Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі 

Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, Талаптан ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.

Ауыл тұрғындарын енді аз күнде табалдырықтан аттайтын Жаңа жылмен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы денсаулық сақтау саласының маңызын атап өтті.

«Халық денсаулығын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің негізгі міндеті. Елімізде медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста да кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Соның бірі жақында ғана Жалағаш ауданының Мырзабай ахун ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне табыстадық. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала берсін. Жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы да жерлестерін құттықтап, игі тілегін білдірді. Еңбек ардагері Сейітмағанбет Жұманазарұлы ақ батасын берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, «Бақ-Береке» ЖШС салған амбулатория 1 қабатты, жеке бу қазандығы арқылы дизель отынымен жылытылады. Жаңа нысан алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемеге қажетті барлық жабдықтармен жарақталған.

Дәл осындай амбулатория Шиелі ауданының Ақтоған ауылдық округінде де ашылды.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

414586873_664440985877149_2088483612130989422_n.jpg

 

414501572_664441192543795_8462111708121121570_n.jpg

 

412830284_664441282543786_111766003508419037_n.jpg

 

412893430_664441102543804_5991164475964443188_n.jpg

 

411971582_664440875877160_5966608696815112350_n.jpg

Тағы да оқыңыз: