Kyzylorda-news.kz 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімі 6,3%-ға өсті. Бұл – экономикалық өсудің тұрақтылығын көрсететін сенімді нәтиже. Алайда макроэкономикалық көрсеткіштердің басты мәні – олардың азаматтардың өмір сапасына нақты әсер етуінде.
Соңғы жылдары ел халқының мобильдігі мен белсенділігі артты.
▫️Ішкі туризм көлемі шамамен 40%-ға ұлғайып, 6,6 миллионнан 10,5 миллион адамға жетті.
▫️Шетелге шыққан сапарлар саны үш есеге артып, 1,19 миллион адамды құрады.
▫️Тасымал қызметтері бойынша да өсім байқалады: әуе жолаушыларының саны 14,4 миллион адамға жетіп, такси қызметіне сұраныс 35%-ға өсті.
▫️2018 жылы таксимен 54,3 миллион адам тасымалданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 73,3 миллион адамға жетті.
▫️Жылжымайтын мүлік иелерінің саны 2020 жылғы 3 854 000-нан 2024 жылы 4 983 200 адамға дейін ұлғайды.
Осылайша, соңғы бес жыл ішінде 1 129 000 азамат тұрғын үй иесі атанды.
Бұл деректер азаматтардың табыстары мен қаржылық мүмкіндіктерінің кеңейгенін, еркін жүріп-тұру мен демалуға қолжетімділіктің артқанын көрсетеді.
Халықтың күнделікті тұтыну әдеттері де өзгеруде.
▫️Қазақстандықтар сапалы әрі әртараптандырылған тағам түрлерін тұтынуға бет бұрды – ет пен жеміс-жидек өнімдерінің үлесі артты.
▫️Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған азық-түлік себетінің құрамы 20 атаудан 43 позицияға дейін кеңейтілді, бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Қалалық және өңірлік инфрақұрылымның сапасы артуда.
Газдандыру, көше жарықтандыру, аулаларды абаттандыру және жол жөндеу жұмыстары кеңейтілуде.
Бұл өзгерістер, әсіресе, аймақтардағы ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырылып келген мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Аталған инфрақұрылымдық жаңғырту тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен бірге өмір сапасының жаңа деңгейін қалыптастырудың негізі болып табылады.
Жалпы ішкі өнімнің өсуі – экономикалық дамудың маңызды индикаторы. Алайда қазіргі жағдайда басты назар сандық көрсеткіштерден сапалық көрсеткіштерге, яғни отбасылардың әл-ауқатына, қызметтердің сапасына, білім мен кәсіпкерлік мүмкіндіктеріне, сондай-ақ инфрақұрылымға қолжетімділікке аударылуы тиіс.
Экономика тек көлем жағынан емес, ең алдымен адамға, оның күнделікті қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне жақын болуы қажет.
Экономикалық өсімнің нәтижелері бүгінде көлік, инфрақұрылым және тұтыну салалары арқылы азаматтардың күнделікті өмірінде көбірек сезілуде.
Дегенмен, сапалы өсім – бұл тек сандар емес, жұмысқа орналасуға, білім алуға және негізгі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін тұрақты жағдай қалыптастыру.
Қазіргі уақытта мұндай нәтижелер барлық өңірлерде бірдей деңгейде байқалмайды. Сондықтан экономикалық саясаттың негізгі мақсаты «өсім үшін өсім» қағидатынан – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы қажет.
TENGENOMIKA
Фото: https://t.me/tengenomika
