Kyzylorda-news.kz Жаңажол ауылдық округінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау саласы округтің әлеуметтік дамуындағы басым бағыттардың бірі болып саналады.

Округ тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ауылдық амбулатория көрсетеді. Бұл мекеме халықтың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және уақтылы медициналық көмек көрсету бағытында үздіксіз жұмыс атқарып келеді.

Дәрігер Д.Елеусінованың мәліметінше, ауылдық амбулатория тәулігіне орта есеппен 35 азаматты қабылдайды. Медициналық мекемеде тұрғындарға тек емдеу қызметтері ғана емес, сонымен қатар профилактикалық шаралар да тұрақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, жоспарлы екпе егу, скринингтік тексерулер, созылмалы ауруларды ерте анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жүйелі ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Жүктілік кезеңіндегі әйелдерге медициналық бақылау жүргізіліп, балаларға профилактикалық тексерулер мен қажетті екпелер уақытылы жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және аурулардың алдын алуға бағытталған.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың бірі-тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Осыған сәйкес, округ тұрғындары қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылып, әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылуда.

Жаңажол ауылдық округінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және халыққа қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жаңажол ауылы медицина.jpg

Қармақшы ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Көгілдір отын» тарту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған.

Осы бағытта Дүр Оңғар ауылында ауқымды жоба толық аяқталып, қазіргі таңда нысан пайдалануға берілген және тұрғын үйлер табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық жағдайды жеңілдетіп, экологиялық және экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, Төребай би ауылында газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында ұзындығы 21,26 шақырым газ құбырын тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 17,5 шақырымы төселіп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Жоба аясында 98 тұрғын үйге газ нүктелерін орнату көзделсе, қазіргі уақытта 60 үй толықтай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен аяқталуда.

Ал Иіркөл ауылында да газдандыру жобасы іске асырылуда. 2026 жылы басталған жоба аясында қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 6 шақырымға жуық газ құбыры тартылған. Жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау жоспарланған. Нысан басында қажетті техникалар мен жұмыс күштері толық жұмылдырылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуын арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қармақшы газдандыру жұмыстары.jpg

Сонымен қатар, Қармақшы ауданында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын көрінісі - ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің тұрақты жұмыс істеуі.

2023 жылы пайдалануға берілген нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, ауыл тұрғындары мен жастар үшін спортпен айналысуға қолайлы орта қалыптастырды. Кешеннің жалпы аумағы 799,4 шаршы метрді құрайды.

Бүгінде мұнда күніне орта есеппен 80-ге жуық адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жастармен қатар ересек тұрғындар да кешен қызметін белсенді пайдаланып, денсаулықтарын нығайтуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алуда.

Спорт нысанында күрес және жаттығу залдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, дзюдо секциясы бойынша жүйелі жаттығулар жүргізіліп, жас спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуда. Білікті жаттықтырушылардың еңбегі нәтижесінде ауыл жастарының спортқа қызығушылығы артып, жаңа буын спортшылары қалыптасуда.

Қармақшы ауданы көлемінде мұндай инфрақұрылымдардың дамуы бұқаралық спорттың кеңінен таралуына ықпал етіп, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына жол ашуда.

ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені - бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болып отыр.

Қармақшы спорт саласын дамыту жұмыстары.jpg

Тағы да оқыңыз: