Дағдарыстан - дамуға: Қызылорда облысының экологиясын жақсартудағы ең үздік қолжетімді технологиялардың рөлі
Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы экологиялық тұрғыдан Қазақстанның ең осал өңірлерінің бірі. Суы сарқылған Арал теңізінің зардабы және қазіргі заманғы тазарту технологияларының жоқтығы халық денсаулығына да, өңір экономикасына да әсерін тигізіп, жағдайды ушықтырып тұр.
Экологиялық жүктеменің ең негізгі көзі - энергетика мен өнеркәсіп. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2024 жылы облыс атмосферасына 25 мың тоннаға жуық ластағыш зат шығарылған, оның 23 мың тоннасы тазартылмаған.
Шығарындылар құрамындағы ең қауіпті заттар - көміртек тотығы (9129 тонна), азот тотығы (8304 тонна), көмірсутек (3371 тонна), күкірт ангидриді (1570 тонна) және ұшпа органикалық қосылыстар (1860 тонна).Мұндағы тазарту құрылыстары іс жүзінде жұмыс істемейді: олардың ауқымы тек 6,5 тонна ластағыш затты ғана қамтиды.
Тағы бір күрделі мәселе - сапалы тұщы су тапшы. Экологиялық дағдарыс аймақтары ретінде ресми танылған Арал және Қазалы аудандарында ескірген су тазарту құрылыстарының жүктемеге шамасы жетпейді. Халық шарасыздан сапасы төмен суды пайдаланып отыр, ал бұл сырқаттану деңгейіне тікелей әсер етеді.
Сарапшылар бұл дағдарыстан шығудың жолы - өңірдің ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізе отырып, кешенді экологиялық рұқсатқа көшуі деп санайды.Бұл шаралар жаңа экологиялық кодексте бекітілген: I санаттағы кәсіпорындар 2030 жылға дейін заманауи экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуі немесе жоғары экологиялық алымдарды төлеуі тиіс.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ЕҚТ бюросының деректері бойынша Қызылорда облысы үшін басым бағыттар: заманауи су тазарту станцияларын салу, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, энергетика мен қалдықтарды қайта өңдеуді жаңғырту, пайдалы қазбаларды экологиялық қауіпсіз өндіру.
Кешенді технологиялық аудиттер газ тазарту жүйелерін енгізу, шығарындыларды бақылау және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу қажеттілігін растайды.
Қызылорда облысының экологиялық жағдайы - аса ауыр күйде. Бірақ сарапшылар: ЕҚТ енгізе отырып, кешенді экологиялық рұқсатқа көшу, тазарту жүйелерін жаңғырту және су ресурстарын қалпына келтіру өңірдің орнықты дамуына негіз бола алады деп отыр. Қызылорда облысы тіпті ауыр экологиялық жағдайдың өзінде жаңару жолдарын қарастырып, халықтың өмір сапасын жақсарту тәсілдерін қолдану арқылы басқа өңірлерге үлгі бола алады.
Г.А.Медиева,
э.ғ.д., академик, ХЖТИЖО ғылыми кеңесшісі