Kyzylorda-news.kz. Желтоқсан айында пайдалануға берілетін 200 орындық модульды аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Нысан ашылған соң онда жатқызылатын науқастар оттегіден тапшылық көрмеуі тиіс. Себебі жоба бойынша әр төсекке арнайы жүйе арқылы оттегі келіп тұратындай етіп жасалған.

Тез тұрғызылатын модульды аурухананың аумағы 6 400 шаршы метрді құрайды. Ол 4 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда негізгі құрылыс аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, бір қабатты ғимарат 8 блоктан, әкімшілік бөлім, қабылдау диагностикалық бөлімше, операциялық блогы бар ренимациялық бөлімше, 4 палаталы блок және қарқынды терапия палатасы блогынан тұрады. Сонымен қатар рентген аппараты, компьютерлік томография және ауадан сағатына 50 текше метр оттегі өндіретін станция орнатылады.

“Келісім шарт бойынша құрылыстың құны 6 млрд 375 млн теңгені құрайды. Ауруханадан бөлек ғимарат сыртына салынып жатқан медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ғимараты бар. Ауруханаға кіріп-шыққан машиналарды дезинфекциялайтын блоктар болады. Сонымен қатар 38 автокөлікке арналған автотұрақ бар”, – дейді Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов.

Құрылысты “Каспако” ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер компания бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы модульды ауруханаларды тұрғызған.

Сыр өңіріндегі аурухана жұмысына 800-ге жуық азамат тартылған. Ал аурухана іске қосылған кезде алдын ала белгіленген шататтық кесте бойынша қажетті мамандармен қамтылады.

Тағы да оқыңыз: