Kyzylorda-news.kz. 2023 жылы Қызылорда облысы тұрғындарының нысаналы топтарына скринингтік зерттеулер жүргізуге 2,8 млрд теңге бөлінді.

Профилактикалық тексерулердің арқасында қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Скринингтерді денсаулықтарына шағымдары жоқ және аталған аурулар бойынша есепте тұрмайтын азаматтар белгілі бір жаста өтеді.
Қызылорда қаласындағы № 3 емхананың онколог-дәрігері Айгүл Әділова біздің тілшімізге берген сұхбатында скринингтің кімге және қандай түрлерінен өту керектігін еске салды.

Айгүл Бақытбекқызы, онкологиялық аурулардың пайда болуына қандай факторлар себеп болады?
Кез келген патологияның пайда болуының басты себебі - иммундық жүйесінің жеткіліксіз жұмыс істеу. Қәтерлі ісік барлық тірі организмде бар. Біздің иммундық жүйеміз олармен күресетін болса, ісіктер пайда болмайды. Бірақ дене әлсіреген кезде және атипті жасушалармен күресуге күші аз болған кезде, олар өсе бастайды.
Негізгі себептерге зиянды әдеттер жатады - темекі шегу, алкоголь, есірткіні қолдану. Біздің ішіп-жейтініміз үлкен әсер етеді. Ластанған ауа, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, жұмыс және демалыс кестесін бұзу да иммундық жүйеге әсер етеді.

Ерлер мен әйелдер қатерлі ісік ауруын анықтау үшін қандай жүйелілікпен скринингтен өтуі керек?
Тұрғындар бекітілген емханасында учаскелік мейірбикенің шақыруы бойынша скринингтен өтеді. Скринингтен өтуге қажетті жасқа жеткен кезде азаматтар емханаға өз бетінше де жүгіне алады. 
30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Темекіні пайдалануға, дұрыс тамақтанбауға, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі. Скрининг жүргізу кезінде пациенттің денсаулығы тексеріледі. Созылмалы аурулар немесе олардың даму қаупі анықталған жағдайда пациентті дәрігерлердің қадағалауына қояды, қажетті емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі.
40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтауға арналған скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады. Скрининг осы аурулардың дамуын болдырмауға және қауіп тобындағы пациенттерді бақылауға жүргізіледі, қажет болған жағдайда — есепке алуға және емдеу мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест немесе тереңдетілген диагностика — (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистология, бейінді мамандардың консультациясын алады. 
Әйелдер 40 жастан 70 жасқа дейін сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді — екі проекциядағы маммография. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика — нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ-і, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы.
50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тест көмегімен колоректальды обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика — жаппай бейне колоноскопия, оның ішінде наркозбен, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистология, мамандардың консультациясы жүргізіледі.

Өкінішке қарай, Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі өкпе және колоректальды обырдан оқ бойы озып тұр. Бұл аурудың алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылуда?
Онкологияның бұл түрі әйелдермен қатар, ерлерде де болады. Бірақ, әйелдерде ең көп кездесетін дерттің бірі. 
Әдетте, бұл дерт сүт безі тінінде киста немесе түйін түрінде пайда болады. Бұл жасушалар лимфа жүйесі немесе қан тамырлары арқылы қоршаған тіндер мен мүшелерге таралуы мүмкін. Ауруды асқындырып алған жағдайда емдеу қиынға соғады. Маммография және самопальпация секілді медициналық тексерулер сүт безі обырын ерте анықтап, сәтті емдеу мүмкіндігін арттырады. 
40 пен 70 жас аралығындағы сақтандырылған әйелдер тіркелген емханасында 2 жылда 1 рет сүт безі обырын ерте анықтау үшін скринингтік тексеруден өте алады. Оған келесі тексеру түрлері кіреді: сүт бездеріне ультрадыбыстық зерттеу, мақсатты маммография (1 проекция), маммография (4 сурет). 
Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша тексеруге жолдама береді: пункциялық/ стереотактикалық бақылаудағы аспирациялық биопсия, трепанобиопсия, күрделілігі 3 санаттағы операциялық-биопсиялық материалдың 1 блок-препаратын гистологиялық зерттеу. 
Нәтижесі бойынша келесі дәрігерлерге жолдама беріледі: акушер-гинеколог, рентгенолог (рентгенограмманы 2-ші мәрте қарау), онколог немесе онколог-хирург, маммолог.
Айта кетейін, жұмыс берушілер скринингтерді өту үшін қызметкерлерді  жұмыс уақыты кезеңінде лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз жіберуі керек («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87 бабына сәйкес).

Сұхбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: