Kyzylorda-news.kz Әлемде түрлі деңгейде мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жуық. Бұл жалпы өмір сүріп жатқан адамдардың 15 пайызын құрайды. Кейбір мүгедек жандар өз денсаулығының шектеулігіне қарамай дені сау адамдарға үлкен көмек беріп келеді. Соның бірі – көзі көрмесе де көптеген адамды аяққа тұрғызып, өмірге құлшынысын арттырып жүрген Манарбек Қожахметов.

Кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамнан қалыс қалмай, қолынан келгенше халыққа қызмет етіп келеді. Көз жанарынан айырылса да өмірге деген құштарлығын өшірмеген. Жарының қолдауымен 7 жылдан астам уақыт бойы массаж жасаумен айналысып келеді. Соның арқасында аудандағы талай жүре алмай қалған науқастарды аяғына тұрғызып, инсульт алған адамдардың да ауруын жазып, халықтың алғысына бөленіп жүр.

– 13 жасымда менингит ауруына шалдықтым. Басыма суық тиіп, көзге жарық келтіретін тамырлар зақымданып, көз жанарымнан айырылдым. Бірақ өмірге деген құлшынысымды жоғалтпай, 2016 жылы Астанада өткен мүгедектер конференциясында массаж оқуына шақырту алып, Қытай Халық Республикасынан келген дәрігерден білім алғанмын. Сол жылдан бері Жалағашқа келіп, арнайы клиника ашып, жарыммен бірге осы кәсіппен айналысып жатырмыз. Адамның өзінде ниет болуы керек, шынайы ниет болмаса, онда қандай істе болсын нәтиже шықпасы анық. Мен де өзімді «көзім көрмейді» деп еш нәрседен шектемеймін, – дейді ол.

Иә, расында сол жылдан бері кейіпкеріміз өмірдегі өзінің миссиясын тапқандай. Себебі ем алуға келген кез келген науқас аяғына тік тұрып, алғысын жаудырып кететін көрінеді. Бірде оған 5 жыл бойы қозғалыссыз, жүруге жарамай қалған науқасты алып келеді. 6 ай бойы ем алып, массаж қабылдап емделгеннен кейін аяғына тік тұрып, мүлде ауырмаған адам секілді жүріп кеткен. Ем алушы да «қайтадан өмірге келгендей болдым» деп әліге дейін алғыс айтады екен. 

Қазіргі таңда клиникада нүктелік емнен бөлек жары Салтанат апаймен бірігіп жасайтын 10-ға жуық массаж түрі бар. Сол бойынша ем алуға келетін науқастар алдын ала жазылып келетін көрінеді. Кезекте тұратындар арасында тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге аудандар мен облыстардан да келетіндер бар екен. Мәселен, біз барған уақытта Қызылорда қаласынан келген ағамыз ем алып жатыр, оның ем алып жүргеніне бүгін екінші күн, десе де ол аз уақытта жақсы әсері барын айтады.

– Инсульт алғаныма 3 жыл болды. Жақында Манарбек жайында естіп, көптеген науқасты аяққа тұрғызғанын білдім. Сонымен бірден «ем аламын» деп шештім. Массаж жасатамын дегенше түнде ұйықтауым, жүріс-тұрыс қиын еді. Кешеден бері ұйқым да тыныш, бір жағынан жеңіл жүретін болдым. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген рас екен, Манарбек кез келген ауруды аяққа тұрғызатынына көзім жетті, – дейді қызылордалық ағамыз.

Клиниканың ішінде арнайы медициналық аппараттар да бар. Мәселен, бел ауруы бар адамдарға, инсульт алған кісілер мен ДЦП-мен ауыратын кішкентай бүлдіршіндерге арналған белесепет те табылады. Сондай-ақ кейіпкеріміз жақында ғана үкіметтен 1млн 380 мың  теңге қайтарымсыз грант ұтып, арықтатуға арналған жаңа аппарат алғанын айтады. Қазір ауданда массаждың бұл түріне сұраныс та жоғары екен.

Кейіпкеріміз жан-жақты. Тіпті музыкалық аспаптардың да құлағында ойнайды. Көз жанарынан айырылғанда небәрі 13 жаста болса да, домбыра, гитарада ойнап үйренген. Соның арқасында Аққыр ауылының ансаблінде, тіпті тойларда да өнер көрсеткен. Жарының айтуынша, әзірге дейін аспаптардан қол үзбей, бос уақытында түрлі аспапта ойнау арқылы ми тынықтырады екен. 

Расында арман-мақсаттарымыздың бетін қайтарып, өз бағымызды байлап, сананы шектеп жатқан өзіміз ғана.  Кейіпкеріміз тек өзінің ғана жағдайын жасап қоймай, халыққа да пайдасы тиетін қызмет түрімен айналысып, заман ағымына сай өзгерістерді қабылдауы қазіргі қоғамда он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір күрек таппай тентіреп жүрген жастар үшін үлкен өнеге деп білемін.

Екеуара диалог та осымен тәмам, кейіпкеріміз кезекте тұрған тағы бір науқасқа ем-шара жүргізудің қамына кірісіп кетті. Ал жары оған қолғабыс болуда. Талай науқастың дертіне дауа тапқан кейіпкеріміз алдағы уақытта жұмысын одан әрі жандандырмақ. 

– Ересектер де келіп жатады, көбіне маған ата-аналар балаларын әкеледі. Солардың барлығына сапалы ем-шара жасағасын болар, мен адамдарды емес, керісінше кезектегілер мені көп тосатын кездер көп болады. Әрқайсысына белгіленген уақытпен ем жүргізу керек, сондықтан кейде уақыт жоғалтып жатамыз, жасаған жұмысың ертең нәтижелі болмаса, тағы болмайды. Сондықтан мейлінше келушілердің дертінен толық айығуына жұмыс жасаймыз, – дейді ол. 

Тағы да оқыңыз: