Kyzylorda-news.kz. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдің болашағы деп айтамыз. Ал бүгінгі балдырғандардың денсаулығы қалай? Және балалар бөлімінің тыныс-тіршілігі қандай қалыпта? Осы сан сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Түнеукүні Шиелі аудандық көпбейінді аурухананың балалар бөлімшесіне табан тіредік. Әуелі бөлімше меңгерушісі, тәжірибелі мамандардың бірі Сәуле Исмайлова өз жұмысына тоқтала кетті.

– Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының аудандық аурухана бөлім ғимараты 2019 жылы жаңадан берілді. Ғимарат типтік нысанда салынған, барлық жаңа медициналық аппараттар және құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Жаңа аурухана 150 төсек орыннан, 14 бөлімнен құралған. Соның бірі біздің – балалар бөлімі. Балалар бөлімшесі арнайы жабдықталған 25 төсек орнынан, 2 бекеттен тұрады. Бөлім ішінде 2емшара бөлмесі, 3 интенсивті палатасы, 2 ординаторлық бөлме, ойын бөлмесі, демалу бөлмесі, асхана, мүгедек балаларға арналған арнайы жабдықталған дәретхана және себезгі бөлмелерден құралған.Мұнда барлығы 37 адам еңбек етеді. Білікті дәрігерлер, медбикелер, кіші қызметкерлер және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Кадрлардың ауысуы жоқ, әркім өз жұмысын бағалап, қатаң тәртіп сақтайды. Балалардың денсаулығы үшін бәрін жасаймыз. Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді, – деп сөз өрбітті.

Балалар бөлімшесі 14 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы және шұғыл түрде емдейді. Бөлімшеге бүлдіршіндер тыныс алу жолдары, қан айналымы жүйесі, орталық жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары сынды әртүрлі диагноздармен келеді. Әрине, балаларды диагностикалау және емдеу ересектерге қарағанда әлдеқайда қиын. Бірақ, Шиелі аудандық көпсалалы ауруханасының балалар бөлімі қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен сүйікті ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында мыңдаған бала сапалы әрі дер кезінде ем-дом алуда.

Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет керек. Ал өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. 

Тағы да оқыңыз: