млн. теңге қаржының 6 641,2 мың теңгесін игеріп шығындар жоспары 100,0% орындалды.