Kyzylorda-news.kz. Көктем мен жаз ғана емес, бүгінгі таңда жыл он екі ай бойы адамдардың әлсіздікке ұшырап, ұйқышылдыққа бой алдырып, энергиясы құрып жүрулеріне де таңданбайтын болдық. Сондықтан да болар, екінің бірі қазір әлсіз энергияның орнын толтыруға әбден машықтанып алған. Оның орнын көкөніс, жеміс-жидек немесе түрлі дәрумен алмастырады деп ойласаңыз, қателесесіз. Шаршағанын басқысы, ұйқысын ашқысы, шөлін қандырғысы келетіндер тіпті ұлттық сусындарымызды да ішпейді. Иә, бүгінгілер дүкендерде самсап тұратын, сан алуан газды, зиянды сусындарды сатып алуға құмар. Құмар емес, тәуелді десек те артық емес шығар. Дегенмен, сұранысқа ие мұндай тауар түрінің адам өміріне аса қауіпті екенін көбісі біле бермейтіні өкінішті…
Қазіргі таңда сұранысқа ие «Gorilla» сусынының өзінен әлем бойынша жыл сайын мыңға жуық адам ажал құшады екен. Ал еліміздегі статистика бойынша жүзге жуық адам оның зиянын тартып, түрлі қатерлі ісік аурларына шалдығатын көрінеді. Бұдан бөлек, оның салдарынан соңғы жарты жылдың өзінде жиырмаға жуық науқас көз жұмған. Алысқа ұзамай-ақ қойғанда Шиелі ауданында тұратын бірнеше тұрғын дәл осы сусынның залалын тартқан. Бір қарағанда кәдімгі сусын сияқты көрінгенімен, дәл осының бір ғана құтысы адам баласының өміріне орасан зор қауіп алып келеді. Өйткені оның құрамында «натрий цитраты», «мальтодекстрин», -«таурин», «карнитин», «кофеин», «аскорбин» сынды түрлі қоспалар бар. Ал дәл осы қоспалар тек жүрек, қатерлі ісік ауруларына ғана емес, сонымен қатар, қант диабеті, өкпенің созылмалы демікпесі, бауыр, өт жолы ауруларына да шалдықтырады. Бұл ғана емес, тіпті энергетикалық сусындар ұрпақсыз қалдырады-мыс. Мәселен, 2013 жылдан бері тұтынушылардың сүйікті сусынына айналған «Диззи» өнімінің өзінде адам бойындағы гармондарды әлсірететін қоспалар бар болып шықты. Бұл туралы талай бұқаралық ақпарат құралдарының да кезінде жарыса жазғандығы есте. Ал «Red Bull» қанаттандырғыш сусыны ше? Оның жөні бір бөлек әңгіме. Себебі «Red Bull»-дың тигізетін зияны жоғарыда айтқан сусындарға қарағанда екі есе зиян. Қауіптілігі аса жоғары бұл өнім түрі көпшілікке ұнайтын сусындардың бірі, әрине. Бір сөзбен айтқанда, шөліңді басады, сарайыңды ашады. Әлгі шөлмектің бағасы да арзан емес. Аты айтып тұрғандай, қанаттандырады. Тек уақытша ғана. Екі сағаттан соң, адам бәз-баяғы қалпына оралып, қайтадан шаршайды. Соның салдарынан ұйқысы келіп, әлсірейді. Ал энергетикалық сусын ішкен адам мінедетті түрде оны қайта ішкісі келіп, дүкеннен қайта сатып алады. Міне осылайша «шаршағанымды басамын» дегендер демде оған қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Өйткені кез келген энергетиктердің құрамында еліктіргіш болатыны айдан анық. Керек десеңіз, құтының қаптамасында құдды темекінің сыртындағы жазулар секілді оның зияндығы мен құрамы тайға таңба басқандай жазылып тұрады.
Қалам ұшына іліккен бұл тақырып бұған дейін де талай рет айтылды. Мұндай зиянды сусындардың қауіптілігі жайлы бізге дейін де мың рет жазылған болатын. Алайда, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ сыңайлы. Әрине, әлем елдерінен экспортталатын энергетикалық сусындарға бір тоқтам мен тосқауыл болмағандықтан оның саудасы жүретіні белгілі. Экспорт демекші, дүкендерде самсап тұрған мұндай сусындар көршілес Ресей, Беларусь, Ұлыбритания сынды елдерден көптеп келеді. Әр мемлекеттен келетін болғандықтан олардың сапасы да құрамы да әртүрлі болатындығы белгілі. Зияндығы болмаса, пайда бермейтіні анық. Мамандар жуырда ғана Ресейден алынатын энергетиктердің жүректің тоқтауына алып келетінін дәлелдеді. Алайда арнайы шара қолданған жоқ. Жасырып қайтеміз? Осы уақытқа дейін бұл өнімдердің залалын біле тұра қаншама адамдар оны пайдаланды. Сусынды сатуға, сатып алуға ешқандай шектеу болмағандықтан, дүкендерде де емін-еркін саудаға шықты. Яғни, «ішуге болмайды» деген бір ғана сөзбен шектелді. Оған құлақ асатын кім бар дейсіз? Мектеп жасындағы баладан бастап алпысты алқымдаған қарияларға дейін энергетикке тәуелді қазір. Тек осыдан жарты жыл бұрын ғана Денсаулық сақтау министрлігі дәл осы өнім түрлерін тек ересек адамдарға сатылу керектігін, жабық сатылымда болу қажеттігін ескертіп дабыл қақты. Бұған жауапты сала мамандары арнай заң қабылдаса да, әлі күнге дейін оған құлақ асатындар табылмай тұрғандығы өкінішті-ақ…
Министрліктің сөзіне құлақ асатындар табылып қалар деген ниетпен, біз де аудан айналасындағы бірнеше дүкендерді бақылап, зерттеу жүргізіп көрдік. Осылайша, бірнеше мектеп оқушыларына әлгі сусындарды сатып алғыздық. Нәтижесі көңіл қуантпады. Біз барған барлық дүкен сатушылары балалардың қолына энергетиктерді емін-еркін ұстата салды. Осыдан кейін біз сатушыларға адам денсаулығы емес, сауданың басты орында тұрғандығын анық байқадық. Демек, дүкен иелеріне де ешкімнің тексеріс жұмыстарын жүргізбейтіндігін анық аңғаруға болады.
«Сұхбат бермес бұрын, есімімді жасыруларыңызды өтініп сұраймын! Иә, өтірік айтып қайтеміз. Қазіргі таңда сұранысқа ие сусын түрі – энергетиктер. Бұлар болмаса ешқандай дүкеннің саудасы жүрмейді. Зияндығын біле тұра барлығының сатып алатынын да жасырмаймыз. Өздеріңіз білесіздер, қазір күн райы қолайсыз әрі өте ыстық. Адамдар тез әлсіреп шаршайды. Сондықтан да көбісі осындай сусындар сатып алып өздерін алдаусыратады. Керек десеңіз, бағасына қарамай сатып алады. Әсіресе такси жүргізушілері. Оларды да түсінемін. Таңнан кешке дейін көлік айдап отбасын асырау оңай емес. Ұйқы көрмейді. Сол үшін энергетиктерді ішіп ұйқыларын ашады. Оның зиянды тұсы жоқ емес. Көптеген жол апаты осы сусындардың салдарынан болады. Бірақ мен мектеп оқушыларына оны сатпауға тырысамын. Бірақ олар «Әкем дүкенге жұмсап жіберді» деп бәрібір сатып алады», – дейді А есімді сатушы.