Kyzylorda-news.kz Облыстық тері-венерология диспансері маманы жұқпалы тері ауруларының алдын-алуды насихаттау мақсатында "Болашағыңды бүгін ойла!" ұранымен өткізіліп жатқан айлық негізінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат-колледжінің оқушы-спортшыларымен "Жұқпалы тері ауруларының алдын алу!" тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тері ауруының алдын алу үшін қажетті жағдайларға мыналар жатады: теріні таза ұстау, ауа өткізетін материалдардан жасалған киім кию, жақсы және ұзақ ұйқы, таза ауада үнемі серуендеу, абразиялар мен жараларды уақтылы емдеу, иммундық жүйені нығайту.
Сондай-ақ, баланың дамуы үшін, оны аурудан қорғау үшін өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары - табиғи дәрумендер мен минералдар. Мұны жүзеге асыру оңай емес, өйткені балалар көбінесе тамаққа, әсіресе пайдалы тамаққа немқұрайлы қарайды. Қоректік заттардың тапшылығының салдарынан жоғары нервтік тітіркенгіштік, энергияның аздығы, есте сақтау қабілетінің нашарлығы туындайды.
Айта кету керек, тері арқылы денеге өткен бактериялар, микробтар адамды неше түрлі індетке тап қылады. Ағзада зат алмасудың бұзылуы салдарынан болатын тері аурулары көп. Мәселен, қант диабеті кезінде көмірсу алмасу бұзылады. Ол теріні қышытып, шиқан, безеу тәрізді сырқаттарға әкеледі.
Қазіргі таңда тері ауруларының көптеген түрі бар. Мәселен, псориаз (терінің созылмалы ауруы), есекжем (экзема), нейродермит (жүйке жүйесі ауруларымен байланысты тері қабынуы).
Ал ішкі секреция бездерінің (қалқанша, ұйқы, бүйрек үсті, жыныс бездері) зақымдануы теріні өзгеріске ұшыратады. Сондай-ақ, егер теріге А дәрумені жетіспесе құрғап, жарылып кетеді. Ал С дәрумені жетіспесе түрлі пигментті дақтар, қанталаулар көбейеді. Шаш түсу, терінің бөртуі, жараның пайда болуы жүйке жүйесіне тікелей байланысты. Терінің бөртпелері мүлдем зиянсыз болуы мүмкін, мысалы, дене шамадан тыс қызып кетсе, немесе ауыр аурулардың белгілері болуы мүмкін. Тері зақымдануы пайда болған кезде дәрігерге уақтылы жүгініп, балаларды витаминдермен, микро-макронутриенттермен, минералдармен қамтамасыз ету керек.
Жұқпалы тері ауруларының алдын-алу бағыты бойынша оқушы жастарға тері аурулары туралы түсіндірме жұмыстары жасалды және ақпараттық - танымдық материалдар таратылды.
Қорлан САРЫ