Kyzylorda-news.kz Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жер жүзінде 3,5 млрд адам тіс ауруларынан зардап шегеді екен. «Қазақстан стоматологиясы» ғылыми-практикалық журналының бас редакторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Academy of Dentistry International ұйымының толық мүшесі Сәуле Есембаева «Стоматологиялық көмек: профилактикадан бастап клиника таңдауға дейін» атты онлайн дәрісінде тіске қатысты көпшілік біле бермейтін біраз дүниенің бетін ашып берді. Бұған Қызылорда облысы мен қала мамандары қатысып, біршама ақпаратты алды. Осы жөнінде толығырақ Жалағаш аудандық ауруханасында дантист Айгүл Мырзағұл баяндады.
Көпшілігіміз тіс кариесінің, қазақша айтқанда тісті құрт жеуінің инфекциялық жүрек миокардына апаратынын білмейтініміз анық. Стоматолог Сәуле Есембаеваның айтуынша, тісті емдетпей, құрт жеп қойған тістің тұқылдарымен жүре беру аталған ауруға 100 пайыз алып келеді. Бір жүрек миокардын ғана емес, панкреатитпен ауырған пациенттің қанының талдамасынан қызылиектің қанап жүруін, қанқұртты тудыратын микроорганизмдер табылған. Сонымен қатар түрлі қатерлі лейкоз, темір жетіспеушілігінен туатын анемия және эндокринді аурулардың бірсыпырасының ағзаны жүдетіп, аурухана төсегіне таңуына осы тіске қалай болса, солай қарау себепші екен. Тіпті кейде терапевт пен гематолог білмей тұрып, пациенттің ақ қан ауруына ұшырағанын стоматолог дәрігер аңдайды. Өйткені ондай науқастың тісіне ұялаған тастарды сәл тазалаймын дегенде қан бұрқ ете қалып, тоқтамай қояды. Содан көңіліне кіді алған тіс дәрігері қан талдамасына жібергенде лейкоз анықталады.
Профессор дәрісінде тістің миға жақын орналасқанын әсте естен шығармауға кеңес береді. Ол әсіресе балалар өміріне қауіпті, оларда әрбір инфекциялық үдеріс өте жедел дамиды. Біздің елде жақ-бет сүйегі бөлімдеріне қаралатын балалардың көпшілігі тістің асқынып қабынған ауруларымен түсетін көрінеді. Ал Швеция, Финляндия, Жапония жұртында кариестің алдын алуды жақсы жолға қойғандығы сондай, кариес тіпті де жоқ. Ақыр аяғында олар алда-жалда пульпит, кариес, пародонтит сынды аурулар бола қалса, қалай емдейміз деп көршілес елдерге мамандарын жіберіп, қысқа мерзімді оқулардан өткізіп жүр.
«Біріншіден, іштегі шарана үшін анасының тіс саулығы аса маңызды, егер анасында тіс ауруы болса, нәрестенің де тістері сондай болады. Екіншіден, сүт тістерін тазалау керек емес деп көп ата-ана мән бермейді. Ал сүт тістері зақымданған болса, орнына сау тіс шықпайды, ол үшін балаға тісі шығысымен күніне екі рет тісін тазалатып, ас ішкен соң аузын шайғызып отыру қажет. Осылай үйренген бала есейгенде де солай әдеттенеді. Бұл – қартайғанға дейін тіс саулығының кепілі. Тіс тазалығына мұқият болу түрлі аурудың алдын алады», деді Сәуле Серікқызы.
Сосын бала көтерген әйелдегі токсикоздың да зияны бөлек әңгіме екен. Құсқаннан соң ауыз дұрыс шайылмаса, бөлінген қышқыл тіске зақым тигізеді, бұған қоса жүкті әйелдің тістерін емдету үшін ерте келуінің де маңызы зор. Алғашқы үш айдан кейін аяғы ауыр келіншектің стоматолог креслосында 15-20 минуттен артық отыруына болмайды, өйткені іштегі шаранаға зияны тиеді. Сондықтан алдыңғы үш айдың ішінде тісті мейлінше мұқият емдеу аса қажет.