Kyzylorda-news.kz. Аймақтың агроөнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өз септігін тигізді. Былтыр аталған саладағы жалпы өнім 178,1 млрд теңгені құрады. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық. Тамақ өнімдерін өндіруде де өсім бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,9 млрд теңгеге жетті.
Облыстың егіншілік мәдениеті түгелдей суармалы жүйеге бейімделген. Былтыр өңірде 188,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ол 2020 жылмен салыстырғанда 4,2 мың гектарға артық.
Жылма-жыл кездесіп жүрген су тапшылығына байланысты әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Қазір өнімділікті арттыру жағдайына көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде күріш көлемін сақтай отырып, өнім деңгейі 2,2 центнерге артты. Әртараптандыру бағытында майлы, азықтық, картоп, көкөніс-бақша дақылдарын өндірістік негізде ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 4,5 млрд теңгенің 32 инвестициялық жобасы іске қосылды.
Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде әлі де шешімін таппаған проблемалар бар. Картоп, көкөніс-бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіру көлемі ойдағыдай емес. Оған қоса көпжылдық жеміс ағашы мен жүзім өсіру кемшін түсіп тұр. Олардың барлығы дерлік қатардағы тұқыммен егіліп келеді. Бұл өнімділіктің төмендеуіне және сапасының нашарлауына әсер етуде. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудандарда күріш пен сүттен өзге өнімдерді өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Олардың өнімі халықаралық стандарттарға сәйкес келе бермейді. Кейбірі толық қуатында жұмыс жасауға қауқарсыз. Жылыжай шаруашылығының дамуы өз деңгейінде емес.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыпты. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 4,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7, инвестиция тарту 52,2, құрылыс жұмыстарының көлемі 38,7, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,9 және сауда көлемі 2,1 пайызға артты.
Бұл қаржы өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандырудың шығындарына және әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады. Жылу-энергетикалық жүйені жаңғырту, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жылу энергетикалық қондырғыларын дамыту жобаларына көңіл бөлінеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл облыста облигациялық қарыздар есебінен 12 әлеуметтік тұрғын үй құрылысын салу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруға, Қызылорда қаласының сол жағалауындағы тұрғын үй құрылысына және инженерлік инфрақұрылым желілерін тартуға қосымша қаржы бағыттамақ.
Сондай-ақ, қаржы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға, көлік инфрақұрылымын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді, су және жылу желілерін дамытуға бөлінеді.
Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте экономикалық дамудың сегіз бағытын айқындап берген болатын. Осы міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдану қажет. Бұл шаралардың түпкі нәтижесі – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, халық табысын ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адами капиталдың жан-жақты дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту.
Ендігі кезекте осы міндеттерге тоқталып өтейік.
Ең бірінші, Мемлекет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру мен баға тұрақтылығына тоқталды.
Елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарлары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етпейтіндіктен тұрақтандыру қорларымен азық-түлік корпорациясының жұмысын күшейтуді тапсырды. Үкімет биылғы жылдың қорытындысымен республика бойынша жалпы инфляция деңгейін 2 есеге төмендету міндетін қойды. Азық-түлік тауарларына негізсіз баға өсу фактілері орын алған жағдайда баға белгілеудегі делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссия дер кезінде тиісті шаралар қолдануы керек. Өңірімізде жаңадан көкөніс сақтайтын қоймалар құрылысын жүргізіп, тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымын құру керек.
– Халқымыз «қыс азығын жазда ойла» деген. Қазіргі таңда көкөніс сақтауға өңірімізде тек Жаңақорған ауданында сыйымдылығы 2500 тонна болатын «Жан-Арай» жеміс сақтау қоймасы бар. Агроиндустриалды кешен іске қосылған. Ағымдағы жылы «Aray Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда қаласында жалпы сыйымдылығы 4000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда. 2025 жылға дейін облыс бойынша көкөніс сақтау қуаттылықтарын 21 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Ауыл шаруашылығындағы инвестициялық субсидиялау тәртібіне сәйкес 1,0 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту шығындарының 50% үлесін мемлекеттен өтеу қарастырылған. Бұл – үлкен мүмкіндік.
Облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін әр ауданнан кемінде бір өнім сақтайтын қойма салуды тапсырған болатын. Осыған орай, қала және аудан әкімдері жоспарды орындауды, қамтамасыз етуді және кәсіпкерлерді тарту бағытында бастамашы болып, нақты шаралар қабылдауы тиіс. Әкімдік тарапынан инвесторға барлық мемлекеттік мүмкіндіктер (жер бөлу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу) болатындығын ескеру қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына, аудан, қала әкімдерімен, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, пәрменді шараларды атқаруды тапсырды. Бұл жұмыстарға депутаттар да белсенді араласуы тиіс деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.
Қала және аудан көлемінде жергілікті тұрғындарды көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында маусымдық жер беру тәжірибесі енгізілді. Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша егін егуге ынта білдірген 6485 тұрғынға барлығы 3255,4 гектар егістік жерлер нақтыланды. Ендігі кезекте қала және аудан әкімдері егісті суаруға қажетті барлық жұмысты ұйымдастырып, насос қондырғыларын, егістікті қоршау жұмыстарын жүргізуі керек. Қажет болса, тасымалдау жұмыстарын үйлестіріңіздер. Бұл шаралар да азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз септігін тигізеді.
Екінші бағытта Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің қолжетімді банктік несиелеу аумағынан әлі де тыс қалып жатқанын айтты.
«Шағын және орта бизнесті қолдауға, дамытуға өңірлік қаржы институттарына бюджеттен тұрақты қаржы бөлінуде. Биылғы жылы облыста кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 22 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Мұның бәрі – мемлекеттің жасап жатқан қолдау шаралары. Бұл қаржыларды бөлуде бірінші кезекте халық тұтынатын тауарларға және ішкі нарықты қамтамасыз ететін өндірістер ашуға бағыттау керек. Ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни, жаңа жұмыс орындарын құратын тиімді жобаларға беру қажет. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына осы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Үшінші бағытта Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керектігін атап өтті.
Өңірде макроэкономикалық жағдай тұрақты. Мұнайдың сарқылуына байланысты жалпы өнеркәсіп өндірісі жыл сайын төмендеуде. Бұл мұнай өндірісіне әлі де тәуелділігімізді дәлелдеуде.
Өткен жылы Арал шөгінді бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» учаскелерінде жер қойнауын өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Облыста металлургия саласында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кен орындарын игеру жобалары жүзеге асырылуда. Осы 2 жоба аясында қорғасын және мырыш, ваннадий концентраттары шығады. Концентраттарды металға, металды өнімге айналдыру бағытында жүргізілетін жұмыстарды осы бастан ойластыру қажет. Шетелдерге концентрат түрінде өткізбей, өнімге айналдырып шығару қажет.
Төртінші бағыт бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және әкімдіктерге инвестиция тарту бойынша жұмыстарды едәуір жандандыру қажеттілігі туралы атап өтті.
Қазір бюджет қаражатымен шектелетін заман емес. Президенттің өзі қолайлы инвестициялық жағдай жасау және жұмыс орындарын ашуды міндеттеді. Біз былтырғы индикаторды артығымен орындадық. 2022 жылға бекітілген 373,5 млрд теңге инвестиция индикаторы нақты 409,6 млрд теңгеге орындалды. 2023 жылға бекітілген индикатор 424,2 млрд теңгені құрайды. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес индикатордың өсімі 10%-дан кем болмауы тиіс. Осыған орай, биыл біз кем дегенде 472 млрд теңге инвестиция тартуымыз қажет. Бұдан бөлек, биыл өңірге 273 млн АҚШ доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту межеленген.
Былтырдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген жалпыұлттық жобалар пулы аясында биыл 9 жоба іске қосылуы керек. Оның ішінде 4 жоба Қызылорда қаласына, 2 жоба Шиелі ауданына, Жаңақорған, Қармақшы және Жалағаш аудандарына 1 жобадан тиесілі.
Бесінші бағыт бойынша.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жылу электр орталықтарының тозу деңгейі кейбір қалаларда 80%-дан асқанын, елдегі жылу желілерінің 54%-ның тозығы жеткенін атап көрсетті.
