Kyzylorda-news.kz Дерті дендеп, дел-сал күйге түскен жан жедел жәрдемге хабарласары айқын. Ажал апанынан аман алып қалар ақ халатты жандар қас пен көз арасында құстай ұшып жетіп, дертке дәрмен табуы олар үшін айнымас қағида. Қоңырау шалып, көмек сұраған науқасқа алғашқы медициналық жәрдем көрсету мұндағы мамандар қызметінің басты міндеті. Осы орайда қазалылықтарды шұғыл және ауыр жағдайдан аман алып қалуға барын салып жүрген, меңгеруші Данияр Баекеев бастаған Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімі ұжымы жайлы сөз қозғамақпыз.
Тарихы тереңде жатқан Қазалы аудандық жедел жәрдем стансасы сонау 1957 жылы құрылып, 2017 жылы Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына қарап, тұрғындар игілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мұнда 82 адамнан тұратын ұжымда 2 дәрігер, 50 орта буын қызметкері, 24 жүргізуші және 8 техникалық қызметкер бар. Тағы да жоғары санатты – 20, І санатты – 10, ІІ санатты – 9 және маман сертификатын иемденген 12 қызметкер бар. Олар ауыспалы және көшпелі 5 бригада түрінде жұмыс жасайды. Діттеген жерге жеделдетіп жетуге, арнайы құрылғылармен жабдықталған 4 УАЗ және 2 JAC көлігі қызмет етеді. Олар басқа да кислород, ИВЛ, ЭКГ, отсос, дефибриллятор, небулайзер сынды қажетті аппараттармен жабдықталған. Бір ауысымда 10 фельдшер, 5 жүргізуші, 1 диспетчер бірлесе қызмет жасайды.
Жедел жәрдем шақыру науқастың ауру халі және жеделдігі бойынша 4 санатқа топтастырылады, – дейді бөлім меңгерушісі Данияр Берікұлы.
– Бірінші санатқа – науқастың жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіргенде және дереу медициналық көмекке мұқтаж болған жағдайда. Ондай кезде бригаданың келу уақыты 10 минутқа дейін. Ал екінші санат – науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал жағдайда бригаданың келу уақыты 15 минутқа дейін. Үшінші – медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда бригаданың келу уақыты 30 минутқа дейін. Және соңғы төртінші санатқа – науқас жанның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген кезде, оның жағдайы өткір немесе созылмалы аурудың шиеленісуіне, ағзалары мен жүйелердің кенеттен және анық бұзылыстан туындаған кезде бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін. Сонымен қатар алғашқы 3 санатты жедел жәрдем стансасы, ал төртіншісіне – емханалардағы шұғыл медициналық бөлімдер деңгейінде көрсетілетін болады. Осылайша, емханалардағы жедел жәрдем орталықтары шақыруды тәулік бойы 24 сағат қабылдайды, – деді ол.
Тұрғындар жедел жәрдем көлігін жүрек-қан тамыры аурулары, жол көлік апаты жағдайларында жиі шақырады екен. Себебі, көлік апаты мезгілге қарамастан көбейіп тұрғаны баршамызға мәлім. Ал, жүрек талмасы және басқа да түрлі аурудың қайта қоздырар кезі де, осы мезгілге сәйкес. Кезекті шақыртуға аттанған бөлім мүшелері осы күні тәулігіне жүзге жуық шақырту түсетінін айтты. Әр шақырту мұндағы маманға артылар жауапкершілік жүгін сездірмек.
Байқағанымыздай, жедел жәрдем бөлімі жұмысының сапасына әрқайсысы – фельдшер, дәрігер, диспетчер, көлік жүргізушісінің өз үлесі бар. Бір-бірімен тығыз байланысты, іскерлік пен жылдам шешім қабылдауды, кәсібилік пен кешенді қызметті қажет ететін бөлімнің бір күндік жұмысы да оңай емес.
Осы салада қызмет атқарып келе жатқан фельдшердің бірі – Гүлжан Файзуллаева. Ол мұндағы еңбек өтілін 2007 жылдан бастаған. Өз ісіне және антына адал Гүлжанға тұрғындар тарапынан алғыс айтушылар да көп. Бұл жерде қоңырауларды қабылдап, бригадаларды реттеп отыратын диспетчердің жұмысы аса маңызды. Келіп түскен қоңырауға науқастың қандай жағдай бойынша хабарласқаны назарға алынып, бригада жедел түрде аталған мекен-жайға қажетті аппараттарымен аттанады. Мәселен, реанимациялық жағдайдағы науқасқа дер кезінде оттегі беріп, мониторинг арқылы бағалаған соң, қимылға көшеді. Осы орайда, әрбір шалынған қоңырауды бригадаға жедел хабарлап отыру ісіне жауапты маман Жаңагүл Айдановна. Биыл оған жедел жәрдем қабырғасында еңбек етіп келе жатқанына қырық жылға жуықтады.
Келесі кезекте шақырту түскен жерге уақытында жетуге көлік жүргізушісі Төрехан Жалғасбай жауапты. Ол жедел жәрдемге көлік жүргізушісі болып 1997 жылы орналасқан. Диспетчер хабарлаған әрбір көше мен үйді дереу тауып, уақытында жету асқан жауапкершілікті қажет етеді.
Жоғарыда аталған мамандардың әрқайсысының бұл саладағы орны ерек. Бір салада сан жылдар бойы қалтқысыз қызмет еткен ұжымның ауызбіршілігі жарасқан. Күн-түн, аптап ыстық, ызғар суық демей, жедел жетіп, біліктілік пен тәжірибені ұштастыра дереу шешім қабылдау, жоғары сапалы кәсіби көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан, Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімі ұжымы өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, мінезі мығым, қиыннан қисын тауып, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар деп айтсақ артық болмас.