Монополиялы нарықта «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайтуды тапсырды. Энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін аймақта түрік инвесторы 240 МВт электр энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаны іске асыруды бастады. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан бас тартумен қоса өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерге сатуға мүмкіндік береді. Алайда, өңірдегі электр желілері 70 пайызға тозған. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында пайдалануға берілген барлық дерлік желілер мен қосалқы стансалар жағдайы сын көтермейді. Республикалық бюджеттен қуаты 35 кВт-ға дейінгі қосалқы станциялар мен электр беру желілерін салуға, қайта жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылмайды. 2014 жылғы желтоқсан айында Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкісімен облыстың электр, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту үшін 6,5 млрд теңгеге несие келісім-шарты жасалған. Алайда, инфляция деңгейінің өсуіне байланысты аталған Банк несиенің сыйақы мөлшерлемесін 27%-ға дейін өсірді. Сыйақы төлемінің көлемі биылғы жылы 524 млн теңгеден асты. Әрине, бұл мекеменің қаржылық шығындарына, әсіресе жұмысшыларға уақытылы жалақы беру мәселесіне кері әсер ететіні белгілі.
Мемлекет басшысы меншік иелері бірлестігін енгізу реформасына да тоқталып өтті.
– Қазір облыс бойынша 1222 көпқабатты тұрғын үй бар. Меншік иелерінің бірлестігі институтын енгізу бойынша облыста 913 көппәтерлі тұрғын үй толығымен басқарудың жаңа формасына ауысты. Дегенмен тұрғындар арасында кондоминиум, яғни ортақ меншік түсінігін қалыптастыруды әлі де жетілдіру қажет деп есептеймін, – деді.
Мемлекет басшысы тұрғындарды таза ауызсумен қамтудың әлі де өзекті мәселе екендігіне тоқталды.
Бүгінде облыстың 230 ауылдық елді мекенінің 198-і, халық санымен алғанда 98 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Қалған ауылдарда 9 мың адам немесе ауыл халқының 2 пайызы тұрады. 2021-2025 жылдар аралығында орталықтандырылмаған 32 ауылдың сумен жабдықталуын жақсарту үшін топтық су құбырларына қосу, су жүйесін жүргізу, су тұшытқыш орнату шаралары жасалуда. Бұл елді мекендер негізінен Арал, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарында орналасқан.
– Тиісті аудан әкімдері ауызсумен қамтылуы орталықтандырылмаған ауылдарда кешенді блок-модульдер орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Жоспарға сәйкес әр ауылдың мәселесін шешіп, 2025 жылға дейін толық 100 пайыз орталықтандырылған ауызсуға қосылуы қажет.
Облыс аумағында 37 гидротехникалық құрылыс бар. Олардың техникалық жағдайы үнемі бақылауда болу қажет. Жыл сайын арнайы комиссия облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, биылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстар бойынша ұсынысты тиісті орталық атқарушы органдарға 2 апта мерзім ішінде беруді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Алтыншы бағыт.
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі ашықтықтың жоқ екендігін атап өтті. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне тексеру жүргізуді тапсырды. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмекті жоспарлау, диспансерлік есепте тұратын науқастардың санын нақтылау, дәрі-дәрмекті науқасқа жазып беру ақпараттық жүйелерінің арасында интеграцияны жеделдету үшін денсаулық сақтау министрлігімен тиісті жұмыс жүргізуі керек.
Президент білім сапасын көтеруді, зорлық-зомбылықтың алдын алуды және балалардың қауіпсіздігіне жете мән беруді атап өтті.
Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп келе жатқан халықаралық зерттеулер қорытындысы білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу талабын қоюда.
Бүгінгі күні елімізде білім беру саласындағы жетістіктерді бағалау 5 бағытта (критериалды, аралық аттестаттау, қорытынды аттестаттау, жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсыру және білім алушылардың білім жетістігінің мониторингі бойынша) жүргізілуде.
Осы оқу жетістіктерін бағалаудың қолданыстағы құралдарының негізінде аймақта орта білім беру сапасын жақсарту үшін нақты кешенді шаралар қабылдану қажет. Облыстық білім басқармасы ең алдымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасында көрсетілген оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету бойынша басым бағыттар мен міндеттерді сапалы орындалуы тиіс.
Қазіргі таңда облыс бойынша 960 бала Арал және Жаңақорған аудандарындағы олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтарында («Қамбаш» және «Талдысу») білімдерін жетілдіруде. Бұл мақсатқа 2022 жылдан бастап жыл сайын облыстық бюджеттен 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Наурыз айында Қызылорда қаласы «Сабалақ» елді мекенінде дарынды балаларға арналған 150 орындық №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Дәл осындай 150 орындық мектеп-интернат биылғы жаңа оқу жылында Қармақшы ауданында ашылатын болады. Заманауи үлгідегі жабдықтармен жарақталған мектеп-интернаттарда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ.
Бүгінгі күнге дейін өңірде физика-математика бағытында балаларға арналған мектептер желісіне кіретін мамандандырылған мектеп болмады. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне өткен жылғы арнайы жұмыс сапары аясында Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын салу жөнінде ұсыныс беріп, нысанды «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне енді.
Жыл басында бала тәрбиесіне қатысты кеңейтілген кеңес өтті. Алқалы жиынға зиялы қауым, ата-аналар, педагогтер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Бүгінгі күні қоғамда өзекті мәселеге айналған тақырып аясында мүдделі мемлекеттік органдарға, салалық басқармаларға тиісті тапсырмалар берілді. Бұл шаралар аудан, ауылдарда да жалғасуда. Дегенмен, бала тәрбиесіне жете мән беріп отырғанымызбен, соңғы айда білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтар орын алып, қоғамдық резонанс тудырды. Бала – ата-ананың басты байлығы. Ал олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет.
– Облыстық мәдениет және спорт басқармасы білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру бойынша бірлескен кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Әсіресе, ерекше бақылауды қажет ететін, түрлі санаттағы отбасы балаларын шығармашылық және спорттық секцияларға тарту жұмыстарын үйлестіру қажет. Қала және аудан әкімдіктері жергілікті жерде жасөспірімдердің тәрбиесі мен құқық бұзушылығына қатысты мәселені зерделеп, нәтижесімен бірлескен ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуі тиіс. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, тұрғындарды әлеуметтендіру мәселесіне баса мән беру керек. Облыстық полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қою бағытында жұмыстарды күшейтуі қажет, – деді облыс әкімі.
Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – жұмыссыздық мәселесі, оның ішінде жастардың жұмыссыздығы.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайыздан 4 пайызға дейін төмендеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде тұрақты сақталуда. Халықты, жастарды жұмыспен қамту мақсатында қабылданған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 2023 жылы 43 898 жұмыс орнының, оның ішінде 30 650 жаңа жұмыс орны ашылуда. Бүгінгі күнге 13 498 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруге 1,3 млрд теңге (257 адам) бөлінді. Қазіргі таңда жастарымыз несие алып, өз кәсіптерін бастап кетті. Атқарылатын шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,9 пайызға дейін төмендету күтілуде.
Мемлекет басшысы өз сөзінде адами капиталды тиімді дамыту шеңберінде мемлекеттік әлеуметтік қолдау атаулы және мақсатты болуы керектігін де атап өтті.
Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаждығын нақтылау бойынша арнайы жұмысшы топ құрып, қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Биылғы жылдан бастап республика бойынша отбасының цифрлық картасы цифрлық платформасы енгізілуде. Бұл жүйе тұрғындардың экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта әр әкімнің жұмысы осы карта шеңберінде тұрғындарға көрсетілген қолдау шараларының нәтижесімен бағаланатын болады.
Жетінші бағыт бойынша Президент ауылдық аумақтардың өмір сүру сапасын және табысын арттыру мәселелерін ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жобалары жүзеге асырылатын болады. Маңызды мәселе – 2025 жылдан бастап бұл бағытта тек тіректі елді мекендегі жобалар республикалық бюджеттен, ал, спутниктік елді мекендердегі жобалар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын болады.
Халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде биыл облысқа тек 3 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі жеңілдетілген несиемен облыстағы барлық ауылдық округтердің қамтылуын бірлесіп, күш салуды тапсырды.
– Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы орталық мемлекеттік органдармен бағдарлама аясында қосымша қаржы тарту бағытындағы шараларды атқарсын. Аудан, қала және әр ауыл әкімдері осы жоба аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, әрбір бизнес жобаға сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырулары қажет. Барлық аудан, шағын қала және қала деңгейінде бәсекелестік артықшылықтарын анықтап, салалық басымдықтарды талдау арқылы әр ауданнан сервистік өткізу кооперативтерін құруды тапсырамын, – деді.
Сондай-ақ, халықты ақпараттандырудың да маңызы зор. Ең шалғайдағы ауылдық округтерге миркокредиттер беру және кооперативтерді ынталандыру, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар бойынша ақпараттандыру мен түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізуге шақырды.
Актив отырысында Президент тапсырмаларынан туындайтын негізгі проблемалық сұрақтар көтерілді. Алдағы уақытта аталған мәселелерді шешу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылады.